Ресми

Баспана кезегіне тұратындардың соңғы 10 жыл ешқандай үй-жайы болмауы керек – Қанат Шарлапаев

Баспана кезегінде тұрғандарға тұрғын үй есепке тұрған күніне және табыс деңгейіне байланысты беріледі. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй саясатын реформалау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын талқылау кезінде Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев айтты, деп хабарлайды ortalyq.kz Kazinform сайтына сілтеме жасап.

Сурет: inbusiness.kz

Заң жобасы аясында «Отбасы банкі» акционерлік қоғамы ұлттық даму институты болып қайта құрылады. Оған азаматтарды есепке қою мен тұрғын үй бөлу жөніндегі жергілікті атқарушы органдардың функциялары беріледі.

— Отбасы банкіне» аталған функцияларды беруді ескере отырып, оны екінші деңгейлі банктер жүйесінен шығару ескерілген. Сәйкесінше, «Отбасы банк» банктік және басқа да операцияларды тиісті лицензиясыз жүзеге асырады», — деді Қ. Шарлапаев.

Бұл ретте, Қаржы нарығын реттеу және дамыту жөніндегі агенттігі және Ұлттық Банк «Отбасы банкіне» қатысты мынадай қадағалау функцияларын сақтайды:

— қаржылық қызмет тұтынушыларының құқықтарын қорғау;
— валюталық реттеу әрі бақылау, қаржылық және өзге де есептілікті алу;
— қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимылды жүзеге асыру;
— ақша-кредит статистикасын және қаржы нарығының статистикасын қалыптастыру үшін есептілік деректерін жинау;
— бухгалтерлік есеп мәселелері бойынша нормативтік құқықтық актілерді қабылдау және тағы басқа.

 — Отбасы банкін екінші деңгейдегі банктер жүйесінен шығару қолданыстағы заңнамаға сәйкес оны депозиттерге кепілдік беру жүйесінен шығаруға әкеледі. Осыған байланысты, Отбасы банкінде орналастырылған азаматтардың салымдарына мемлекетпен кепілдік беру ұсынылып отыр. Жаңа механизмдерге сәйкес, жергілікті атқарушы органдардағы бөлек тізімдер Отбасы банкіне өзгеріссіз беріледі. Бұл тұрғыда жергілікті атқарушы органдардың базасына есепке қою тоқтатылады. Отбасы банкі базасында Тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығы құрылады, оған қандай да бір санатқа жататындығына қарамастан тұрғын үйге мұқтаж барлық азаматтар тұра алады. Әрбір өтінім үшін кірістерді, мүлік пен активтерді анықтайтын отбасының цифрлық портреті жасалады. Бұл өз кезегінде азаматтың отбасылық жағдайының барлық сипаттамаларын анықтауға мүмкіндік береді», — дейді министр.

Оның сөзіне қарағанда, Тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығы мемлекеттік дерекқорлармен интеграцияланған бірыңғай ақпараттық база болады. Осы орталықты құру «бір терезе» қағидатын пайдалануға мүмкіндік береді.

Бұл қағидат тұрғын үйге мұқтажын растау, кезекке тұру, одан кейін ипотека алу үшін банкке бару сияқты бірнеше инстанцияға жүгінудің қажетін жояды.

Бұған қоса, ұсынылып отырған жаңа модельге сәйкес, тұрғын үйді бөлу азаматтардың есепке тұрған күніне және табыс деңгейіне байланысты жүзеге асырылады.

Осылайша, тұрғын үйді есепке тұрған күніне байланысты бөлу барлық мұқтаж азаматтарды әділ түрде қамтуға мүмкіндік береді.

 — Сонымен қатар, табыс деңгейіне байланысты азаматтардың жалдау ақысын субсидиялау, жалға берілетін тұрғын үй немесе жеңілдетілген ипотекалық қарыздар (жылдық мөлшерлеменің 2-5% мөлшерінде) түрінде мемлекеттік қолдау шаралары көрсетіледі. Бұған қоса, азаматтарды тұрғын үй кезегіне қою кезінде негізгі талаптардың бірі олардың меншігінде баспана болмауы керек. Қазір қолданыстағы заңнамаға сәйкес кезекке тұру үшін соңғы 5 жыл ішінде тұрғын үйі болмауы қажет. Мұқтаж азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз етудің жаңа тәсілдеріне байланысты, кезекке жаңадан тұратын азаматтар үшін осы мерзімді 10 жылға дейін ұлғайту көзделген», — деді Қ. Шарлапаев.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button