Жаңалықтар

Басылымның ақ жаулықты оқырманы

Газетіміздің тұрақты оқырманы, Шет ауданының Еңбекшіл ауылының тумасы Рыс Талмекеева 80 жасқа келді. Зейнеткер күні бүгінге дейін басылымнан бір елі ажырамай, берен дос­тықтан айнымай келе жатыр. Осы орайда зейнеткерге құрмет көрсету мақсатында шағын лебіз білдіргенді жөн көрдік.

Сурет: кейіпкердің жеке мұрағатынан

Арқа өңірінің үніне айналған басылымның оқырманы 1944 жылы Шет ауданының Еңбекшіл ауылында туған. Рыс Арысбекқызы мен жұбайы екеуі 5 баланы өмірге әкеліп, ұлын – ұяға, қызын қияға қондырған. ­М.Горький мектебінде қызмет атқарып, кейін кітапханада жұмыс істеп, одан кейін аудан әкімдігінің ұйымдастыру бөлімінде абыройлы қызмет атқарды.

2002 жылы зейнетке шыққалы «Ortalyq Qazaqstan» газетінің ең белсенді оқырманының ел газетінде не жарияланғанына құлақ түріп отыруы – ежелгі дағдысы.

– Әкем ұсталықпен, анам үй шаруасымен айналысты. Күнделікті болып жатқан хабар-ошарға кәдімгідей елеңдеп отырамын. Балалар көңілімді жықпай, «Орталық Қазақстан» сынды газеттердің қызықты деген мақалаларын дауыстап оқып беріп тұрады.
Ұрпаққа өнегелі тәрбие беру – бәріміздің ортақ міндетіміз. Бар білген-түйгенін арқалап, жас жеткіншектердің жүрегіне жеткізбек ниетте бір сәтке тыным таппай, әр жас өренді имандылыққа, мейірім мен жауапкершілікке, отансүйгіштік, еңбекқорлық қасиеттерді дарытуға тиіспіз, – дейді Рыс Арысбекқызы.

Зейнеткер қай маман иесі болсын, адамды танытатын, абыройын асыратын қасиеті – біліміне сай біліктілігі, мәдениеттілігі мен қарапайымдылығы екенін айтады.

2004 жылы Рыс Арысбекқызы Приозерск қаласы ардагерлер кеңесінің төрайымы болды. Тіл және газет жанашыры бүгінде газетке мақала жазып тұрады.

Газетіміздің қарт оқырманына лайықты құрмет көрсетіп, ғибратты ғұмырын басқаларға үлгі, жастарға өнеге ету – басты мақсат.
Рыс апа, сексен жастың жақсылығын сезініп, қуанышын көріңіз.

Аяулым СОВЕТ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button