Басымдық – қызмет сапасында
Денсаулық сақтау – ұлт әл-ауқатының негізі әрі елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының маңызды көрсеткіші. Оның жағдайы халықтың өмір сүру ұзақтығына және қоғамның жалпы жұмыс қабілеттілігіне тікелей әсер етеді. Өткен жыл бойы кадрлық әлеуетті дамыту, медициналық қызметтердің сапасын арттыру және инфрақұрылымды жаңғырту бойынша жұмыс жүргізілді. Бұл денсаулық сақтау жүйесін нығайтуға ықпал етті.
Денсаулық сақтаудың тиімділігі көбінесе қызметкерлердің білімін, дағдыларын және мотивациясын қоса алғанда, кадрлардың дамуымен айқындалады.
Облыста 15 710 медицина қызметкері жұмыс істейді, оның ішінде 5 мыңнан астам дәрігер және 10 мың орта медицина маманы бар. Ауылдарда 391 дәрігер және 1 408 орта медицина қызметкері жұмыс істеп жүр. Кадр тапшылығы 64 бірлікті құрайды, оның 17-сі ауылдық жерлерде. Соңғы екі жылда тапшылық 62%-ға қысқарды. Біршама тапшылық Балқаш, Теміртау, Ақтоғай және Бұқар жырау аудандарында байқалады. Мәселені шешіп, жас мамандарды тартуға және медицина қызметкерлерін материалдық қолдауға бағытталған 2024-2026 жылдарға арналған кадрлық стратегия әзірленді. Екі жыл ішінде 563 маман тартылды, биыл 210 жас маман жұмысқа алынды, оның 106-сы ауылдық жерлерге жіберілді.
Әлеуметтік қолдау шеңберінде көтерме жәрдемақылар, қызметтік тұрғын үй және ипотекалық несиелер беріледі. 2024 жылы 63 маманға 407 млн теңге көтерме жәрдемақы төленіп, ауылға келген 106 дәрігерге көмек көрсетілді. 203 қызметтік пәтер берілді. Қарағанды қаласында тұрғын үй кешенін салу және Нұра ауданында 14 пәтерлі үйді пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Біліктілікті арттыру үшін биыл 300 млн теңге бөлінді. 106 дәрігер шетелде оқып келді, соның арқасында жоғары технологиялық емдеу әдістерін енгізу мүмкіндігі пайда болды. Әр медициналық ұйым қызметкерлерді қайта даярлауға және оқытуға қаражат қарастырды. Былтыр 8 мыңнан астам адам оқытылды, биыл бұл жұмыс жалғасын табады.
Сонымен қатар, кадр тапшылығын жою үшін жыл сайын білім беру гранттары бөлінеді. Мәселен, 2024 жылы 569 млн теңгеге 93 грант бөлінді. Қазіргі кезде жергілікті бюджет есебінен 182 резидент оқып жатыр, оның 52-сі биыл бітіріп шығады (акушер-гинекологтар, неврологтар, психиатрлар және басқалар). Балқаш пен Теміртаудың ауданаралық ауруханаларында 40 түлек жұмыс істеуге тартылады, олар жұмысын биылдан бастайды деп жоспарланған.
Биыл алғаш рет «бакалавр» дәрежесін бере отырып, жоғары немесе жоғары оқу орнынан кейінгі білімге ақы төлеу үшін облыс әкімінің білім беру грантын ұсыну жоспарлануда. Іріктеу педиатрия және терапия саласындағы мамандарды даярлау үшін мектептер мен медициналық колледждердің түлектері арасында жүргізіледі. Бұл денсаулық сақтау жүйесіндегі кадр тапшылығын шешуге көмектеседі.
Жалпы практика дәрігерлерінің тапшылығын шешу үшін орта медициналық персонал қосымша өкілеттіктер беріле отырып, «Қолданбалы бакалавриат» бағдарламасы бойынша оқытылады. Өткен жылы алғаш рет мейіргерлік қабылдау жұмысы ұйымдастырылды: жоғары білімі бар мейіргерлер өз бетінше қабылдау жүргізіп, пациенттерге консультация береді, бұл учаскелік дәрігерлердің жүктемесін төмендетіп, қабылдау уақытын ұзартты.
