Баршаға ортақ міндет
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Қазақстан халқына дәстүрлі Жолдауын барша қалың жұртпен бірге зор ықыласпен тыңдап, жаңа Әділетті Қазақстанды құру жолында қол жеткізген жетістіктерімізді естідік. Президент Жолдауда еліміздің әрі қарай дамуына бағытталған қажетті тоғыз бағытты қадап айтты.
Жолдаудың екінші бағытында орта және кіші бизнесті дамыту мақсатында жұмысты жақсарту үшін бірталай нақты шараларға тоқталды. Осы бағытта «Агроөнеркәсіп кешеніне инвестиция тарту – өте маңызды міндет», – деді.
Бүгінгі күнге дейін ауыл шаруашылығы саласында жергілікті жерден ауылдық округтерден бастап, жоғары орындарға ауданға, облысқа, республикаға берілетін мәліметтердің, есеп-қисаптың бұрмалауы орын алып келгендігі де ашық айтылды. Республика бойынша 2 миллион ірі қара және 3 миллионнан астам уақ мал жоқ болып шықты. Негізінен, мал басының артық болуы кейінгі жылдары біздің ауылдық округтерде де орын алғаны байқалған.
Жолдауда жер мәселесіне де ден қойып, атқарушы және құқық қорғау органдарына бірталай тапсырыстар жүктелді. Жерді агротехникалық талаптарға сай пайдалану қазіргі кезде дұрыс жолға қойылмай келеді. Ауданның шаруа қожалықтарының 60-65 пайызы бекітілген жерді игерсе, қалған бөлігінде мал ұстамайды, егін салынбайды.
Аудан шаруашылықтарында жерге инвестиция салу – жоқтың қасы. Жамбыл облысының Меркі ауданында «Аmanat» партиясының бастамасымен жүргізілген тәжірибені неге біздер, шаруалар мен әкімдер пайдаланбасқа? Ауданның ауыл шаруашылығының негізгі бағыты – мал өсіру, оның өнімін өткізу.
Егін шаруашылығын қолға алып, оны пайдалану кезеңі келді. Әсіресе, суармалы егістікті қолға алу керек. Биылғы еліміз бойынша, оның ішінде, біздің аудан көлемінде орын алған алапат тасқыннан сабақ алуымыз керек. Сол тасқынның қарғын суы қай жерден басталып, қандай көлемде жайылып, қайда құйылғанын судың өзі (жолы) көрсетті.
Ақой, Батық, Бұрма, Красная Поляна, Көктіңкөл, Нұраталды, Талды, Орджоникидзе (Ақсу-Аюлы ауылы), Тағылы, Өспен шаруашылықтарында бұрын пайдаланған платиналар (бөгеттер) мен тоғандарды (су қоймалары) қалыпқа келтіріп, картоп, көкөніс, жүгері (сүрлем үшін), екпе шөптер егуді бастау керек. Ауданның іргесінде орналасқан Кеншоқы округінде «Шилі» өзенін бөгеп, 1972 жылы бөгет салғанбыз. Бұл су қоймасы 300 гектар жерге жайылатын болған. Ол алқапта 12 бөгет-дамба тұрғызылған. Бірақ жобаның дұрыс жасалмағынан, платинаның қашыртқысы істемей, мол су оны шайып кеткен.
Бұл жұмыстарды жүргізуге округтардың ірі шаруа қожалықтарын тарту керек. Әрі қарай ауданның, облыстың қалталы азаматтарын да қосу керек.
Тағы бір елдің экономикасының дамуына тікелей оң әсерін беретін жағдай, ол – кәсіпорындарды жұмысшы кадрлармен қамтамасыз ету. Бұл қажетті мәселе де Жолдауда кеңінен орын алды.
Сайып келгенде, елдің дамуының стратегиялық мақсаттарына арналған Жолдаудағы міндеттерді орындау – баршамызға ортақ. Ендеше, іске кірісейік, ағайын!
Боранбай ЖҰМКИН,
Шет ауданының Құрметті азаматы,
ауыл шаруашылығы саласының Құрметті ардагері