Бар жақсылық – балаларға
Қарағандыда Президент шыршасы өтуде. Дәстүрге айналған балалар шыршасына 9 – 13 жас аралығындағы дарынды, оқуда және шығармашылықта табысқа жеткен оқушылар, ерекше қажеттіліктері бар балалар, аз қамтылған және көп балалы отбасылардан шыққан, ата-анасыз қалған балалар қатысуда.
Сондай-ақ облыстың арнайы мектеп-интернаттары, балалар үйлерінен және кемтарлар қоғамының мүгедек балаларынан барлығы 200 бала шақырылған.
Балаларды Мемлекет басшысының атынан облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев құттықтады.
– Құрметті балалар, Жаңа жылдың алдында сіздерге мықты денсаулық тілеймін. Оқуда үздік болыңдар. Барлық армандарың орындалсын, – деді аймақ басшысы.
Облыс әкімі мерекелік кеште ертегі кейіпкерлеріне қосыла ән шырқап, балалармен бірге шыршаны айналды.
Мерекелік шарада әр қатысушыны Президент атынан жолданған жаңа жылдық сыйлықтар қуантты.
Бұл орайда балаларға ұялы телефондармен қатар тәтті сыйлықтар және мерекелік түскі ас тарту ету жоспарланған.
Аяулым СОВЕТ,
Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ.
Ortalyq.kz