Бас тақырып

Басты мақсат – сапалы жұмысшыларды дайындау

Мемлекет басшысының бастамасымен жарияланған Жұмысшы мамандықтар жылының Қарағанды өңірі үшін маңызы зор. Өлкенің еңбек нарығының жартысына жуығын жұмысшы мамандар құрайды екен. Бұл – тау-кен және өңдеу өнеркәсібінде, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығында, құрылыс, ауыл шаруашылығы, т.б. салаларда жұмыс істейтін 300 мыңға жуық маман.

Сурет облыс әкімдігінің сайтынан

Қарағанды өзінің республиканың индустриалды орталығы екенін мақтан тұтады. Сондықтан, оның алдағы уақытта ел аумағындағы жұмысшы мамандарды дайындау орталығына айналуы қисынды.

Сондықтан, біз алдымызға үлкен мақсат қойдық. Ол – кәсіптік-техникалық колледждерде білім беру сапасын халықаралық стандарттарға жеткізу. Бұл үшін Қытай, Германия, Түркия, Финляндия сияқты елдердің оқу орындарымен және компанияларымен тәжірибе алмасуды жолға қоямыз.

Индустриалды өлкеде жалпы саны 52 колледж бар. Қазір барлық колледждердегі білім беру жүйесін кластерлеуді қолға алдық. Яғни, олардың әрқайсысы білім беру, құрылыс, энергетика, IT және байланыс, тау-кен өнеркәсібі, жеңіл өнеркәсіп, машина жасау, ауыл шаруашылығы сияқты сегіз бағыт бойынша кәсіби маман дайындауға бейімделеді.

Бұған қоса, Теміртау мен Қарағандыдағы екі политехникалық колледжді халықаралық аккредиттеуден өткізуге ниеттіміз. Тағы бір жақсы жаңалық – колледждегі оқу жүйесі кәсіпорындардағы практикалық сабақтармен ұштастырылады. Яғни, студенттер теориялық біліммен қатар өндірістегі кәсіпқой мамандардан шеберлік сағаттарынан өтіп, тәлімгер атанады.

Айта берсек жаңалық көп. Айтпақшы, биыл колледждерге арналған гранттар санын 1100-ге арттырдық, яғни биылдың өзінде студенттер саны 9200-ге жетті.

Бастысы, біздің мамандар ұлттық экономиканың тасын өрге домалататын нағыз кәсіпқой болуға тиіс. Адал еңбегімен елдің берекесін арттыратын мамандарға мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау беріледі. «Еңбек түбі – береке» деген мәтел өмір шындығына айналуы керек.

Әлібек ӘЛДЕНЕЙ,
Қарағанды облысы әкімінің орынбасары

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button