«Барыс» командасы басым түсті
Шет ауданына қарасты Өспен ауылының Мәдениет үйінде жасөспірімдер арасындағы «Kairat Cup League» футбол лигасы 2025 жылғы маусымының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Биылғы турнирде жүлде 5 команда арасында сарапқа салынып, 15 ойын өткізілді. Нәтижесінде «Барыс» командасы басым түсті.

Турнирдің «Kairat Cup League» аталып, оның өткізілуіне ауылдың атқамінер азаматы, жанашыр Қайрат Рашидұлы Көпбаев себеп болған. Ол ауыл жастарына бұған дейін шағын футбол алаңын және «Жастар» саябағын салып берген көрінеді. Екі жыл бойы аталған жарыстың өткізілуіне демеуші болып, жастардың кез келген бастамасына қолдау білдіретін де осы азамат екен. Осындай жанашыр жанның құрметіне ұйымдастыру алқасы турнирді «Kairat Cup League» деп атауды жөн көрген.
Шілде-тамыз аралығында болған биылғы турнирде кубокты 5 команда сарапқа салып, нәтижесінде «Барыс» командасы жеңіске жетті.
Тағы бір айта кетерлігі, ауыл азаматтары биылғы турнирдің өтуіне өз үлесін қосқан «Аюлы company» ЖШС басшысы Батырлан Сәкенұлының есімін де атауды жөн санайды.
Жабылу салтанатына Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары міндетін атқарушы Дәурен Есімханов қатысып, жас спортшыларға жылы лебізін білдірді.
Сондай-ақ, турнирде мына номинациялар бойынша жеңімпаздар анықталды. «Үздік шабуылшы» номинациясы Алижан Дүйсенбіге, «Үздік қақпашы» Ислам Сағынышқа берілді. Алижан Дүйсенбі «Үздік ойыншы» атанды.
Ал, «Үздік қорғаушы» номинациясы Заңғар Мұратқа бұйырса, «Үздік жаттықтырушы» Тайыр Мейрамұлына берілді. Бауыржан Қайрат болса, «Жаңа есім» номинациясымен марапатталды.
Дәстүрге айналып келе жатқан жарыс ауыл балаларының жазғы демалысын тиімді өткізуге зор септігін тигізуде.
Гүлнұр Серікжанқызы,
«Ortalyq Qazaqstan»