Жаңалықтар

«Барыс жылы туған асау балықпын…»

Әкем Ақсұңқар мен анам Һалифаның аруағына

(ғұмырбаяндық эссе)

(Жалғасы. Басы газеттің №21, №24 №27­ ­санында)

Сурет автордың жеке мұрағатынан

«Жезтасқын». Мұхтар Мағауинмен кездескенде

«ХХ ғасырдың жиырма сәті» шыққаннан кейін Қарқаралыда жүріп, «Қызыл­арайды» шығардым. Үшінші жинақ та дайын тұр еді. Менің 1970-жылдары жиырма жасымда жазған бір поэмам бар, сюжетін Қасиетті кітаптардан алып ем, тақырыбы – «Адам ата мен Хауа ананың үйленуі». Сол жалғанның жарығына шыққанша жаным қалмап еді. Ахаң (Ақселеу Сейдімбек): «Жазушы» баспасына Бас редактор болып Мұхтар Мағауин келді. Соған бар», – деп ақыл қосты. Мұхаңды сырттай жақсы білемін. Өзін бұрын көрмегем. Ахаң «ол кісінің мінезі қиын, байқап сөйлес» деген. Жүрегімді қолыма ұстап, Алматыға ұшып, кеңсесіне имене кіріп бардым. «Мен Ақсұңқарұлы деген ініңіз едім, сізге сәлем берейін деп келдім…» дей беріп едім, жүзіме сыр тарта, сынай қарап: «Е-е, өскен соң ағаларыңды іздейсіңдер ғой?» – деді! Сонсоң жыраулар поэзия­сынан Абай атаға түсіп, біраз шешілді. Абайдан кейін «Арқадағы ұлттық рух басқа жаққа көшті…деп жүргендер де бар, айтса-айтқандай, репрессияға түсіп, қынадай қырылған, маңдайдағы соры бес елі біздің елден әдебиетке келіп жатқан толқынның қарасы аз» дей келіп: «Ал, айт, қандай шаруа?» – деген. Жинақ дайындап әкелгенімді айттым. Жинақ шығарудың қиын екенін, «тематический план» деген болады, оған кіру қиямет, оны ЦК бекітеді дей келіп, кітап сөресінен бір папка алып шықты.

«Сен қайдасың қазір?» – деген. «Қарқаралыдамын» – дедім. «Сені Ақ­тоғай ауданы, Жезқазған облысында деп еді ғой?» – деді. «Ия, шешем ентікпе деген ауруға шалдығып, ауасы кең, табиғаты әсем, көршілес Қарқаралыға көшкенбіз… Әкем бұрын осында жауапты қызметтерде болған», – дедім.

«Тематический план деген – осы» – деді сөредегі бір папканы суырып алып.

– Сені осында бас редактор боп келген бетте соған кіргізіп қойғам. Егер біреу-міреу біліп қойып, қолжазбасы жоқ дүниені темпланға кіргізіп қойған деп үстімнен арыз жазып жіберсе, бұл қып-қызыл қылмыс?! Жезқазғанда деген соң кітабыңның атын «Жезтасқын» деп атадық та, көлемі 4,5 б.т. деп, жоспарға кіргізіп қойғанмын!» – деп жымиып отыр…
Сол жинақ келесі жылы іле-шала жарық көрді. «Адам ата мен Хауа ананың үйленуі» деген сатиралық поэма осы кітапта шықты. Құдайға қарсы! Атейс­тік-коммунистік-маркстік-лениндік дүниетаныммен жазылған. Дүниеге келгеніне биыл – 40 жыл, жарыққа шыққанына 29 жыл болады. Исламдық рухта қайта жазсам деп қиналып көп жүрдім, қолымнан келмеді. Ахаң (А.Сейдімбек) 80-жылдары бұл поэманы жас ақындардың бүкіл­одақтық байқауына қосқан, адамзаттың түбі қазақ деген максималистік ойымды байқап қалған Мәскеу оны жақтырмай, мені жас жазушылардың бүкілодақтық жиынына қатыстырмай тастаған…
Бұ жыр 2018 жылы «Сайтанның сайран салуы» деген атпен қайта жазылды. «Адамзат-нама» атты хамса-поэманың бір жыры осы.

