Бас санитариялық дәрігер не дейді?
Облыстың санитариялық-эпидемиологилық бақылау департаментінің дерегінше, биыл жіті респираторлық вирусты инфекциямен ауырғандар 1,2 есе өскен. Қазан айынан бері 15 мың аудамның ауырған. Оның жартысынан астамы 14 жасқа дейінгі балалар. Бір жасқа дейін 1 389 бала ауырса, жүкті 686 әйел ЖРВИ жұқтырған. Бұл туралы бүгін өңірлік коммуникациялар қызметіндегі брифингте облыстың Бас санитариялық дәрігері Юрий Залыгин жеткізді.
Оның айтуынша, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының болжамына сәйкес, қазір тұмаудың А вирусының (Н3N2), Н1N1 және В вирусының 3 штамы ушығып тұр.
– Эпидемиялық маусым басталғаннан бері облыста тұмаудың 170 жағдайы зертаханада расталды. Оның ішінде А3 тұмауының 4 жағдайы, В тұмау түрінің 166 жағдайы тіркелді. Осы эпидемиологиялық маусымда ЖРВИ белгілері бар науқастардан 720 үлгі алынды, нәтижесінде көбісінде риновирус, аденовирус, РС-вирус және басқалары анықталды, – деді басшы.
Спикер тұмаудың алдын алудың ең тиімді әдісі ретінде вакцинацияны айтады. Биыл тұмауға қарсы барлығы 174 мыңға жуық адам егілді. Оның ішінде 14 жасқа дейінгі 36 294 бала, 3507 жүкті әйел бар. Жалпы облыс халқының 14,3%-ы вакцина алғанын атап өтуге болады.
КВИ көбейіп келеді
Соңғы уақытта коронавирус жұқтырғандардың қатары көбейгені байқалады. Мәселен, қазан айында 123 жағдай тіркелсе, қарашада ол 201-ге жетті, ал, желтоқсанның он үш күні ішінде 168 жағдай тіркеліп отыр. Өткен айдың осы кезеңімен салыстырғанда сырқаттану 2,9 есе өскен. Жыл басынан бері КВИ-мен ауырған 51 879 адам тіркелді, оның басым бөлігінде ауру белгілері бар. Күн сайын орта есеппен 11-13 жағдай тіркелуде. Бас санитариялық дәрігердің айтуынша, ауырғандардың дені Балқаш, Теміртау мен Қарағанды қалаларында тіркелген.
– Бүгінгі таңда облыс аумағында «Цербер» штаммы анықталған жоқ. Десе де, жалпы деректер мен ел территориясында «Цербер» жаңа штамының табылуын ескере отырып, сырқаттанудың өсуін жоққа шығармаймыз. Аталған жаңа штамм тез жұғады, ауру көбінесе жедел респираторлық ауру түрінде жеңіл өтеді. 30 қарашада облыс аумағында айналымда жүрген КВИ штамдарын анықтау мақсатында өңірде тіркелген сынама үлгілері р секвенирлеу үшінеспубликалық вирусологиялық зертханаға жіберілді, – деді Ю.Залыгин.
Вакцинация әлі де қажет
Осы уақытқа дейін коронавирусқа қарсы екпенің бірінші компонентін 730 752 адам (71,5%), екіншісін 684 641 адам (67%) алды. Барлығы 291 517 адам (56,2%) ревакцинацияланды.
Қайта ревакцинациядан 51 546 (53,4%) адам өтті.
12-17 жас аралығындағы балалар, жүкті және бала емізетін әйелдердің арасында Pfizer вакцинасының бірінші компонентін 50 968 (41,1%) адам алса, екіншісін 45 854 (37%) адам алған. Толық курстан кейін немесе аурудан кейін вакцинацияның тиімділігі біртіндеп төмендейтінін еске салған спикер ревакцинация жасату қажеттігін ескертті.
Аймақтың Бас мемлекеттік санитариялық дәрігердің қолданыстағы қаулы талаптарына сәйкес, медициналық ұйымдарда (персонал, қызметкерлер, пациенттер, келушілер) маска тағу режимін міндетті сақтаса, көп жиналатын жерлерде, қоғамдық көліктер мен ұжымдарда бетперде тағу ұсынылатынын айта кеткен жөн.
Тамақ қауіпсіздігі – маңызды
Сауда объектілерінде іріктеліп алынған тамақ өнімнің 3 292 сынамасының 201-і нормативтерге сәйкес келмейтіні анықталды. Оның 84%-ы (169 сынама) ел аумағына әкелінетін өнімге және 16%-ы (32 сынама) отандық өндіріс өніміне тиесілі. Сонымен қатар, 17 сынамада жарамдылық мерзімі өткен болса, 33 сынаманың бактериологиялық көрсеткіштер жоғары болған. Бұл оның сақтау, сату немесе өндіріс процестерінің бұзылғанын білдіреді. Сәйкес келмейтін тамақ өнімдерінде 22 сынамасында физика-химиялық көрсеткіштері жоғары болған. Яғни, ет пен майдың массалық үлесінің, консервіленген ет құрамындағы ақуыздың арақатынасының төмендігі, шұжық өнімдерінде ылғал мен натрий нитритінің шамадан тыс мөлшері, сондай-ақ, жеміс пен көкөніс өнімдерінде нитраттар анықталды.
Ойыншыққа да ден керек
– Департамент тамақ өнімдерімен қатар, балалар ойыншықтары қауіпсіздігіне бақылау жасайды, – дейді Юрий Залыгин. – Биылғы жылдың 11 айында сауда объектілерінде балалар ойыншықтарының 421 сынамасы алынды. Олардың сараптама нәтижелері бойынша 183 сынама немесе 43,5% техникалық регламент талаптарына сәйкес келмейді. Олардың барлығы Қытай, Өзбекстан, Ресейден әкелінген.
Сәйкессіздіктің негізгі бөлігі таңбалаудың бұзылуына байланысты екен. Ол 91,8%-ды (168 сынама) құрайды. Анықталған сәйкес келмейтін ойыншықтарда ойыншық туралы қандай да бір ақпарат, оның ішінде бұйымның атауы, дайындаушының атауы мен орналасқан жері, баланың жасын, негізгі құрылымдық материал, ойыншыққа күтім жасау тәсілдері, жасалған күні мен жарамдылық мерзімі және басқасы көрсетілмеген. Аталған ақпараттың болуы Еуразиялық экономикалық одақтың «Ойыншықтардың қауіпсіздігі туралы» техникалық регламентінің міндетті талаптары болып табылады.
Департамент басшысы мереке қарсаңында балаларға сыйлық таңдауда ойыншықтардың сапасына мән беру қажеттігін ескертті. Сонымен бірге, тамақтан улану фактілерінің алдын алу үшін тексерілген, сенімді деген өнімдерді пайдалануды ұсынды.
Жансая ОМАРБЕК.