Батыл қадам жасайтын уақыт

Қазір көпшілік арасында кезектен тыс сайлауды қоя тұруы керек еді, оған қажеттілік жоқ деген сыңайда пікірлер айтылып жүр. Менің ойымша, қажеттілік бар. Әлемдегі, көршілес мемлекеттердегі геосаяси жағдайларға үңілсек, бұл дәл қазіргі уақытта жасалуы тиіс нақты қадам. Өзгеріссіз Жаңа Қазақстанға аяқ баса алмаймыз.

Бизнесте болсын, адамдарды басқарғанда да әкімші ретінде кез келген міндеттің мерзімі мен жоспары болуы тиіс. Мысалы, Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Германияның, ұлы дағдарыстан кейін Американың дамуына көз жүгіртетін болсақ, белгілі бір жоспары болса, жеті жыл ішінде алға қойған мақсаттарға жетуге болатынын көреміз. Егер біз сайлауды биыл емес, 2024 жылы өткізетін болсақ, осыған дейін бастап қойған реформалар аяқсыз қалады. Сондықтан, әуелі осы саяси бастамалары жүзеге асырып барып, елді жан-жақты дамытқан дұрыс деп ойлаймын. Қазір жағдай оңай емес, осындай шақта әлсіз болуға болмайды. Мұны халықтың басым бөлігі түсінеді деп ойлаймын. Қоғам белсенділері ретінде еңбек ұйымдарының мүшелерімен, студенттермен кездесеміз. Сонда адамдардың экономика мен саясатқа көп мән бере бастағанын байқадым. Қаңтарды еске алып, қазіргі өзгерістерге қарап, жаңалық күтетін сияқты. Екінші жағынан сайлауға қатысты ақпарат ашық әрі өте жылдам берілуде. Мұның да үлкен әсері бар. Бұрын басшылар арасындағы шешімдерді біз кештеу еститінбіз. Сонда «бәрібір ештеңе шешпейміз ғой» деген ой келетін. Бүгінде қазір қабылданған шешім

бірден айтылып, жарияланып жүр. Және ол ел арасында да, әлеуметтік желіде де белгілі бір пікір қалыптастыратыны анық. Қоғам мен мемлекеттің арасындағы байланыс артты деуге болады. Ол байланыстың көзбояушылық емес, шынайы екендігі қуантады. Тоқсаныншы жылдары осындай сезім болып еді. Қазір сол сәт қайтып келгендей сезімдемін.

Президенттікке кандидаттар арасында әйел адамдардың болуы дұрыс деп санаймын. Қазір гендерлік саясат бойынша саясаттағы әйелдердің үлесі 30 пайыз болуы тиіс. Жалпы, әйел адам кез келген мәселеде асығыс шешім қабылдамай, көп ойланады. Оның үстіне, үйдің берекесін кіргізіп отырғандықтан, табысты арттыруға тырысады. Мәселен, Словакияның әйел президенті кіп-кішкентай мемлекетті басқарып отыр. Негізі әйел адам әлеуметтік мәселелерді ерлерге қарағанда жақсы сезінеді деп ойлаймын. Алайда, дәл қазіргідей уақытта елді ер адамның билегені дұрысырақ. Себебі, ер мінез көрсететін нақты шешімдер мен батыл қадамдар керек. Дегенмен, ел Үкіметінде, Парламент пен Мәжілісте әйелдердің көбірек болғаны дұрыс.

Айжан ҚИЯСОВА, облыстық қоғамдық кеңес мүшесі