Бас тақырып

Баспана кілтін табыстады

Бұқар жырау ауданының Көкпекті ауылында 10 отбасы, Абай ауданында 30 отбасы баспаналы болды. Олардың барлығы да үй кезегінде тұрғандар.

Сурет metal-archive.ru

«Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорының қолдауымен Көкпекті ауылында екі пәтерлі бес үй салынды. Әр пәтер үш бөлмелі, жалпы ауданы – 84 шаршы метр. Кілт халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын төрт отбасыға, төрт көпбалалы және үйлері апатты деп танылған екі отбасыға табысталды.

Абай ауданында баспаналы болғандардың арасында да толық емес отбасылар, жетім балалар, мүмкіндігі шектеулі жандар, қандастар мен зейнеткерлер бар. «Халық Билдинг» ЖШС салған жаңа бес қабатты үйдегі пәтерлерді Мемлекет басшысының бастамасымен жергілікті атқарушы органдар сатып алды. Үйде 12 бір бөлмелі, 8 екі бөлмелі және 10 үш бөлмелі пәтер бар.

Сонымен қатар, жақында Абай ауданында құрылыс салушылардан өткен жылы сатып алынған тағы 10 пәтердің кілті берілмек. Құрылыс салушылардан дайын тұрғын үйді сатып алу бағдарламасы биыл да жалғасады. Абайда бұл жоба бойынша 90 отбасы, ал, Топарда 40 отбасы пәтер алуы тиіс.

Биыл Абайда 30а орамында бес қабатты кредиттік үйдің құрылысын аяқтау жоспарлануда. 80 пәтерлі үй 2023-2029 жылдарға арналған тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамыту тұжырымдамасы бойынша бюджет қаражаты есебінен салынуда. Пәтерлер кезекте тұрғандарға «Отбасы банк» арқылы беріледі.

Сондай-ақ, Абайда тағы бір бес қабатты үй мен екі пәтерлі бір қабатты үйлер салынып жатыр, Топарда екі көппәтерлі үй қалпына келтірілуде.

Жансая ОМАРБЕК,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button