Жаңалықтар

Бас жүлде – Жезқазғанда

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында халқымыздың төл өнерін сақтау, насихаттау және дамыту мақсатында ұйымдастырылып, жарты жылға жуық бойы жалғасын тапқан «Сарыарқаның көшпелі мәдениеті» облыстық фестивалі мәресіне жетті. Айтулы әрі тағылымды шараның ақтық сыны һәм гала-концерті С.Сейфуллин атындағы облыстық академиялық қазақ драма театрында дүркіреп өтті. Оған облыс әкімінің орынбасары Абзал НҮКЕНОВ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Рымбала ОМАРБЕКОВА және аймақтың зиялы қауым өкілдері мен қала тұрғындары, студенттер қатысты.

Алдымен қонақтар театрдың бірінші және екінші қабатында орналасқан іріктеуден өткен аудан, қалалардың мұражай көрмелерімен танысты. Тазылар мен бүркіттер, ағаштан, темірден, киізден, қағаздан жасалатын ұлттық бұйымдардың қыр-сырына қанықты. Бұдан кейін марапаттау салтанаты мен гала-концерт басталды.

– «Ел болам десең, бесігіңді түзе» демекші, қандай қиын замандарда да өнер мен мәдениет алдыңғы сапта болуы керек. Өйткені, бұл руханиятымыздың негізінде жатқан қастерлі дүние. Сондықтан, осы фестивальді бірігіп, жоғары деңгейде өткіздік. Осындай ақпараттық дәуірде жаһандануға жұтылмаудың тура жолы ұлттық негізімізге, тарихымызға үңілу. Осындай шаралар мәдениетімізден қол үзбеуге септігін тигізеді, – деді, облыс әкімінің ыстық ықыласы мен құттықтауын жеткізген Абзал Нүкенұлы.

Облыстық фестивальдің жұмысы маусым айынан бастау алып, 16 аймақтың тыныс тіршілігімен, қазақтың қаймағы бұзылмаған төл мәдениетімен етене таныстырылды. Оған аймақтың түпкір-түпкірінен талантты 125 қолөнер шебері қатысып, бақ сынасты. Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар болып 28 шебер сурылып шықты.

Шеберлерді марапаттау рәсімі «Ағаштан түйін түйген» номинациясымен ашылды. Бұл аталымда фестиваль дипломы мен ақшалай сертификатқа Самат Қожабаев (Ақтоғай ауданы), Жайбол Сұраған (Шет ауданы), Құрмет Ибрахимұлы (Қаражал қаласы), Сарыбас Жүнісов (Жезқазған қаласы), Бекнұр Жанғарашев (Балқаш қаласы), Мәлік Жомарт (Бұқар жырау ауданы), Ахмет Өтеген (Жезқазған қаласы) ие болды.

«Жалғасын тапқан ата-баба дәстүрі» аталымында ши және қайыс өнімдерінен бұйым жасауда үздік деп Сағындық Бакиров (Ақтоғай ауданы), Зыяас Авык (Осакаров ауданы), Еділ Айтбеков (Жаңаарқа ауданы) танылды.

«Ұлт өнерін ұлықтаушы» деп аталатын киіз бұйымдары шеберлері арасынан Қамаш Төлеубаева (Қарағанды қаласы), Гүлпаршын Матниязова (Осакаров ауданы), Динара Садвакасова (Балқаш қаласы), Руза Алдашова (Теміртау қаласы) оза шапса, «Өресі биік – өрісі кең өнер» ұлттық аспаптар жасау аталымында Азамат Бақия (Ұлытау ауданы), Әбілқасым Байбұланов (Сәтбаев қаласы), Төлеуғазы Дүйсенбеков (Теміртау қаласы), Шахмурат Абдыхалықов (Шахтинск қаласы) жүлдегер атанды. «Шебердің қолы ортақ» зергерлік және қағаздан жасалған бұйымдар номинациясында Ғазиз Сәду (Жаңаарқа ауданы), Гүлден Кикімова (Бұқар жырау ауданы) жеңімпаз атанса, «Өнерлінің өрісі ұзақ» құрақ көрпелер мен үй жабдықтары бойынша Манара Шикирова (Қаражал қаласы), Туғанай Бапанова (Ұлытау ауданы), Мәнкен Хатира (Нұра ауданы), Гульмира Жакудина (Нұра ауданы), Оралган Хитайхан (Абай ауданы), Құралай Ізтілеуова (Абай ауданы), Динара Кубентаева (Саран қаласы), Зәуей Сыдық (Шет ауданы) марапатталды. «Фестивальге белсенді қатысқаны үшін» дипломымен Теміртау қаласы, Қарағанды қаласы, Саран қаласы, Шахтинск қаласы, Нұра ауданы, Осакаров ауданы марапатталды.

Қалалар арасында III орынға Сәтбаев қаласы ие болcа, аудандар арасында III орын Бұқар жырау ауданы һәм Абай ауданына берілді. Қалалар арасында II орын биігінен Қаражал қаласы көрінсе, аудандар арасында II орынға Ақтоғай, Жанаарқа және Шет аудандары ие болды. Қалалар арасындағы I орын Балқаш қаласына берілсе, аудандар арасындағы I орынды Ұлытау ауданы жеңіп алды.

«Сарыарқаның көшпелі мәдениеті» облыстық фестивалінің жеңімпазы және Бас жүлде иегері Жезқазған қаласы деп танылды.

Жүлделі орындарға ие болған жеңімпаздар дипломдар мен және ақшалай сертификаттармен марапатталды.

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button