Жаңалықтар

«Барыс жылы туған асау балықпын…»

(әкем Ақсұңқар мен анам Һалифаның аруағына)

(ғұмырбаяндық эссе)

29 наурызда қазақ поэзиясының ақсұңқары, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлығының, ха­лықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Серік Ақ­сұңқарұлы 75 жасқа толмақ. Мерейтой қарсаңында «Барыс жылы туған асау балықпын…» деген ақынның ғұмырбаяндық эссесін жариялап отырмақпыз.

Редакциядан

Сурет С.Ақсұңқарұлының жеке мұрағатынан

«Поэты рождаются в провинций, а умерают в Париже».
Француз мақалы

«Я – поэт. Этим и интересен».
В.Маяковский

«Өзге емес, өзім айтам өз жайымды».
Қасым

***

«Барыс жылы туған асау балықпын…»

Барыс жылы туған асау балықпын.
Жердің тілін,
Шөлдің мұңын шала ұқтым.
Мұң-шері мен қасіретінде жүзгенмін,
Мұхиты жоқ қазақ деген халықтың.

Судың жырын,
Шөлдің мұңын айтқан күн,
Жағалауға шығуға да шақ қалдым.
Тоқырауынмен құмға сіңіп, құрдымға,
Көк теңіздің түбін көріп қайтқанмын.

Арпалысып асау толқын жалымен,
Батысты да,
Шығысты да шалып ем.
Шарап дейтін шалқар мұхит бетінде,
Шалқасынан жатып жүзген балық ем…

Тынық Мұхитында-дағы жүзер ем,
Үнді мұхитында-дағы жүзер ем.
Барыс жылы туған балық болған соң,
Сырдың суы келген емес тізеден.

Алаш дейтін айдын-көлім,
Шер – жүрек,
Желден де озып,
Серпіп сеңді, селді кеп,
Жер түбінен Саған жүзіп келемін,
Желбезегім желбіреп…

Мен 1950 жылы 29 наурызда (төлқұжатта солай), сол кездегі Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданы, Кеңасу селолық кеңесінде дүниеге келіппін. Бұл Қызыл­арай тауының етегі. Сарыарқадағы биік тау. Арқадағы ең биік шың Ақсораң да осында. Одан заңғар шың болар деп ойламаған едім. Алғаш рет бұлтқа оранған Алатауды көргенде, көз алдымның көгілдір мұнарға көміліп кеткені әлі есімде. Алатаудың етегінде ғұмыр кешсем арман болмас дегем… Қанға сіңген қасиет – мұзарт шыңдар мен биік тауларды жанымдай жақсы көремін! Ең жек көретін нәрсем – Рухани Ергежейлі!
Төлқұжат – пенденің жасайтын ісі. Баласының нақ туған күнін төлқұжаты түгілі, әкесі де біле бермейді. Шешем сен 8 наурыз – әйелдер мерекесінде туғансың деп отыратын. Онда оны осы күнгі жұлдызнамаға салсаң, балық болып шыға келем.

