АймақБас тақырыпБұқар жырау

Басынан бақ тайған Қаныш бағы

Бұқар жырау ауданының Үлгі аулындағы Қаныш бағының басынан бақ тайып, бүгінде бірсыпыра ағашы орынды-орынсыз оталып, кесіліп тасталған.

Суреттер автордан

Кезінде қазақтың ұлы ғалымы Қаныш Имантайұлы Сәтбаев 1950 жылы Қарағанды облысының ауылдық округтерінен Республика Жоғарғы Кеңесіне депутаттыққа ұсынылып, үлгілік сайлаушылардың аманаты бойынша Қазақстан Ғылым Академиясы Ботаникалық бағының Қарағанды бөлімшесінен сан алуан жеміс және терек, акация ағаштарының көшеттерін жеткіздіріп, алғашқы шыбығын өзі қадап кетеді. Сол уақытта Иманбай ақсақалдың үйретуімен осындағы орта мектептің оқушылары талдан тоқыған шарбақпен қоршап, оны мұнда соғыс кезінде жер аударылып келген чешен шалы Тулуп күзеткен көрінеді.

Үлгіде туып-өскен біздің балалық және жастық шағымыз осы бақтың ішінде өтті. Ертелі-кеш балалар асыр салып, доп теуіп, волейбол ойнап, үлкендер көк майсада мәжіліс құрып отыратын тамаша демалыс орны еді ғой бұл. Сонау тоқсаныншы жылдан бастап ауылдан ел үдере көшіп, қазір 5-6 үйі ғана қалған Үлгідегі Қаныш бағының да күйі қашып, ішіне белуардан шөп өсіп, баяғы думаны мен сәнінен айырылған.

Тек 2022 жылдан бері Үміткер ауылдық округінің әкімдігі оны қайта жаңғыртуды қолға алып, сыртын қоршап, электр желісін тартып, орнына қойылған Қаныш мүсінінің айналасына жиектас төсеп, орындықтар қойған еді. Өткен жылы Қанағаңның 125 жылдық тойында аудандық әкімдік қызметкерлері мен аудандық мәслихат депутаттарының ынтасымен отырғызылған 125 қайың көшетінің, өкінішке орай, тең жарымынан астамы қурап қалыпты. Өйткені оны суарып, күтіп-баптайтын адам жоқ. Енді биыл әкімдік ондағы ағаштардың басын қырқып, тәждеу үшін конкурс жариялаған болатын. Заңды және жеке 5 тұлға түскен конкурстың 464285 теңгелік лотын ұтып алған “Али” ЖК басшысы Шарбат Мұқышевамен тапсырыс беруші “Үміткер ауылдық округі әкімінің аппараты” ММ арасында 2025 жылдың 28 сәуірінде сол 464285 теңгеге көрсетілетін қызметтерді мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасалып,оның техникалық сипаттамасы бекітілген-ді. Ол шарт қазынашылық органдарында тіркелген соң, қызмет көрсетуші (“Али” ЖК) 21 мамырда бұл жұмыстарды бастап жібереді. Оның өзінде нысан басына аталған ЖК басшысы Шарбат Мұқышева келмей, ұлы Айдос бір жолдасымен жүктиегіш және “КамАЗ” көлігімен шынжырлы электрлі арасын алып жетіпті. Ал техникалық сипаттамада көрсетілген автокраны мен автомұнарасы болмаған. Оларды да әкелуге уәде берген екеуі бойлай өскен терек ағаштарына жүктиегішті тіреп қойып кесуді бастаған кезде ауылдық округтің әкімі Ерсін Зәлелов оның биіктігі 4 метрден кем болмауын ескертіп, түбірімен жұлынатын ағаштарды көзге шұқығандай көрсетіп берген. Бастапқыда бұл талапты сақтаған олар ауыл әкімінің көзі тайысымен қалған ағаштарды жаппай 1 метр биіктікте кесуге көшкен ғой. Алып келген жүктиегіші де жайына қалып, автокраны мен автомұнарасы да келмей, нәтижесінде қабығы сыдырылғаны, қысқа оталғаны бар. Барлығы 114 ағаш бүлінген. Мұндай жөнсіздікті көрген ауыл тұрғындарының қаққан дабылы мен жанайқайынан кейін бұл жұмыстар дереу тоқтатылып, қазір келтірілген шығын мөлшері есептелуде.

Осыдан кейін комиссия акт жасап, оны аудандық полицияға үтапсырып, іс қозғалмақ. Ол іс сотқа түсіп, соттың шешімі шыққан соң ғана осындай сорақылыққа жол берген кінәлілер анықталып, жазаларын алатын болады. Бір таңқаларлығы, осы жұмыстардың лотын ұтып алған Шарбат Мұқышева осындай шу шығып жатқанда да төбе көрсетпеген. Ерсін Зәлелов оның аты-жөнін білгені болмаса, түр-түсін де көрмеген екен.

..Сот бұл істі қарап, шешімін шығарып, оған кінәлілер тиісті жазаларын алсын-ақ дейік. Алайда онымен Қаныш бағының басынан ұшқан бағы қайыра қонып, жайқалған желегі қайта көктей ме?!Қайдам…

Ержан ИМАШ
Бұқар жырау ауданы

Басқа материалдар

Back to top button