Басымдықтар айқындалды
Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Құрылтай отырысында сөйлеген сөзі мемлекет дамуының қазіргі кезеңіндегі негізгі басымдықтарды айқын көрсететін, терең мазмұнды әрі жан-жақты ойластырылған стратегиялық баяндама. Мемлекет басшысы өз сөзінде қоғамның ішкі тұтастығын нығайту, ұлттық құндылықтарды жаңғырту, әділетті мемлекет қағидаттарын орнықтыру және ұзақ мерзімді даму мақсаттарына қол жеткізу мәселелеріне айрықша назар аударды.

Президенттің басты ойларының бірі – ұлттық бірлік пен жауапкершілік мәдениетін қалыптастыру. Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамдық келісімнің тек декларативті ұғым емес, нақты іс-әрекетке негізделген өмірлік ұстаным болуы керектігін атап өтті. Бұл ретте заң үстемдігі, азаматтардың құқықтары мен міндеттерінің теңгерімі, әділеттілік пен ашықтық қағидаттары мемлекет пен қоғам арасындағы сенімді нығайтудың басты тетігі ретінде айқындалды.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы білім мен ғылымды ұлттық дамудың тірек діңгегі ретінде қарастырып, адами капиталдың сапасын арттыру елдің жаһандық бәсекеге қабілеттілігін айқындайтынын нақты айтты. Президенттің бұл тұжырымы қазіргі заман талаптарына толық сәйкес келеді. Себебі инновациялық экономика, технологиялық серпіліс пен өндірістік жаңғыру тек білікті мамандар мен ғылымға негізделген саясат арқылы ғана жүзеге асады.
Президент сөзінің маңызды қыры – жастар мәселесіне арналған нақты көзқарасы. Қасым-Жомарт Тоқаев жастарды мемлекеттің стратегиялық ресурсы ретінде бағалап, олардың сапалы білім алуына, азаматтық жауапкершілігінің қалыптасуына және ел болашағына белсенді қатысуына жағдай жасау қажеттігін атап өтті. Бұл – формалды үндеу емес, керісінше, ұзақ мерзімді мемлекеттік саясаттың өзегі.
Абай ҚАЛЫҚОВ,
Ә.Сағынов атындағы
Қарағанды техникалық университетінің проректоры, облыстық мәслихат депутаты



