Бас тақырыпБасты тақырып

Барды бағаламадық, амалсыз шет елді жағаладық

«Қолда бар алтынның қадірі жоқ» болып тұрған заман. Бұл экономикамызды жетілдіре түсетін әр салаға байланысты айтылса керек. Ашығын айтайық, қазір ауыл шаруашылығына әжептәуір көңіл бөліне бастады. Бірақ, барымызды бағаламай, шет елге жалтаңдауымыз қынжылтады. Тұқымы құрып кете жаздаған қазақтың ақбас сиыры, бір жылдары даламызда өріп жүретін, қазір оны «ана шаруашылықта сонша, мына шаруашылықта мұнша» деп санап кеткенімізді көзіміз көріп жүр. «Мал өсірсең қой өсір, пайдасы оның көл-көсір» деп мыңғырған қойымен мақтанған қазақ, Моңғолияға көз салды, тұқымын берші деп сөз салды…


АҚБАС СИЫР МӨҢІРЕЙ МЕ, ҚОРАҢДА?

Қазақстанда бұл асыл тұқымды ақбас сиырдың пайда болғанына да 90 жылдың мұғдары болыпты. Өткен ғасырдың 32-50-ші жылдары Қазақстан мен Ресей бірігіп, қазақ және қалмақ даласында жайылып жүрген сиырмен герефорд бұқасын будандастырып, асыл тұқымды осы қара малды «жасап» шығарды. Жылдар өтіп, бұл тұқымның жаз аптабы мен қыс қаһарына да төзімді, әрі етті екендігіне куә болды халық. «Қазақтың ақбас сиыры» деген атпен танылған бұл асыл тұқымды сиырлар белгілі бір ауылдарда өсірілді. Шет ауданына қарасты «Просторненское» асыл тұқымды мал заводы осы ауылдың бірі еді. 1980 жылдары осы зауыт туралы бір газеттен оқып едім. Онда бұл тұқым туралы, яғни, ақбас малдың бір жасар бұқасы 1 000 килограмм тартып Мәскеуде өткен Халық шаруашылығы жетістіктерінің көрмесінде бас жүлдені алғаны жазылған. Иә, кейін Кеңес одағы ыдырап, совхоз тарап, шаруашылықтағы мал талан-таражға салынды. Дегенмен, ауылдарда жеке қожалық ашқандар жетерлік. Қорасында, осы асыл тұқымды ақбас сиырлар әлі де бар. Бірақ, біз оны місе тұтпай, шет елге көз салдық. Сонау, Канададан сиыр әкелуге миллиардтар жұмсадық. Олар жерсінбей, климат ауыстыруға төзбей, қырылып қалды. Сонда да қоймаймыз. Сыртқа жәутеңдейміз…

ҚОРАҒА СЫЙМАҒАН ҚОЙ ҚАЙДА?

Бұрын ауыл дегенде табын-табын сиыр, үйір-үйір жылқы, отар-отар қой елестейтін. Қазір қала баласына ауыл туралы айтуға оқталсақ, жұмыссыздық, көшіп жатқан халық келеді көз алдыңа. Ал, бұдан отыз-ақ жыл бұрын қазақ жеріндегі ауылдарда қой, сиыр, жылқы фермалары болып бөлінгенін қалай айтасың ұрпаққа?!. Тұқым сұраймыз деп отырған Моңғол елінде 1990 жылдары ірілі-ұсақты малдың саны 25 миллион, ал Қазақстанда тек қойдың басы 35 миллион болған екен. Мына қызықты қараңыз. Қазір 3,2 миллион халқы бар Моңғолияда тек қой – 57 миллион, ал біздегі қой 18 миллион екен. Біз сонда бұрын мал бағуды басқаға үйретуші едік, қазір үйренушіге айналдық. Шет елде «қойдың етінен гөрі шикізатынан көп пайда табамыз» дейді екен. Ал, біз барымызды құнттай алмай отырмыз. Жеп алып, тісімізді шұқитын ет болса болды, терісі шіріп қоқыста, жүні шашылып далада жатыр…

АЙТАРЫМ БАР, ТЫҢДАЙСЫЗ БА?

Ауылда тұратын бауырларымыз жетерлік. Мал шаруашылығымен айналысқылары келеді. Кейбірі «Сыбағамен» несие алып, сиыр малын сатып алған. Бірақ, бірлі-жарымы ғана оны тұрақты ұстап қалды. Енді бірі малды қайта сатып, алған несиесін жабуда. Құрма ауылында тұратын Аян деген жігіт бұдан үш жыл бұрын дәл осы бағдарламамен он бас сиыр сатып алыпты. Әрі қарай өзі айтсын: «Әу баста қызықтым. Үйдегілермен ақылдасып, он бас мал алдым. Кейін басталды. Жайылымға жер жоқ. Қысқы шөпті жинауға да қаржы қажет. Қиналып қалдым. Сүтті өткізу де басты мәселеге айналды. Ақыры сатып тындым, түскен қаржымен несиемді жаптым. Негізінде мен сиыр сатып аларда, ұрынып қалдым. Мамандар маған қандай мал сатып алу керек екендігімді айтпады. Оларда түсіндіру жұмысы ақсап тұр. Мысалы, маған, қайдан жас мал сатып алуыма болатыны туралы айтса, мен кәрі сиырларды алмас едім. Жаспын, бұрын мал шаруашылығындағы тәжірибем аз болды, сол менің ұтылғаным» дейді. Бұл бір Аянның ғана басындағы жағдай емес.

Айтайын дегеніміз, «Сыбаға» болсын, басқа бағдарлама болсын өз жобасын іске асырарда тек қарызға ақша берумен ғана емес, қандай мал алу керек соны да түсіндіріп бағыт берсе, дұрыс-ау.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні болады. Соған көшейік. Ауылды көркейту, мал шаруашылығын жетілдіру бір ғана бағдарламалармен шектеліп қалмайды. Қазаққа ауызбіршілік керек. Мысалы, ауылдарда өз шаруашылығын дөңгелетіп отырған жеке фермерлер бар. Алды – 500, кемі 100 ақбас сиырды бағып отыр. Солармен келісіп, мал ұстаймын деп талпынған жастарға жерсінген асыл тұқымды малды неге сатпасқа? Шет елге телмірмей. Жер жоқ дейміз. Бірақ, кейбір ауылда 4-5 түтін ғана бар. Сол ауылдардың жері бос жатыр. Міне, осы төрт-бес үйге мемлекеттің есебінен шопандар немесе сиыр бақташыларының қосынын неге ұйымдастырмасқа? Қайтарымы да болар еді. Өйткені, олар жерді еміп, малға байланғандар. Жөн біледі. Сонда ғана ауылымыз – жанға, қорамыз – малға толады!.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ.

Басқа материалдар

Back to top button