Алматы

Алатауға қанша есім кеткенмен, Алматыда өмір сүруді тағдыр менің маңдайыма жазбады. Әдеби ортада бола алмағаным әрі азап, әрі ғажап болды.
Алматыны адамзаттың ару шаһары деп ойлаймын. Оған бір-ақ нәрсе жетіспей тұр. Ол – Ақындар аллеясы. Осы жерде Алаш ақындарының азалы келбеті мен асқақ бейнесін қоладан құйса, жер бауырлаған ұлттық рух басын көкке көтерер еді. Асан Қайғыдан – Маралтайға дейін! Маған сол жерде Дәуітәлі Стамбековтен кейіндеу бір орын бұйыртса жетеді.
Өлеңді 13 жасымнан жазыппын. Қара тер болып, қиналып жазамын, еліктеп-солықтау кезеңін мен де көп жүрдім. Небір ұлы ақындардың шаһқар (шедевр) дүниелеріне мен де талай көшірме жасап мәз болғам. Қазір бәрін тас­тап, Абайға бет түзеп келе жатқанымды ішім сезеді. Мұны Қасиетті Кітапта «Адасқан ұлдың туған ошағына қайтып оралуы», – дейді. Менің шығармашылығым хақында шаршы топта алғаш рет жылы лебіз білдірген Қуан аға (Қуандық Шаңғытбаев). 1975 жылы Керекуде өткен жас ақын-жазушылардың аймақтық кеңесінің кезі еді. Сонда кітаптарындағы суреттерін ғана танитын сөз шеберлерін көзіммен көрдім. Олжас Сүлейменовті көргенде: «Поэт красивым должен, быть, как бог!» деген сөзі есіме түсті. Содан бері өзіме өзімнің көңілім толмай келеді.
«Астана кітап көрмесі-17» деген көрмеде келісті әдемі бір әйел келіп:
– Мені ұмытып қалған жоқсыз ба? – деді іш тартып, – 1974 жылғы Павлодардағы жас ақын-жазушылардың аймақтық кеңесі есіңізде жоқ па?
– Бас жағы есімде, соңғы жағы бұлдыр, – дедім шынымды айтып.
– Мен 25 жасыңда көргенде-ақ, көзің бұлдырап жүр едің, – деді бірден «сенге» көшіп, – Қуандық Шаңғытбаевтың секциясында екеуміз қатар отырғанбыз. Онда лапылдаған жас едік-ау! – деді біраз күрсініп, – Сен онда, тіпті, ор қояндай ойнап тұр едің! Сенің кезегің он бес шақты ақыннан кейін кештеу келді. Сен Чили туралы ұзақ бір жыр оқып едің, Қуандық Шаңғытбаев «О, мен өз ақынымды таптым!», – деп бізді таратып жіберіп, сені қолтығына алып, жүріп кетті. Сол қолтықтаған күйі сені Қалижан Бекқожин, Олжас Сүлейменовтердің ортасына кіргізіп жіберді деп естідік? Ертеңіне поэзия кеші болды. Сен екеуіміз қатар отырдық. Олжас жыр оқығанда көзіңді ашып аласың да, одан кейін қайта қалғып кетесің. Мен сені сонда неше мәрте түртіп ояттым ғой. Әрине, есіңде жоқ! Қуан ағаң сонда: «Ақсұңқарұлын осы бір-ақ жырымен одаққа алуға болады!», – дегенде, зал іші дүрілдеп кетіп еді.
– Ол сөз есімде, – дедім мен де өзімше мағмұрланып. – Ол кезде сен де айдай ару болған шығарсың? – дедім ырза болып. Өзімше комплимент жасаған түрім-ді.
– Не деп отырсың?! – деді әйел мені жақтырмай, – «Ертістегі неткен ерке елік ең, Керекуге бір сені іздеп келім ем…», – деген маған арнаған өлеңің де есіңде жоқ па? Ол кезде Олжекеңнің қырықта қылшылдап тұрған кезі. Бәріміз соған ғашық боп жүргенбіз! Саған қарайлау қайда?! Сырлы аяқтай, сырым кетсе де, сыным әлі кете қойған жоқ!
«Ертістегі неткен ерке елік ең, Керекуге бір сені іздеп келім ем…», – дей бердім ішімнен күбірлеп. Қаншама өлеңім өстіп өліп кетті екен? Қаншама жерде… Александр Блок айтпақшы, әдеби орта «Около литературная дамаларымен» әдемі екен ғой, шіркін!
– 50 жылдары, – деп еді сол жолы Қуан аға (Қуандық Шаңғытбаев) маған, – сенің Қасым көкең осындағы екі ақынға қарап отырып, айтып еді: «Мына көбелектің (алып ұшқан талантты жас ақынды айтқаны) арқасына өлең қонған. Ал, анау жапалақ ( дәлдүріш) өлеңнің арқасына өзі қонайын деп жүр. Қасым ағаңды пір тұтсаң, адаспайсың ғой? Байқап жүр, бірақ! – деді.

Қуандық Шаңғытбай

Түсімде жан бір суынып, бір ысып,
Қуан ағам осы неге жүр ұшып?
Хаямменен шарап ішіп Ширазда,
Шотландияда Бернспен сыра ішіп?

Жұмақ бағы.
Желқайық.
Желқайықта – үшеу, басқа ел – ғайып:
Келе жатыр, оң жағында – Әуезов,
Сол жағында – Маршак…
… Сағи Жиенбаев!

«Барға барсаң шықпай қойма
шатасып,
Ақынның да күндесі көп,
бақасы…».
Деген маған Керекуде осын-оу –
Қазақ лирикасының сол Атасы!

