Бас тақырыпЖаңалықтар

Барлық бақыт – баланың күлкісінде

Жаңа жыл – балалар үшін ерекше мереке! Шат-шадыман күйге бөленеді, Аяз Атадан сыйлық күтеді. Қарағанды облысынан Президент шыршасына қатысқан 200 баланың да жүздері қуаныштан бал-бұл жанды

Көздеріндегі қуаныш, риясыз күлкі, шаттықты шақ ұмытылмас әсерге бөледі. Түрлі ертегі кейіпкерлерін сомдап, киімдерін киген жеткіншектерге ел Президентінің құттықтау лебізін облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев жеткізді.

– Қымбатты балалар мен ата-аналар, Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан Сіздерді Жаңа жылмен құттықтағым келеді. Бүгін өте жақсы мереке болды. Баршаңызға зор денсаулық, бейбітшілік пен амандық, бақытты балалық шақ және бар жақсылықты тілеймін, – деді өңір басшысы.

Балалар жасыл шыршаны айнала әндетіп, жыл кейіпкерлерімен бірге көңіл көтерді. Аяз Ата, Ақшақарға бар өнерлерін көрсетті.

– Бұл мерекеге 9 жастан 13 жасқа дейінгі балалар жиналды. Олар – конкурстардың, олимпиадалардың және спорттық жарыстардың жеңімпаздары, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар, көпбалалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан балалар. Біз шалғай аудандардан келген балаларға Қарағандыға жету үшін көлік ұйымдастырдық. Жаңажылдық мерекеге бір күн бұрын келген балаларды «Сарыжайлау» кинотеатрына «Теддидің шытырман оқиғалары» мультфильміне апардық, – дейді облыстың білім басқармасының арнайы және қосымша білім беру, тұлғаны адамгершілік-рухани дамыту бөлімінің басшысы Аруна Мұқашева.

– Маған кеш қатты ұнады. Көңілді аниматорлар би билетіп, жарыстар өткізді. Жоғары деңгейде ұйымдастырылған деп айта аламын. Жаңа жылды барлық балалар отбасымен бірге қарсы алып, бақытты болса екен деп тілеймін, – дейді Абай ауданы, Жаңа Қараған ауылынан қатысқан бүлдіршін Мария Липченко.

№6 арнайы мектеп-интернатының тәрбиеленушісі Гаухар Ахмет жаңажылдық шыршаның әдемілігіне тәнті болды.

– Маған бәрінен бұрын шырша ұнады. Ол өте әдемі безендірілген. Түрлі-түсті ойыншықтар мен жалт-жұлт еткен жарығынан көз сүрінеді. Уақытымызды көңілді өткіздік. Биледік, ойнадық, күлдік. Мен жаңа жылды асыға күтемін. Адамдар бір-біріне сый жасап, қуантады. Жақсы тілектер айтады, – дейді Гаухар.

Жасыл шырша жанындағы балдырғандарға жергілікті «Шолпан», «Бозторғай» және «Қуаныш» балалар ансамбльдері концерттік номерлер ұсынды.

Әр балаға Президенттен атаулы құттықтау картасы, «Алиса» ақылды колонкасы, құлаққап, тәттілер және үш тілде ертегілер кітабы берілді. Іс-шарадан кейін балаларға арналған мерекелік дастархан жайылды.

Сағыныш ӘБІЛ.

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button