Баспасөз баһадүріне арналған турнир
Қарағандыда БАҚ қызметкерлері күні мерекесіне орай алғаш рет бильярдтан облыс журналистері арасында Нұрмахан Оразбек атындағы І аймақтық турнир өтті. Тың бастама «Saryarqa Aqparat» ЖШС-нің ұйымдастыруымен өткізіліп, оған аймақтағы БАҚ саласында қызмет ететін журналистер қатысты. Аталмыш турнирге «Қоржынкөл-А» ЖШС-ның Бас директоры Әбілқайыр Ошақбаев демеушілік жасады.

Жалпақ жұртқа, оның ішінде ұлт баспасөзіне аты мәшһүр Нұрмахан Оразбековті білмейтін ел кемде-кем. Неге десеңіз, ол бір ғана «Ortalyq Qazaqstan» газетінде Бас редактор қызметін атқарған кезеңінде қалың жұртшылыққа қайтпас қайсарлығын, беттілігі мен жігерін танытты. Бұл туралы бильярд турниріне келген Қазақстанның Құрметті журналисі Әли Тойжігіт айтты.
– Осы «Ortalyq Qazaqstan» газетіне бас редактор болып тұрған шағында елдің бәрі Компартиядай құдіреттің ұраны «Барлық елдердің пролетарлары, бірігіңдер!» дегенді жаңажылдық нөмірде қазақтың «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ!» деген мәтеліне ауыстырды. Ал, кейін ол кісіге облыстық партия комитетінің идеология жөніндегі хатшысы хабарласып, «мұныңыз қалай?» дегенде Нұрекең оған диалектика жөнінде лексика оқып, заманның өзгергенін алға тартып, ұранның да өзгеруі тиістігін жеткізген. Міне, басшы Һәм ұжым жетекшісі деп осындай азаматтарды ауыз толтырып айтуға болады. Ал, мұндай танымал тұлға атына қандай шара ұйымдастырылса да жарасымды, – деді Әли Тойжігіт.
Расында атына турнир өтіп, атағына ат кідіретін қаламы қарымды журналистер Арқа өңірінде баршылық. Нұрмахан Оразбектің бірбеткейлігін, оның журналистік қарымын сол кезеңдері әріптес әрі үзеңгілес болған Владимир Рыжков баяндады.
– Мен ол адамды журналист, нағыз өз ісінің маманы ретінде мойындаймын. Журналистиканың майталман ардагері деп айтуға тұрар жан. Нұреке деуші едім өзін. Оның көзінің тірісінде қаламы арқылы қоғамға тигізген пайдасы біршама. Оның жалғыз қаруы қаламы болды. Мамандығын меңгеріп, оның пайдасын елге сіңірген жандар кемде-кем. Ондай тарихи тұлғалар аты дәстүрлі түрде жаңғыруы заңдылық, – дейді Владимир Рыжков.
Иә, шарапатты шараның Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі қаламгер, танымал журналист Нұрмахан Оразбектің есімін ұлықтау әрі журналистер арасында бильярдты дәріптеу мақсатында ұйымдастырылып отырғандығын «Saryarqa aqparat» ЖШС директоры Қайрат Әбілда турнир басында мәлімдеді.
– Нұрмахан Оразбеков 1988-1991 жылдар аралығында облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің редакторы болған. Сол уақытта «Орталық Қазақстан» газеті қарқынды дамып, үлкен өзгерістер орын алды. Әділетті адам. Мықты редактор. Қарымды қаламгер. Біз сол кісінің құрметіне бірінші мәрте облыстық деңгейде турнир өткізіп тұрмыз. Болашақта бұл турнирді дәстүрлі түрде өткізуге тырысамыз, – деді Қайрат Жүнісұлы.
Сонымен турнир басталды. Бұл турнирге тіпті Серік Сексенов, Сүйіндік Жанысбай секілді Арқа журналистикасының ардагерлері де келді.
Ойын басталмас бұрын қарсыластарды облыстық бильярд спорт федерациясының вице-президенті Мұхаммет Қайырбеков жеребе тарту арқылы анықтады. Бұл журналистер арасындағы бильярдтан алғашқы турнир болса да жергілікті БАҚ өкілдерінің қарқыны өте жақсы еді.
Осылайша турнирдің I орыны «Ortalyq Qazaqstan» газетінің интернет-редакция редакторы, ақын Ілияс Мұқайға бұйырды. II орынды – Қазақстан Журналистер одағы Қарағанды облыстық филиалының төрағасы Жәнібек Садықанов алды. Ал, III орын – «Индустриальная Караганда» газетінің ардагер фототілшісі Валерий Петуховтің шеберлігіне бұйырды. Сонымен қатар, Журналистер одағы облыстық филиалының арнайы сыйлығын Сүйіндік Жанысбай мен Қуаныш Аманқұлов иеленді. Ардагер журналист Әли Тойжігіттің өз атынан тіккен «Көрермен көзайымы» сыйлығы журналист Мақсат Бейсенаевтың қанжығасына байланды.
Жан АМАНТАЙ,
Суретті түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ
Ortalyq.kz