«Қарашы,
Бересі көп, ақында жоқ аласы.
Соны білсең, алдың – мұзарт,
артың – гу,
Ал, ұшып кет, Ақсұңқардың
баласы!..»

…Түс қашады, сонсоң, көзім
байланып:
«Барасыңдар, ей, Көкемді қайда
алып?!»
Жөней берді Хаям болып
біресе ол,
Біресе Роберт Бернске айналып,
Қасымға айналып,
Жасынға айналып!
Басым айналып…

Макро-Микро-Әлемде

Мен осы жасыма жеткенше екі планетада ғұмыр кешіп келемін. Біреуі – «Жер-Ана» деп аталатын Макро-Әлем, екіншісі – Қызыл­арай-Қарқаралы-Қарағанды атты Микро-Әлем. Мен әлі күнге дейін осы екі әлемде өмір сүріп жүрмін. Мына Жарық Дүниеде кіндігім Ақжарық-Ақсораңға түсіп, қазақ боп жаралмағанда, адамзаттың керуен көшіне ілесер ме едім, ілеспес пе едім? Оны бір Құдай біледі.
Совет одағының кезінде тау елінің бір баласы кісі қолынан жазым болып, қылмыстық іс дау­ға айналыпты. Оны өлтірген де тау елінің тұрғыны екен. Жоғарғы сот бір тоқтамға келе алмай, істі Жоғарғы Советтің Президиумына әкеледі. Бәрі де ату жазасын ұсынады. Тек Ақын Расул Ғамзатов қана үкімге қарсы дауыс береді.
– Мұныңыз қалай?! – дейді Президиум мүшелері аң-таң қалып, – Жендетті ақтағыңыз келіп тұр ма?!
– Біздің авар жұртында бір дәстүр бар еді. Біз дастарханынан дәм татқан үйді жамандыққа қимайтын елміз. Мен бұл жігіттің шешесінің қолынан шай ішіп едім, – депті сонда Расул. Қызыларай мен Ақтоғайда, Қарқаралыда мен дәм татпаған үй жоқ. Дүниеге шырылдап келгеннен осы күнге дейін осы жұрттың топырағы мен ата-баба аруағы, ел-жұртымның дәмі жебеп жүр мені! Мен елден кетердегі алты жасар баласынан бастап, алпыс бел, жетпіс белес, сексеннің сеңгірінен асқан ауылдастарымның бәрі көз алдымда.
Прозаға да поэзия деп қарадым. Адам Ата – Һауа Ана жаралғалы адам баласының болмыс-бітімінің 99 пайызы Анти-Поэзия дейтін қоғамдық құбылыстан тұрады. Бір-ақ пайызы ғана – Поэзия. Менің көзім соған жетті. Алла ғұмыр берсе, бір күні сол қара сөздерімді «Анти-Поэзия» деген атпен жарыққа шығарам. Мен оның бәрін осы құбылысқа ерегесіп жазып едім. Өмір – менің Әлия мен Халифат, Әлиім мен Нәзира, Айша мен Әлиханымдай әдемі! Өзегім өртенеді де тұрады. Сол кезде өлең жазамын. Өлең жазбайтын адамға қызыға, қызғана қараймын. Тағдырдың маңдайға жазғаны осы болса қайтем енді?!
Әкем – Ақсұңқар Сүлейменов. Ол кісінің кім болғанын айтып жатпаймын. Аты айтып тұр. Мен де жапалақша күн көре алмадым. Өмір сүрдім. Қандай өмір екенін өлеңдерім айтуға тиіс. Анам – Һалифа Рамазанқызы. Түбім – қыр­ғыз, нағашым – қожа көрінеді. Ақындық маған ана жұртымнан ауысқан болар. Арабша жазсам, Алла жарылқап, абыройым асар ма еді, кім біледі. Бірақ мен қазақша жаздым. Бұл – ғаламдағы ең ұлы тілдердің бірі һәм бірегейі. Қазір оның қазаққа да қажеті шамалы болғанымен, күндердің күнінде ақыл-есі кемел адамзат қазақ тілінің ғажайыбына аң-таң қалатын болады.

Серік АҚСҰҢҚАРҰЛЫ

(Жалғасы бар)

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button