«Басты мақсат – адам өмірін сақтау»
Күн санап, көлік саны көбейген сайын жол-көлік оқиғасы да жиі. Жол-көлік оқиғасының көбі – көлік жүргізушілері мен жаяу жүргіншілердің жол жүру ережесін сақтамағандығынан. Қарапайым мысал, қала ішінде күніне 2-3 жол-көлік оқиғасын көресіз. Қазір бұл мәселе өзекті проблемаға айналып отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша жыл басында жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру мақсатында бірқатар заңнамалық және әкімшілік өзгерістер күшіне енген болатын. Осы өзгерістер туралы кеңірек білу мақсатында Қарағанды қаласының әкімшілік құқықбұзушылық істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының сот төрағасы Амантай Әбдікамаловпен сұхбаттасудың сәті түсті.

– Амантай Жұмаділдаұлы, жол қозғалысы қауіпсіздігіне қатысты 2025 жылы енгізілген өзгерістер жайында айтып берсеңіз. Бұл жаңашылдықтар нені көздейді? Қандай негізгі бағыттар қамтылған?
– 2025 жылдың 13 наурызында жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру мақсатында бірқатар заңнамалық және әкімшілік өзгерістер күшіне енді. Ондағы негізгі бағыттар – жылдамдық режимін бақылауды күшейту, жеке жеңіл мотокөліктер мен электр көліктерін реттеу, жол белгілеріне қатысты тәртіпті нақтылау және айыппұл мөлшерін қайта қарау. Сала мамандарының сараптауынан өтіп, енгізілген бұл өзгерістердің басты мақсаты – жол-көлік оқиғаларының санын азайту және барлық жол қозғалысына қатысушылардың жауапкершілігін арттыру, адам өмірін сақтау.
– Соңғы кездері көп айтылып жүрген «орташа жылдамдықты есептеу жүйесі» нақты қалай жұмыс істейді? Жүргізушілер үшін оның артықшылықтары мен жауапкершілігі қандай?
– Бұл жүйе екі бақылау нүктесі арасындағы нақты уақытты өлшеп, көлік жылдамдығының орташа деңгейін есептейді. Егер, орташа жылдамдық рұқсат етілген деңгейден асса, онда жүргізушіге айыппұл салынады. Аталған жүйенің артықшылығы – жылдамдықпен қатар, бүкіл аралықтағы қозғалыс тәртібін бақылауға әлеуетті. Яғни, жүргізушілерді үнемі тәртіп сақтауға жетелеп отырады. Қайтсек те, жол-көлік оқиғаларының санын азайтып, қауіпсіздікті бірінші орынға қоюды үйренуіміз керек.
– Мопед, электр самокат және жеңіл мотокөлік жүргізетін азаматтарға қатысты талаптар күшейтілді. Бұл өзгерістердің тиімділігі қандай болады деп есептейсіз?
– Енді, мопед, электр самокат және жеңіл мотокөлік сынды көлік құралдарын басқарушы азаматтар арнайы жүргізуші куәлігіне ие болуы тиіс. Сонымен қатар, басына қауіпсіздік шлемін кию және көлік құралын заң орындарына барып, тіркеу міндеттеледі. Бұл талаптар қозғалысқа қатысушылардың өмірін сақтау мен тәртіпті нығайтуға бағытталып отыр. Өйткені, оның арғы жағында азаматтарымыздың қауіпсіздігі тұрғандықтан, қазір ұсақ-түйек техника деп немқұрайдылыққа жол беруге болмайды. Жол қозғалысына қатысушы әрбір техника тіркеліп, иелері жол жүру ережесі мен бекітілген қауіпсіздік қағидаттарын қатаң сақтауы қажет.
– Жол ережесін бұзғаны үшін салынатын айыппұл мөлшерлеріне де өзгеріс енді. Қазір жүргізушілер қандай сомадағы айыппұлмен бетпе-бет келуі мүмкін?
