Барша мұсылманның ұлық мейрамы
Күллі мұсылман қауымы асыға күтетін, қасиетті Құрбан айт мейрамы да жетті. Ұлық мерекеге орай Қарағанды облысы бойынша бас имам Естай Айтуғанұлы орталық «Әнет баба» мешітінде Құрбан айт мерекесіне қатысты журналистермен брифинг өткізді.
Бас имам құрбан шалу рәсіміне арналған мал сою орындарын тазалық талаптарына сай дайындауды, арнайы штаб құрып, елдің аманатын тиянақты атқаруды, мейірімділік пен қамқорлыққа үндейтін ұлық мерекенің қадір-қасиетін және қандай игі амалдар атқаруға болатыны туралы баяндады.
Сонымен қатар, Құрбан айт мейрамында жасалатын амалдарға байланысты уағыз-насихат айтылып, жамағаттың тарапынан туындаған сұрақтарға жауап берілді.
Биыл Құрбан айттың бірінші күні 16 маусым, жексенбіге сәйкес келеді. Құрбан айт мерекесін атап өтуге байланысты Қарағанды әкімдігі құрбандық шалу орындарын белгіледі.
Арнайы мал сою пункттері Резник көшесі, 18 («Абишева А.О.» ЖК) Гоголь көшесі, 2/23 («АРАЙ KZ» ЖШС) С.Сейфуллин көшесі, 53 («Хасенов» ШҚ) мекенжайларында орналасқан. Аталған орындар ветеринарлық қызметтің ветеринариялық-санитариялық қорытындысын алған мал сою пункттері екенін атап өткен жөн.
Құрбан айт намазынан кейін үш күн ішінде жағдайы келген мұсылманға құрбандық шалу – міндет. Алла Тағала қасиетті Құранда: «Раббыңның разылығы үшін намаз оқы және құрбандық шал» («Кәусар» сүресі, 2-аят) деп бұйырған.
Алла Тағала елімізге амандық, жұртымызға тыныштық бергей. Ізгі ниетпен шалатын құрбандығымыз, қажылық сапарында жүрген отандастарымыздың қажылығы қабыл болсын!
Өз тілшімізден.