Баскетболдың болашағы бар ма?
Елімізде дамымай, кенжелеп қалған бір олимпиадалық спорт түрі болса, ол – баскетбол. Бірақ соңғы жылдары Шахтинск қаласында осы спорт ойыны өрістеп, қанатын жайып келеді. Баскетболдың Отаны Америка Құрама Штаттары екені белгілі.

Бұл ойынды 1891 жылы Канададан Массачусетс штатына қоныс аударған мұғалім, доктор Джеймс Нейсмит гимнастиканы жетілдіру мақсатында ойлап тапқан екен де, оның алғашқы жарысы аталған штаттың Спрингфилд қаласында құрылған Христиан жастар қауымдастығының оқу-жаттығу
орталығында футбол добымен ұйымдастырылыпты. Арада бір жыл өткен соң әлгі Джеймс оның арнайы добы мен 13 ережесін де жасаған көрінеді.
Бастапқыда әлемнің әр еліне тарап, түрлі деңгейдегі турнирлер, біріншіліктер өткізіліп келген баскетболды 1935 жылы Халықаралық Олимпиада комитеті олимпиадалық ойындар қатарына қосқан. Кезінде бұл жоғары дәрежелі спорт сынына КСРО-ның баскетбол командасы да қатысып, 1972 жылы Мюнхен, 1976 жылы Монреаль Олимпиадаларының чемпионы атанады. Осы екі бірдей әлемдік додада одақтық баскетбол командасы құрамында бірден-бір қазақ азаматы Әлжан Жармұхамедовтің (1944-2022 ж.ж.) де ойнап, екі мәрте Олимпиада, 9 рет КСРО, 3 дүркін Еуропа чемпионы ( 1967, 1971, 1979 ж.ж.), тіпті, Мюнхен
Олимпиадасында команда капитаны болғанын бүгінде біреу білсе, біреу білмейді. Тек Қазақ спорт және туризм академиясының баскетбол залы ғана даңқты баскетболшымыз, КСРО-ның спорт шебері Әлжан Жармұхамедоватымен аталса, елімізде, соның ішінде, туған жері Түркістан облысында оны еске түсірердей бір белгі әлі күнге жоқ.
Сол марқұм Әлжан ағамыздың салмағы 95 килограмм, бойы 2 метр 7 сантиметр болған екен дейді. Мұның өзі баскетболшы болу үшін аса қажет талаптардың бірі. Өйткені, ойын тәртібі бойынша 28Х15 метрлік шаршы алаңда бес-бес ойыншыдан тұратын екі команда допты бір-біріне лақтырып, пас беріп, домалатып, немесе жерге жиі-жиі ұрып, дриблингпен алып келіп, екі жағын дағы бағанаға 305 сантиметр биіктікте бекітілген торқалтаға топ еткізіп түсірулері керек. Әрине, бұған бойдың ұзындығымен қоса айла-тәсіл мен көз ілеспес жылдамдық та болуы тиіс. Шүкір, қазіргі жастарымыздың бойшаң, сида, серейіп өсіп келе жатқанын күнде көзімізбен көріп жүрміз.
Неге екені белгісіз, олардың көбісі баскетболдан гөрі футбол ойнауға құмар. Мүмкін, бұған елімізде осы спорт түріне көп көңіл бөлініп, кейінгі кезде оның мектеп бағдарламасына дейін енгізілуі де әсер ететін шығар. Олардың кәсіби тұрғыдан дайындалуына қажет етілетін баскетхол тек Қарағанды қаласының өзінде ғана бар. Баскетболдан чемпионаттар мен дәстүрлі жарыстар, жолдастық кездесулер облысымызды
былай қойғанда, республикамызда да сирек өтеді. Тәжірибе алмасып, шеберлік шыңдайтын жағдай
жоқтығынан біздің баскетбол командаларымыздың ел асып барып, шетелден олжалы оралғанын бүгінге дейін естімеппіз. Биыл осы спорт түрінен Монғолияда өткен Азия чемпионатында Қазақстан командасының бір ойында ғана жеңгенін айтудың өзі ұят.
«Болат қайнауда, ер жігіт майданда шынығады» дейді осы орайда Шахтинск қаласындағы Балалар мен жасөспірімдердің спорт мектебінің директоры, Шахтинск қалалық мәслихатының депутаты Аманжол Тілеубек. Қазақ спорт және туризм академиясын 2009 жылы бітіріп, баскетбол спортынан спорт шеберлігіне үміткер атағы бар ол 2010 жылдың қаңтар айынан бастап, қаланың Әлихан Бөкейханов атындағы мектеп-лицейде денешынықтыру пәнінің мұғалімі, 2016-2022 жылдары мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, содан кейін осы мектепке директор болған 15 жылында балаларды баскетболға жаттықтырумен үзбей айналысуда.
Қазірде бұл білім ордасында спорттың 9 түрімен шұғылданатын 892 баланың 130-ы баскетбол секциясына жазылған. Жас ерекшеліктеріне қарай оларға өзін қоса алғанда 5 жаттықтырушы осы спорттың қыр-сырын, әдіс-тәсілдерін талмай үйретеді. Соның ішінде 2023 жылы Қазақ спорт академиясын бітіріп келген
өз шәкірті Дидар Құдайберген де бар. Әзірге оның нәтижесі жаман да емес. Мәселен, соңғы үш жылда осы мектептің ұлдар баскетбол командасы қатарынан 3 рет облыс чемпионы атанса, биыл Қарағанды облысы командасы құрамында баскетболдан Қазақстан чемпионатына екі рет қатысып, бірінде күміс, екіншісінде қола медальді иеленді. Айта кету керек, облыс командасының негізгі құрамы шахтинскілік балғын баскетблшылардан жасақталған.
– Енді 17 орындық «Газель» автокөлігіне қолымыз жетіп, қуанып отырмыз, – дейді Аманжол Тілеубек, – Ол біздің балалардың алыс-жақын жерлерге жиі барып, жолдастық кездесулер өткізіп, ірілі-ұсақты турнирлерге қатысып, мол тәжірибе жинақтауына мүмкіндік береді. Жоғарыда айтқанымдай, сол спорт шайқастарында олардың шеберліктері шыңдалып, жетіледі. Міне, осыдан кейін баскетболдың болашағы бар екендігіне қалай сенбейсің?!
Ержан ИМАШ,
«Ortalyq Qazaqstan»
ШАХТИНСК