«Сайтанның сайран салуы»

Сол жылы «Жас Алашқа» шықты. Ұмытпасам, бейсенбі болуы керек, Алла жазса, келесі сейсенбіде келіп қалар? Қарағандыға жете қойған жоқ әлі. Алматыдан Темағам (Т.Медетбек) телефон шалды. Сүйсініп жатыр. Басқа – ешкім… «Көк Түріктер сарыны» шыққанда мен де есімнен танып қала жаздағам-ды…
Мейірхан Ақдәулет жырдың тамырын тап басыпты: «Жиырмасыншы ғасырдың жиырма сәті» атты тосын, уытты поэмасымен қазақы жұртты һәм… масаның көлеңкесінен үрейленіп жүретін қазақы зиялы қауымды аң-таң қылған Серік ақынның «Сайтанның сайран салуы (ескі жырдың жаңа нұсқасы)» атты поэмасына тағы да таңданып, ең бастысы, қуанып отырмын. Бірден айтайын: бұл біз білетін «Адам ата – Хауа ана» поэмасының жаңа нұсқасы да емес, автордың «опынып кешірім сұрауы» да емес, «өз қатесін өзі түзетуі» де емес, «ескіні жаңалау арқылы есеп толықтыруы» да емес. Бұл – су жаңа шығарма» – депті «Жас Алаштың» сол күнгі бетінде! Сұңғұла ғой ол!
– Құдайға тәуба! Сіз бен Мейірхан болмаса, қайтер ем?! – дедім, сол күні телефон шалған Темағама (Темірхан Медетбек).
Темағам мырс етіп күліп жіберіп:
– Мен «Көк Түріктер сарынын» жазғанда біраз дос сәлем де бере алмай қалған… түк етпейді! – деді.

Тоқырауын. Тоқырау заманы

Менің күллі ғұмыр жасым провинциялық – Ақтоғай-Қарқаралы аудандық («Арқа еңбеккері», «Восход-Шұғыла»), облыстық «Орталық Қазақстан» газеттерінде өтті. Бұлар, негізі, ақын жүретін жер емес екен… бірақ, – жүресің, одан басқа жүрер жер, басар тау жоқ бұ жақта.
Алғашқы еңбек жолымды Ақтоғай аудандық «Арқа еңбеккерінде» бастап едім. Бұл (алғашқы атауы «Қызыл ту») сол совет өкіметі кезіндегі аудандық газеттердің алдыңғы легіндегі басылым болған. Бірінші, екінші үшінші беттері, дәстүр бойынша, сақман, мал қыстату, күйек алу т.б. ресми материалдар болса, соңғы төртінші беті – поэзия, махаббат өлеңдері болушы еді. Газет редакторы Сымағұл Ыбыраев, «Балхашский рабочий» газеттерінде шыңдалған, қазақ ұлттық публицистикасының өрелі өкілі еді. Мен келгенде редакторлықтан төмендеп, орынбасар боп қалған…
Редакциядағы жігіттердің бәрі де таныс-біліс еді. Алғашында не істерімді білмей, бір-екі аптадай дағдарып жүріп қалдым. Ел мұрнынан шаншылып, жұмыс істеп жатыр. Бөлім меңгерушімнен «Не жазып жатырсың?» деп сұрасам, «Бас мақала…» деп міңгір ете түседі. «Бас мақала жазу қиын ба?» – десем, «СҚ»-ыны оқысаңшы?» – дейді. Оқысам, «КПСС-тің пәленбайыншы съезінің шешімдерімен жігерленген совет халқы…» дегеннен басқа түгі жоқ? Бір апта өтті, – бөлім бас­тығым әлі жазып жатыр…
– Әй! Сен қалтаңа қолыңды салып ап, не істеп жүрсің?! – деді Сымекең бір күні. – Мынау бас мақала, бүгін нөмірге кетуі керек! – деген. 15-20 минут шамасында диктовка жасап, дайындап әкеліп, алдына қойдым. Сымекең оқып шықты да, жымиып, «типографияға апар» деді. Оны баспаханаға тапсырып, қайтып келсем, бөлім меңгерушім әлі жазып жатыр екен «бас мақаланы…».
Содан бастап, қолыма қалам алғам жоқ. Аупарткомның пленумы, комсомол жастар шопандар бригадасы туралы бет-плакаттар дейсіз бе, бәрін де диктовка жасай салып, «Тоқырауын» ресторанына қарай кетіп бара жатам…
Содан кейін Талдының «Шұғыла-Восток», Қарқаралының «Коммунизм таңы», облыстық «Орталық Қазақстан» газеттерінде де қолыма қалам алмай кеттім.
Эсселерімді өлең жазғандай, қиналып, барымды сарқып жаздым, әрине. Ол да маған өзінше бір поэзия еді.

