Бас тақырып

2 ақпан – Ұлттық баспасөз күні

Баспасөздің тағдыры туралы сөз қозғалған сайын «газет заманы өтті» деген үстірт тұжырым алға шығады. Әйткенмен, тарихқа үңілсек те, бүгінгі медиакеңістікке назар салсақ та, мәселе бір форматтың екіншісінен жеңілуінде емес, сөздің қандай міндет атқарып отырғанында екенін аңғарамыз. Жедел ақпарат гаджетке көшкен дәуірде газет жылдамдықпен жарысудан бас тартып, ойдың салмағын, парасаттың жауапкершілігін арқалаған алаңға айналды. Ал, мұндай міндетті қазақ баспасөзі бір ғасыр бұрын Алаш дәуірінде-ақ өз мойнына алған еді.

Сурет ЖИ

Бүгінгі медиакеңістіктің беталысы – мүлде басқа. Ақпарат тұтыну мәдениеті өзгерді, жеделдік алдыңғы орынға шықты. Осы өзгерістер аясында дәстүрлі баспасөздің рөлі жайлы түрлі пікір айтылады. Меніңше, бұл жерде «газет өз маңызын жоғалтты» деуден гөрі, газеттің қызмет сипаты өзгерді деген тұжырымға жүгінген жөн.

Мойындау керек, газет өз заманында ақпарат құралы ретінде жүктелген негізгі миссияны абыроймен атқарып шықты. Осыдан он бес жыл бұрын-ақ «жедел ақпараттың дәуірі сайттардың еншісінде, енді газет жаңалық жаршысы бола алмайды» деген пікір қалыптаса бастаған еді. Бірақ, уақыт бұл тұжырымды да артта қалдырды. Бүгінде сайттардың өзі жедел ақпараттың басты көзі болудан қалып, ақпарат ағыны әлеуметтік желілер мен мессенджерлерге ойысты.

Десе де, бұл үдеріс баспасөздің маңызы кеміді дегенді білдірмейді. Керісінше, газет бүгін өзінің ең мықты қырымен дараланып отыр. Ол – аналитика мен таным. Терең ой, салмақты сараптама, байыппен жасалған қорытынды. Мұндай дүниені телефон экранынан жүгіртіп оқу бір басқа да, қағаз парақтап отырып оқу – мүлде бөлек.

Газеттің тағы бір аса маңызды ерек­шелігі бар. Ол – тасқа басылған тарих. Мұның айқын дәлелі бар. Журналист Асылхан Мамашұлы түсірген «Қилы кезең» деректі фильмінде Желтоқсан көтерілісінен бастап, 1995 жылғы Конституцияның қабылдануына дейінгі күрделі тарихи кезең сол дәуірде жарық көрген мерзімді басылым материалдары арқылы сөйлейді. Газет бетінде қатталған сөздер уақыт сүзгісінен өтіп, тұтас бір дәуірдің үнін жеткізе алады.

Өңірлік басылымдардың ахуалына келсек, мұнда мәселені тек форматтық бейімделумен шектеу – жеткіліксіз. Соңғы жылдары аудан-қалалық газеттердің жекеменшік қолға өтіп, бәсекелес ортаға жіберілуі олардың алдында күрделі сынақтар туғызды. Теориялық тұрғыда бұл қадам нарыққа бейімделу мүмкіндігін беруі тиіс еді. Алайда, іс жүзінде бұл шешім өте кеш қабылданды. Егер жекешелендіру он-жиырма жыл бұрын жүзеге асса, басылымдар нарықтық модельге біртіндеп бейімделер ме еді?! Ал, бүгінде баспасөзге деген сұраныс әлсіреген шақта көптеген редакциялар қаржылық және кадр­лық қысымға тап болып отыр.

Өңірлік басылымдардың бүгінгі жағдайын «бағы тайды» деп біржақты бағалаудан гөрі, өтпелі кезеңнің ауыр салмағы деп қабылдаған дұрыс. Олар бір мезетте әрі цифрлық өзгеріске бейімделіп, әрі Алаш дәуірінен бастау алған баспасөздің қоғамдық жауапкершілігін сақтап қалуға тырысуда.

Баспасөздің байыбы жылдамдықпен емес, парасатпен өлшенеді. Ақпарат тасқыны үдеген сайын ой сүзгісіне деген сұраныс арта түседі. Осы тұрғыдан алғанда, қағазға түскен сөздің сәулесі – тасқа түскен тарихпен бірдей.

Нұрлыхан ҚАЛҚАМАНҰЛЫ,
«Теміртау тынысы» газетінің бас редакторы

Басқа материалдар

Back to top button