Спорт

Батутта басым түсті

Қарағандыдағы «Жас­тар» спорт кешенінде батут­тық гимнастикадан VI жас­тар спорт ойындары өтті. Үш күнге созылған байрақты бәсекеге елдің тоғыз өңірінен 200-ден астам спортшы қатыс­ты. Ашылу салтанатында облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Серік Сәпиев арнайы қатысып, спортшыларға жылы лебізін білдірді.

Суретті түсірген автор

Батут гимнастикасы – жастар арасындағы танымал спорт түрі. Бүгінде түрлі деңгейдегі турнирлер өткізілуде. Бірақ, дәл осы жастар спорт ойындары елімізде төрт жылда бір мәрте өткізіледі екен. Жалпы, бұл дода үш бағдарлама бойынша өтті. Яғни, батут, акробатикалық жолақ және қос минитрамп аталымында сынға түсті. Төрешілер спортшылардың жаттығуды орындау техникасына, секіру биіктігі мен элементтерінің күрделілігіне қарай бағалап, жүлделі орындармен марапаттады.

– VI Жастар спорт ойындарының ашылуымен баршаңызды құттықтаймын. Бұл – үлкен спорттық оқиға. Танымал спортшымыз Данил Мусабаев жас гимнасттарды қолдау үшін ұлымен бірге келіп отыр. Баршаңызға тек рес­публикалық деңгейде ғана емес, халықаралық аренада да сәттілік тілеймін, – деді Серік Жұманғалиұлы.

Қарағанды спортшылары аталған спорт түрінен үнемі үздіктердің қатарынан көрініп жүр. Тіпті, командалық есепте де жүлдегерлер санатынан түскен емес. Солардың қатарында жерлесіміз Екатерина Кажмекина да бар. Спортшы осы бәсекеде 17-21 жас санатында өнер көрсетіп, алтыннан алқа тақты.

– Осы спорт түріне мені ата- анам алып келді. Ол кезде мен бес жаста едім. Содан бері бірнеше жарысқа қатысып, жүлделі орындардан көріндім. Жетістіктерім аз емес. Әрине, осы спорт түріне баулыған әке-шешеме алғысымды білдіремін. Бұл – менің соңғы әрі бірінші турнирім емес. Алдағы уақытта әлі де бәсекелер болады. Соған дайындаламын. Осы жарыс­та шамалы қобалжыдым. Бірақ, жаттықтырушымның нұсқауымен жұмыс істедім. Командам үшін, әрі ата-анамның үміті үшін барымды салдым, – деді спортшы.

Ал, 12 жастағы қарағандылық Александра Лямкина – спорт шеберлігіне үміткер. Жас спортшы спортшылар әулетінде дүниеге келген. Анасы – көркем гимнастикада, әкесі – жүзумен айналысады екен.

– Гимнастика үйірмесіне осыдан алты жыл бұрын мені анам алып келді. Осы уақыт аралығында түрлі жарыстарға бардым. Астана қаласында өткен Қазақстан чемпионатында батуттан І орынды иелендім. Өзім батут пен қос минитрамп бойынша өнер көрсеттім, – деді ол.

Жарысқа келген Өскемен құрамасының спортшылары да үздік нәтиже көрсетті. Солардың қатарында Манат Адал да бар. Ол 15-16 жас санатында жеңімпаз атанды.

– Бұл – менің байрақты бәсекеден алған ең бірінші жүлдем. Себебі, дәл осы спорт түрінен мұндай ауқымды жарыстар әр төрт жылда бір-ақ рет өткізіледі. Жарыс кезінде қатты қобалжыдым. Дегенмен, команда үшін бар күш-жігерімді салдым. Осы спортқа әкем мені төрт жасымда алып келді. Басында барлығы қиын еді. Уақыт өте келе, барлық тәсілді меңгеріп алдым, – дейді өскемендік спортшы.

Жарыс қорытындысы бойынша жалпыкомандалық есепте облыс құрамасы үздік атанды. Қарағандылықтар қоржынға 12 алтын, 12 күміс және 14 қола медаль салды. Ал, одан кейінгі сатыда – Павлодар спортшылары. Үздік үштікті Шығыс Қазақстан облысының спортшылары түйіндеді.

Шынар ЖҰМАЖАН,
Қарағанды зерттеу университетінің
ІІ курс студенті

Басқа материалдар

Back to top button