Бас тақырып

Бас имам «Saryarqa Aqparat» медиахолдингі ұжымымен кездесті

Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасының Қарағанды облысындағы өкіл имамы, «Әнет баба» атындағы облыстық орталық мешіттің бас имамы Естай қажы Әбдіғали «Saryarqa Aqparat» медиахолдингінің ұжымымен кездесті. Кездесу Құрбан айт мерекесіне орай ұйымдастырылды.

Суреттерді түсірген Қ.ЖАНДОС

Кездесуге «Saryarqa Aqparat» медиахолдингінің директоры Қайрат Әбілда, директордың орынбасары, «Индустриальная Караганда» газетінің бас редакторы Оксана Мягких, «Ortalyq Qazaqstan» газетінің бас редакторы Ерсін Мұсабек, «LIFE09» ақпараттық агенттігінің редакторы Жанайдар Майкен және басқа да қызметкерлер қатысты.

Алдымен, «Saryarqa Aqparat» медиахолдингінің директоры Қайрат Жүнісұлы жиналғандарды Құрбан айт мерекесімен құттықтады. Облыстың бас имамы Естай Айтуғанұлына ұжымның атынан Алғыс хат табыстады.

– Қарағанды облысы – көпұлтты, көпконфессиялы аймақ. Біз толеранттылық қағидаттарын сақтаймыз, барлығымен доспыз, басқа діндерге құрметпен қараймыз, егер олар, әрине, Ата Заңымызға, заңдарымызға және ішкі саясатымызға қайшы келмесе. Біздің күшіміз бірлікте! – деп атап өтті Қайрат Жүнісұлы.

Өз кезегінде Естай Айтуғанұлы да Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасының атынан медихолдинг директоры Қайрат Жүнісұлына және ұжымға Алғыс хат табыс етті.

– Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастайын. Құрбан айт мейрамы елімізге құт әкелсін! Елдің іргесі аман, жұрттың іші тыныш болғай! Масс-медиа құралдары – өзекті ақпаратты дер кезінде беретін негізгі арна. Журналистермен тығыз ынтымақтастықта болғанымызға өте қуаныштымын. «Saryarqa aqparat» медиахолдингі руханиятты, имандылықты, ізгілікті белсенді түрде насихаттап келеді. Осы орайда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлының атынан барша қызметкерлерге ыстық лебізімді жеткізгім келеді», – деді Естай Айтуғанұлы.

Кездесудің ресми бөлімінен кейін бас имам марқұмдардың рухына Құран бағыштады.

Одан бөлек, бас имам журналистерге Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының жетекшілігімен жарыққа шыққан «Бабалар ізімен: қазақ даласындағы мұсылмандық мектеп» атты кітапты тарту етті.

Кездесудің соңы еркін форматтағы әңгімеге ұласты. Естай Айтуғанұлы облыста атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, журналистердің сұрақтарына жауап берді.

Толығырақ «Ortalyq Qazaqstan» газетінің алдағы сандарынан таныса аласыздар.

Жәлел ШАЛҚАР,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button