Аудандық газет
Ауданда да адам көп дара-дара,
Қияли да қиқулар бара-бара.
Ақжарықта жүріп-ақ адамзат деп,
Қақсай берді қайтпас бір қара бала.

Қара бала қай жақтан сыр шертеді?
Тілші екені белгісіз, жыршы екені
– Ақтоғайдың Чилиде несі бар деп
Біреу айтса Сымекең мырс етеді.

Менде де бар бір бастық ақылы қат,
Содан жүрем күн сайын тақырып ап:
– Сен Чилиді қой-дағы айналайын,
Күйекті жаз! – дейді әлгі шақырып ап.

Сымекеңнің онымен болмайды ісі,
Ел оқысын газетті, сол – қайғысы
Есіл-дерті күйек қой дейтін күліп,
Махаббатты қайтеді ондай кісі?!

Тілшілікке мәз болмай мансап қылып,
Музам алып қашады сан-саққа ұрып.
Ләйлә аруға ғашық боп жазған жырым,
Бастығымның миына қан шаптырып.

Ашуланды бастығым бара-бара:
– Алды артыңа қарайлап, қарама да,
Алматыға кет! – дейді ақын болсаң!
…Абдырайды сол кезде қара бала.

Осы жүріс, Құдай-ау, не тірлігім?
Өртеніп-ақ барады бетім бүгін
Алматыға жетпесем
Ақтоғайда
Ақын бола алмайтын секілдімін.

Бастығымнан жүргенде тақырып ап,
Ләйлә алыстан әуре етті шақырып-ақ.
– Сен қой-дағы ботаңды боздай бермей,
Шопанды жаз! – дейді әлгі шақырып ап.

Өзім – ақын болғанда, өзім – өлең,
Алашымның ағысын сезіне өлем
Адам көрдім осындай адамзатқа
Қарай-тұғын ауданның көзіменен!

Көз алдыма сол газет көлеңдеді,
Қайда оның парағы көнергелі
Бірінші бет – күйектен түскен хабар,
Соңғы беті – махаббат өлеңдері.

Шақырып ап ауданға айдаладан,
Қолға қалам ұстатқан қайран ағам,
Адамзат пен ауданды қоса-тұғын
Сымекең жоқ, қаңғырып қайда барам?!

Аман ба екен сондағы ел өзіме ерен?
Содан Алаш ағынын сезіне өлем.
…Әлі де онда бір пенде адамзатқа
Қарай ма екен ауданның көзіменен?!

Қайда, шіркін, сондағы жас күніміз,
Миллиардтар ағылған тасқынымыз?
Бастық болып алды ма, Құдай қолдап,
Бас мақала жазатын бастығымыз?!

Ойран тау мен Шатырша арасының,
Асуында қаншама аласұрдым.
Ғафу ағам ақын деп айтқанменен
Мен аудандық газеттің баласымын.

Серік АҚСҰҢҚАРҰЛЫ

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button