Баспасөздің жүгі де, жолы да ауыр
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Ana tili» газетіне берген сұхбатында «Мен ақпарат кеңістігіндегі үдерістерді жіті қадағалап отырамын. Жазбаша мәтіндердің мән-маңызын төмендетуге болмайды. Мерзімді баспасөз бәрібір мемлекеттік саясаттан хабар беретін маңызды ақпарат көзі болып қала береді», – деген болатын. Ел Президентінің дәл осы екі ауыз тәмсілінен дәстүрлі БАҚ-қа деген қолдауды да, «мылтықсыз майдан» жауынгерлеріне жүктелер жауапкершілікті де аңғаруға болады. Иә, жаһанға «жасанды зерде» (GPT) жар салып, газет пен гаджет тайталасы өрекпіген өзгерістер дәуірінде өзегі талып тұрған қазақ баспасөзі – қолдауға зәру. Ал, бір жарым ғасырдан астам (қазақ тіліндегі тұңғыш басылым «Түркістан уәлаяты» газеті 1870 жылы жарық көрген) тарихы бар ұлт баспасөзі өзіне жүктелген жауапкершіліктен бір сәтке де жалтарып көрген емес.
Олай болса, бүгінгі сөз тағылымды тарихы, тар заманда танытқан тәуекелі, уақыт талабына сай талғамы бар қазақ баспасөзінің дәуір тынысымен үндестігі жайлы өрбімек.
Жалпы, Ұлттық басылым күнінің белгіленуі жан-жақты талданып, салмақты сараланған шешім болды. Қазақстан Президентінің ұлт баспасөзіне деген ықыласы мен құрметі, жанашырлығы мен көрегендігі тұр бұл шешімде. Ең әуелі атаулы күннің 2 ақпанға белгіленуінің өзінде үлкен тарихи маңыз жатыр. Бұл күні ұлт баспасөзінің бастауында тұрған «Қазақ» газетінің алғашқы саны жарық көрген. Тарихтың өзі сабақтастық негізінде түзілетінін ескерсек, Ұлттық басылым күнін «Төртінші билікті» төрге оздырар салтанатты сәт ретінде түйсінер едік. Алайда, бұл салтанат жолымызды жеңілдетер, бірақ жауапкершілік жүгін шегермейді.
Қазақ журналистикасының жанарындағы үміт оты сөнген жоқ, қаламындағы құдірет кеміген жоқ. Көмескілене бастаған үміт сәулесі де, қоламтадай бықсуға шақ қалған ошағымыз да қайтадан қоғамның шамшырағына айналды. Десек те, бұл күн – көл-көсір дастарқан жайып, даңғазаға бой алдыратын емес, тарихқа тағзым етіп, жоғымызды түгендейтін күн.
Ойымызды тарих, тәуекел, талғам ұғымдарының төңірегінде өрбітер болсақ, қазақ баспасөзінің қасиетті қара қазанын осы үш таған көтеріп тұр дер едім.
Тарих. Ол – қазақ халқының басынан кешкен талайлы тағдырын тасқа таңбалаған баспасөздің тарихы. Сонау ХІХ ғасырдан бастау алатын қазақ басылымдарының тарихы ақтаңдақ кезеңдермен ерекшеленеді. Ақиқатшылдығы үшін қуғындалған қаламгер, жариялылығы үшін жабылған газеттер… Мәселен, ұраншылдықты емес, халықтың рухын оятып, санасын серпілтуді көздеген бір ғана «Қазақ» газетінің тарихы мен тағдырында тұтас дәуірдің тынысы мен қазақ халқының шерлі шежіресі бар.
Солай бола тұра, біз сезінбей жүрген, сезінсек те, селт ете қоймаған бір олқылық бар. Ол – баспасөз тарихының толық зерттелмеуі. Жалғыз «Қазақ» газетінің ғана емес, тұтас қазақ баспасөзінің тарихы күдік арқалап, күмәнді күй кешіп келеді. Егер, баспасөз тарихы толыққанды зерттеліп, зерделенген болса, осы «Қазақ» газетінде Алаш арыстарының бүркеншек атпен жариялаған өткір мақалаларының авторларын дөп басып танитын едік. Күні бүгінге дейін бір мақаланың Әлихан Бөкейханның да, Ахмет Байтұрсынов пен Міржақып Дулатовтың да жинақтарында қайталана басылып жүргені осы олқылығымызды әшкерелеп тұрған жоқ па?! Ендеше, осыдан екі жыл бұрын белгіленген Ұлттық басылым күнін баспасөз тарихына байыппен үңіліп, байсалды байлам жасайтын күн деп есептеймін.
Тәуекел. Ол – Алаш арыстарының тас жұтқандай тәуекелі. Бұл туралы әңгіме де – қысқа. Өздері қуғында жүріп, ұлттық идеологияның қажырлы қаруы ретінде «Қазақ» газетін шығарған қайраткерлердің сол тәуекелі болмаса, біз отаршылдық жүйедегі патша үкіметінің үнжариясы болған «Түркістан уәлаяты» газетіне телміріп қалар едік. Алаш көсемдерінің күрескерлік рухы, дала қазағының санасын рулық деңгейден ұлттық деңгейге көтерген есіл еңбегі ескерілмей қалар еді…
Талғам. Уақыт талабы мен оқырман талғамы. Кешегі талғам мен бүгінгі оқырманның көңіл таразысы. Осы орайда айтылуға тиісті бір ақиқат бар. Қазіргі газет-журналдың оқырманы «қартайып» кетті. Мемлекет басшысының өзі «Газет-журнал оқу – жас кезімнен қалыптасқан дағды», – деді. Ал, қатардағы шенеуніктер газеттің бетін ашпайды. Ертеңгі күні ел тізгінін ұстар бүгінгі жас буынды тәрбиелеп отырған ұстаздардың өзі «Мұғалім мәртебесі туралы» Заң қабылданғалы газет-журналға назар салмайтын болған. Сонда, газет оқымайтын, қоғамда орын алып жатқан құбылыстардан мүлде бейхабар ұстаз ұрпақ тәрбиесімен қалай айналыспақ?
Ұлттық басылым күні – қастерлі мереке. Арнайы күн белгілеп, Президент пәрменімен атаулы күн болғаннан соң, бұл күн сол кәсіп иелеріне көрсетіліп отырған құрмет пен қолдауға өлшем болуы тиіс. Яғни, біз осы Ұлт баспасөзінің беделін көтеріп, абыройын арттырар шараларға кезек беруіміз керек! Ұлттық басылымдардың ұнжырғасы түспесін деген ниет – біздікі.
Мереке құтты болсын, әріптестер!
Ерсін МҰСАБЕК,
«Ortalyq Qazaqstan»