Ресми

Барлық өңір инватаксимен қамтылады

Аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаев облыс аумағындағы қалалар мен аудандарды инватакси қызметімен қамтамасыз етуді тапсырды. Бүгінгі таңда бұл мәселе бойынша Ақтоғай және Шет аудандарында шешілмеген түйін бар. Атап айтсақ, қос ауданда инватаксиге ақша бөлініп, бірнеше рет конкурс жарияланыпты. Алайда, жеткізушілер табылмай отыр.

Ермағанбет Бө­лек­паев мүмкіндігі шектеулі жандардың шешілмей жатқан проблемалары бойынша арнайы кеңес өткізді.

– Бүгінде облыста 55 360 мүмкіндігі шектеулі адам тұрса, оның 4 898-і балалар. Олар тұрақты түрде оңалту құралдарымен және портал арқылы көрсетілетін қыз­меттермен қамтамасыз етіледі. Биыл бұл бағыттарға 7,6 млрд. теңге бөлінді. Қаржыландыру жыл сайын өсіп келеді, – деді облыстың жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсем Жүніспекова.

Әсем Айтжанқызының айтуынша, жалпы облыстың 11 қаласы мен ауданында инватакси қызметін ұсынатын 71 көлік бар. Олар қызметтің 14 түрін көрсетеді.

Әсем Жүніспекова енді инватаксиді аутизм спектрінің бұзылуы, «Даун» синдромы және церебралды сал ауруы бар балалар пайдалана алатынын айтты. Бұған дейін оларға бұл қызмет көрсетілмеген.

– Инватаксидің жұмысын қадағалаңыздар. Бұл – өте маңызды мәселе. Келесі жылдан бастап қызметті қамтамасыз ету үшін Ақтоғай және Шет аудандарында барлық мүмкіндіктерді пысықтаңыздар, – деді Ермағанбет Қабдулаұлы.

Бұрын психикалық ауытқулары бар балалардың ата-аналары шипажай-курорттық емдеуден өту бойынша көмек сұраған. Бұл мәселе шешілген. Сондай-ақ, жергілікті бюджеттерден бірінші топтағы мүгедектігі бар жандармен еріп жүретін серіктестерінің де шипажайда болуын қаржыландырады.

Арнайы жиында мүгедектігі бар адамдар үшін кедергісіз ортаны қамтамасыз ету мәселелері де талқыланды. Ермағанбет Бөлекпаев нысандардың қолжетімділігін құру бойынша қалалар мен аудандардың рейтингін енгізуді ұсынды.

– Байқасақ, қолжетімді ортаға қатысты бірқатар сұрақ бар. Мұны мойындап, түзету керек, – деді облыс әкімі.

Бұдан бөлек, аймақ басшысы Қарағанды қаласы әкімінен жерасты өткелдерінде жұмыс істемейтін көтергіштерді іске қосуды талап етті. Олардың қауіпсіз жұмысын бейнекамералар арқылы бақылауға бо­латынын айтты.

Сонымен қатар, Ермағанбет Бөлекпаев Геннадий Головкин атындағы спорт кешеніне лифт орнату қажеттігін де назардан тыс қалдыр­мады.

Шындығында, инватакси қызметінің мүмкіндігі шектеулі жандар үшін өте тиімді екенін айта кеткен жөн. Әсіресе, қыс­тың күндері ауадай қажет қызмет. Сондықтан да, инватакси қызметін облыстың барлық аудан, қалаларында тұратын мүгедектігі бар жандарға қолжетімді болғаны жөн-ақ. Осы мақсатта ұйымдастырылған арнайы ке­ңес­тен осындай ой түйдік.

Өз тілшімізден.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button