– Айыппұл мөлшері 5 АЕК-тен бастап, 50 АЕК-ке дейін жетуі мүмкін. Ең ауыр бұзушылықтарға жылдамдықты шамадан тыс асыру, мас күйінде көлік жүргізу және жаяу жүргіншілерге жол бермеу жатады. Заң қанша жерден қатал болса да, жүргізушілерде өзінің және өзгенің өміріне төнетін қауіпті сезіне білу мәдениеті қалыптасуы керек. Сонда бұл мәселелер өздігінен ретімен шешілер еді. Мәселен, мас күйінде көлік тізгіндер кезде оның зардабын ойлап, жан-жақты зерделеп көру үшін асқан білімділіктің қажеті жоқ. «Шөлмек мың күн емес, бір күн сынады» демекші, ішімдік ішіп, рөлге отыруды әдетке айналдырған адам түбінде опық жейтіні анық.
Қазір техника дәуірі. Белгіленген мерзім ішінде төленсе, жеңілдігі де бар. Ал, егер айыппұлды уақытылы төлемесе, ол азаматқа әкімшілік өндіріп алу шаралары, банктік шоттарды бұғаттау, тіпті, жүргізуші куәлігінен уақытша айыру сияқты шаралар қолданылуы мүмкін.
– Бұл өзгерістер енгізілген соң бақылау күшейді ме? Жол-патрульдік полиция тарапынан қандай жаңа тәсілдер қолданылып жатыр?
– Иә, бақылау күшейді. Бүгінгі таңда байқасаңыздар, қаланың бір бөлігінің өзінде бірнеше патрульдік полиция көлігі кезекшілікте жүреді. Неге? Өйткені, қауіптің алдын алу – аса маңызды. Сондай-ақ, қазір көп жерлерде бейнебақылау жүйесі орнатылған, патрульдік полиция дрондар мен заманауи радарлар қолдануда. Дрондар мен радарлар қашықтан тұрып-ақ кез келген ұсақ заң бұзушылықтың өзін дәл қасынан түсіргендей қылып, қолыңызға ұсынады. Ал, бұрыш-бұрышта орнатылған бейнебақылау камераларының да қауіптің бетін қайтаруға көмегі мол. Негізі, әр адамның камерасы мен радары жүрегінде ғой. Сонымен жүрсе, өзгеге де, өзіне де зияны тимесі анық.
– Болашақта жол қозғалысы ережелеріне тағы қандай жаңашылдықтар енгізілуі мүмкін? Қазіргі реформалар ұзақ мерзімді стратегияның бір бөлігі ме?
– Жөн сөз, қазіргі енгізіліп жатқан өзгерістер – кешенді реформаның алғашқы кезеңдері. Болашақта көлік құралдарын еш қиындықсыз, қас-қағым сәтте-ақ, автоматты түрде тану жүйелері енгізілуі мүмкін. Ол енсе, құқық бұзушылардың адымын да аштырмайды. Интеллектуалды бағдаршамдар мен жасанды интеллектке негізделген бақылау жүйелері де қолданысқа енеді деп жоспарланып отыр. Бұл қауіпсіздікті күшейте отырып, кептелістің, құқықбұзушылықтың алдын алуға көмегін тигізеді.
Тағы бір айта кетерлігі, бізде 11 судья тынымсыз еңбек етіп жатыр. Жүктеме – өте үлкен. Мақсатымыз енгізіліп жатқан өзгерістерді елге жеткізіп, құқықбұзушылықтың алдын алу, азаматтарымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
– 2025 жылдың 1 қыркүйегінен бастап қоғамдық жұмыстарға енгізілетін әкімшілік жазаның жаңа түрі туралы не айтуға болады?
– Иә, енді, қоғамдық орындарда ұсақ бұзақылық жасаған азаматтар қоғамдық жұмысқа тартылуы мүмкін. Қоғамдық жұмыс бұл – ұсақ бұзақылық баптары бойынша тәрбиелік санкция болып есептеледі. Айта кетер жайт, қоғамдық жұмыстарға тарту үшін адамның келісімі міндетті түрде ескеріледі. Бұл жұмыстың орындалуын бақылау жергілікті атқарушы органдарға жүктелген.
– Уақыт тауып, тұщымды әңгіме өрбіткеніңізге көп-көп рахмет!
Сұхбаттасқан Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan»