Бас тақырып

Баспана – басты мәселе

Қандай болса да, өз үйіңнен артығы жоқ. Зәулім сарай болмаса да, өзімдікі деп, еңсең көтеріліп жүрмеген соң бар дүниенің де шырқы кететін тәрізді. «Үйінің берекесі шақырылған қонағыңмен келеді» деп сенген қазақ үшін өзіне тиесілі төрт қабырғасының төріне сыйлы адамын оздырмаса, ішкен асы бойына тарқамасы анық. Елімізде мемлекет тарапынан ипотекалық несие де, жалға берілетін пәтер де қарастырылғанымен, баспана мәселесі әлі де түбегейлі шешімін таппай келеді. Бірақ, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында зейнетақы жинағының бір бөлігін баспана сатып алуға немесе білім алу үшін пайдалану мәселесін жыл соңына дейін пысықтау жөнінде Үкіметке берген тапсырмасы «өз пәтеріміз болса» деген талайдың көңіліне үміт отын ұялатты.

Мәселен, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов баспана алуға және білім алуға табысы аз тұрғындар зейнетақы жинағын пайдалану мүмкіндігіне ие болуы керек деп есептейді. Министрдің айтуынша, жинағанымыз өміріміздің соңына дейін жетуі үшін шамамен ер адамдарға – 11 миллион, әйелдерге – 13 миллион жеткілікті. Бұл – ең төменгі мөлшер. Одан асыра жинап жатсаңыз, тіпті, құба-құп. Ал, баспаналы боламын немесе білім аламын дегендердің жинағында осыдан төмен қаржы болмауы керек. Қисынды түрде ойласаңыз, қорда 10 миллион теңгеден астам ақшасы бардың табысы да жоғары екені мәлім. Демек, ол адамның үйге де, білімге де ақшаны қайдан табамын деп басы қатпасы анық. Біржан Нұрымбетовтің де айтатыны – осы. «Ең бірінші табысы аз тұрғындарға қатысты болуы керек», – дейді ол.

Мәліметтер бойынша бүгінгі таңда БЖЗҚ-да шамамен 10 миллионға тарта салымшы жинақтаған 10 триллион теңге көлемінде қаржы бар. Жалпы есепте, 1 адамға 1 миллион теңгеден ғана келмек. Оның бәрін алып қойып, зейнетке шыққанда ештеңесіз қалу да дұрыс емес. Біржан Бидайбекұлы Президент тапсырмасын жүзеге асырудың әртүрлі нұсқалары бар екенін және тиісті есептеулер жүргізілетінін айтады.

Бұл жағдайға қатысты мамандар да өз пікірін білдірді. Қазақстандық экономист Денис Кривошеев «бұл жерде салымшының жасы мен оның зейнетақы қорына аударатын ай сайынғы қаражаты да маңызды» дейді. Қарттықты алаңсыз қарсы алу үшін шотта кем дегенде 3 немесе 5 миллион теңге қалуы керек. Мысалы, орташа жалақымен кем дегенде 20 жыл үздіксіз жұмыс істеген адамның өзінің зейнетақы жинағы 5 миллионға жете қоймасы анық. Сондықтан, бұл мәселеде оңтайлы тәсіл қарастырылар деген сенімдеміз.

Айта кету керек, БЖЗҚ-ның ақпан айындағы мәліметінше 68% салымшының миллион теңге көлеміндегі орташа жинағы бар екен. Ал, 5 миллион теңгеден астам жинаған салымшылар көлемі – 3% ғана. Сәйкесінше, тұрғындардың осы үш пайызы ғана инвестициялық әлеуетке ие.

– Қазақстанда 10 миллионнан сәл ғана асатын салымшылар бар екенін назарға алсақ, зейнетақы жинағының біраз бөлігін 250 мың азамат қана пайдалана алады, – дейді сарапшы БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында.

Зейнетақы жинағының біраз бөлігін пайдалану әлем елдерінің тәжірибесінде бар. Мәселен, АҚШ, Жаңа Зелландия және Ұлыбританияда қажеттілігіне қарай қордан жинаған ақшаларының біраз бөлігін алу мүмкіндігі қарастырылған. Сингапур мен Малайзияда да осындай тәсіл – қолданыста. Бұл елдерде тұрғындар өздерінің жинақтарын емделуге және баспана алуға пайдаланады екен.

Президент Үкіметке нақты тапсырма берді. Жылдың соңына дейін Үкімет бұл мәселенің жанжақты талқыланатынын айтты. Бұған дейін өмірдің қиын жағдайында қалған азаматтардың борыш жүктемесін азайтып, уақытылы көмек көрсету мақсатында біраз елдің борышы кешіріліп, бір жасап қалғаны бар. Жолдауда жүктелген міндеттен кейін халықтың баспаналы боламыз деген үміті – басым.

Салтанат ІЛИЯШ,

«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button