Медицина қызметкерлеріміз республикалық деңгейде жоғары бағаланғанын да айтып өтуіміз керек. Облыстық клиникалық аурухананың хирургиялық орталығының басшысы Борис Цхай алғаш рет Республика күніне орай «Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері» құрметті атағына ие болды. «Үздік ауылдық мейіргер» номинациясында Осакаров аудандық ауруханасының қызметкері Татьяна Шкляревич марапатталды.
Медициналық ұйымдарда материалдық-техникалық базаны жетілдіру және қолайлы жағдайлар жасау – медициналық қызмет көрсету сапасын арттырудың маңызды факторы.
Былтыр ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту шеңберінде ауылдық жерлерде 21 медициналық нысан салынды, тағы 27 нысанды беру қарастырылуда. Ал, биыл 51 медицина мекемесі салынбақ.
Теміртау мен Балқаш қалаларында екі ауданаралық аурухана жаңғыртылды. Бұл өңір тұрғындары үшін медициналық көмекке қолжетімділікті айтарлықтай жақсартуға мүмкіндік береді. 10 объектіде күрделі жөндеу жүргізілді, ал, 5 объектіде екі жылдық жөндеудің бірінші кезеңі басталды. 17 объектіде ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Онкологиялық аурулары бар пациенттерге қызмет көрсету сапасын қамтамасыз ету бойынша жұмыс жалғасуда. Сәулемен емдеудің алтын стандарты ретінде танылған томотерапияны енгізу онкологияда жаңа мүмкіндіктер ашады. Былтыр Қарағандыда ашылған елдегі үшінші орталық дәстүрлі сәулеленуді жоғары дәлдіктегі томографиямен біріктіреді. Бұл сау тіндердің зақымдануын азайта отырып, ісіктермен тиімді күресуге мүмкіндік береді.
«Қазақстан халқына» қорының қолдауының арқасында Halcyon моделінің желілік үдеткіші орнатылды. Онкологиялық диспансерде 106 орындық жаңа химиотерапия корпусы ашылды. Тәулігіне 100 пациентке дейін қабылдайтын күндізгі стационарлардың жағдайы жақсарды. Онкологиялық диспансердің консультативтік-диагностикалық орталығында басталған екі жылдық күрделі жөндеу жұмысы биылғы наурызда аяқталады. Қарағандыда 2021 жылы басталған облыстық онкологиялық диспансердің операциялық-реанимациялық блогының құрылысы қайта жанданды. Сонымен қатар, облыс орталығында «Orhun Medical» ЖШС-мен ынтымақтастықта онкологиялық науқастарға арналған ПЭТ/КТ орталығын салу жұмыстары басталды. Жобаны іске асыру пациенттерге жоғары білікті медициналық көмекті тікелей осы жерде алуға мүмкіндік береді.
19 бірлік қымбат жабдық сатып алынды. «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының жобалары аясында 1 млрд теңге сомасына 3 бағдарлама іске асырылды: пульмонология, комбустиология және кардиология. Келесі жылға тағы 4 жоба жоспарланған.
MED365 жобасы аясында 35 ауылдық жерде медициналық қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын жақсарту үшін Digital Med 365-тің 40 мобильді кешені енгізілді. Қаңтар айында тағы 56 ауылды қосу жоспарлануда. Кешендер медициналық қызметтерге дейінгі уақыт пен қашықтықты қысқартты, үйде жасалатын диагностиканы жеңілдетті және фельдшерлердің ауруханалармен өзара әрекеттесуін жақсартты, емдеу сапасын арттырды.
Көпбейінді облыстық балалар ауруханасын дамытуға ерекше назар аударамыз. Балалар хирургиясы мен травматологиясы үшін нейрохирургиялық қызметке арналған жаңа жабдық сатып алынды.
Бұл күрделі нейрохирургиялық операцияларды жүргізуге, сондай-ақ, балалар отоларингологиясына кохлеарлық имплантацияны енгізуге мүмкіндік берді. Неврологиялық аурулары бар балаларға арналған ерте оңалту орталығының ашылуы емделген науқастардың санын екі есеге арттырды. Сондай-ақ «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен құрылған заманауи технологиялармен жабдықталған мүгедек балаларға арналған оңалту орталығы ашылды.
