Жаңалықтар

Бас шыршаның шырағы жанды

Кеншілер астанасы – Қарағандыдағы Тәуелсіздік алаңында орналасқан қаланың басты шыршасы жағылды. Қала тұрғындарының көңілін көтеріп, алаңға әр берген шараның соңы салтанатты отшашу рәсіміне ұласты. Ата-аналар мен балақайлар бас шыршаның маңында суретке түсіп, отшашу тамашалап мәре-сәре болды.

Бұдан бөлек, Тәуелсіздік алаңында қала тұрғындары үшін жаңажылдық концерт ұйымдастырылды. Дәстүр бойынша, қала тұрғындарын шырша жағу кезінде Аяз Ата мен Ақшақар құттықтады. Жиынға арнайы келген жұртшылықтың алдында достық қошеметпен өткен жылдың символдық кілтін жаңа 2023 жылдың символы – қоянға салтанатты түрде барыс табыстады. Аяз Ата мен Ақшақар көпшілікпен бірнеше ойын өткізіп, жеңімпаздарға түрлі сыйлық таратты. Аязға қарамастан, қаланың кішкентай тұрғындары ойынға қуана-қуана қатысты.

Тәуелсіздік алаңындағы бас шыршаны жағу рәсімінен кейін Қарағанды орталық саябағында желілік мұз айдынының ресми ашылуы және саябақ шыршасын жағу салтанаты өтті.

Қарағандыда Мәскеудегі Горький саябағындағы мұз айдынының үлгісімен құрылған желілік мұз айдыны осымен екінші жыл жұмысын бастады. Мұз айдынының басты ерекшелігі – мұздың өзі емес, кеңістіктің заманауи дизайны, жайлы ағаш қоршаулар, әсем безендірілген жол бойы жаңа жылдық көңіл-күй қалыптастырады және келушілерге жаңажылдық суретке түсу үшін таптырмас орын.

Былтыр орталық саябақтағы желілік мұз айдыны алғаш ашылғанда 30 мыңға жуық адам келіп, сырғанақ тепкен. Бұл конькиді жалға алғандар ғана. Келушілердің нақты санын есептеу мүмкін емес. Өйткені, әркім өз конькиімен келуге де болады.

Биыл мұз айдынының аумағы былтырғыға қарағанда үлкен. Ұзындығы – 930 метр, ал ауданы 6200 шаршы метрді құрайды. Мұз айдыны кеңейгендіктен, тұрғындарға ыңғайлы болу үшін саябақ қызметкерлері мұз айдынының үстінен өтетін көпір салды. Бұл көпір тұрғындарға Тәуелсіздік алаңынан жағалаудың ортасына өтуге мүмкіндік береді.

Орталық саябақтағы желілік мұз айдынының жұмыс кестесі келушілер санына байланысты күн сайын күндізгі сағат 12:00- ден шамамен түнгі 22:00-ге дейін жоспарланған. Қарағандылықтар үшін конькиді жалға беретін 2 пункт ұйымдастырылған. Коньки құны – 500 теңге.

Сонымен қатар, 1 қаңтар күні Қарағанды қаласының орталық саябағында, сондай-ақ, мәдениет сарайларының алаңында мерекелік концерттер өтетінін айта кеткен жөн. Онда жұрт мерекелік отшашуға куә болады.

Жәлел ШАЛҚАР.

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button