Инсульт және жіті миокард инфарктісі кезінде медициналық көмектің қолжетімділігі проблемаларын шешу үшін біз ТАКА-орталықтар мен инсульт орталықтары желісін белсенді дамытып жатырмыз. Биыл профессор Х.Мақажанов атындағы көпбейінді аурухана базасында III деңгейдегі ТАКА-орталық ашылды. Нейрохирургиялық көмектің сапасын арттыру үшін заманауи ангиограф және компьютерлік томограф сатып алынды.
Сонымен қатар, «Ақжан» клиникасында заманауи ангиограф және компьютерлік томографпен жабдықталған III деңгейдегі 25 төсек орындық инсульт орталығы ашылды. Клиникада жоғары білікті нейрохирургтар жұмыс істейді. Инсульт орталықтарының желісі аудандардан бастап, облыс орталықтарына дейін кеңейтілді. Жалпы ересектер мен балалар нейрохирургиясы, кардиохирургия және онкохирургия саласында жаңа операция әдістері енгізілді.
Тағы бір маңызды бағыт – жедел жәрдем жұмысын ұйымдастыру, пациенттерге шұғыл мамандандырылған көмек көрсету. Азаматтарымыздың өмірі мен денсаулығы жедел жәрдем бригадасының жолға қойылған әрекеттеріне байланысты. Шұғыл көмектің сапасын арттыру мақсатында Балқашта алғашқы жедел медициналық көмек қосалқы станциясы ашылды. Қарағандыда да жаңа қосалқы станция салу және жедел көмек паркін 100% жаңарту жоспарлануда.
Өткен жылы ауқымды скринингтік бағдарламалар жүргізілді, соның арқасында ерте кезеңдерде 20 мыңнан астам ауру анықталғанын атап өткен жөн.
Медициналық қызметтердің сапасын арттыру үшін Үздік тәжірибелер орталықтары арқылы жандандырылатын алғашқы медициналық-санитарлық көмек белсенділендірілді. Қазіргі кезде 5 орталық жұмыс істейді, ал осы жылдың соңына дейін олар облыстың барлық емханаларын қамтиды. Денсаулық сақтаудың ашықтығын қамтамасыз ету үшін патронаж қызметі, қоғамдық мониторинг және кері байланыс енгізілді. Қорды ішінара ұстау пилоттық жобасына 78 отбасылық дәрігер жұмыс істейтін Қарағанды және Теміртау емханалары қатысады.
Жыл қорытындысы бойынша біз облыс халқының денсаулық көрсеткіштеріндегі біршама өзгерістерге қол жеткіздік. Өмір сүру ұзақтығы 72,3-тен 73,4 жасқа дейін ұлғайды. Қан айналымы жүйесі ауруларынан болатын өлім-жітімнің 6,9%-ға төмендеуі байқалады. Алайда, жазатайым оқиғалардан, оның ішінде жол-көлік оқиғаларынан болатын өлім-жітім 12%-ға артты.
Онкология саласында 192 465 адамды қамтыған скринингтік зерттеулер жүргізілді (жоспардың 100,3%-ы). Бұл 13 808 ісікті, оның ішінде, 3 766 қатерлі ісікті ерте анықтауға мүмкіндік берді. Дифференциалды диагностика және қосымша тексеру облыстық онкологиялық диспансердің базасында жүзеге асырылды. Ең көп таралған аурулардың қатарына сүт безі, жатыр мойны және колоректальды қатерлі ісік жатады. Заманауи жабдықтармен қамтамасыз ету және ерте диагностика онкологиялық науқастардың өмір сүру ұзақтығының жақсаруына ықпал етті және 58,5%-ды құрады.
Былтыр 14 636 бала дүниеге келді. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 7,6%-ға аз. Ана өлімінің бір жағдайы тіркелді, сәбилер өлімінің көрсеткіші 5,9% деңгейде. Акушерліктегі ауыр жағдайлардың үлесі 37%-ға төмендеді, жүкті әйелдерді ерте қарау саны 50%-ға өсті, сондай-ақ, абсолютті қарсы көрсетілімдері бар жүктілік 5%-ға қысқарды.
Медициналық қызмет көрсету сапасын жақсарту бойынша жұмыстар жалғасуда.
Бибігүл ТӨЛЕГЕНОВА,
денсаулық сақтау
басқармасының басшысы