Ресми

Бар жақсылық – балаларға

Биыл – Балалар жылы. Еліміздің барлық өңірінде балаларға білім беру, денсаулығын жақсарту, әлеуметтік қолдау көрсету бойынша бірқатар шаралар атқарылды. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыс әкімінің орынбасары Ербол Әліқұлов Балалар жылын қорытындылап, аймақта атқарылған жұмыстар жайлы егжей-тегжейлі баяндап берді.

Аймақта білім беру сапасын жақсартуға, балаларға медициналық қызмет көрсетуге, әлеуметтік тұрғыда қамтамасыз етуге, бос уақытын ұйымдастыруға бағытталған бірқатар шаралар жүзеге асты. Оған бюджеттен 12 млрд. теңгеден астам қаражат жұсалған.

– Қарағанды облысында бастауыш сыныптарда оқитын барлық оқушылар тегін тамақпен қамтылды. Президенттің тапсырмасы аясында бюджеттен 5 млрд. 6 млн. теңге бөлініп, облыстағы 1-4 сыныптарда оқитын 71 мыңнан аса оқушы тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етілді, – деді Ербол Әліқұлов.

Одан бөлек, облыстағы дарынды оқушыларға мемлекет тарапынан қолдау көрсетілді. Жалпы білім беретін пәндер бойынша өткен республикалық және халықаралық олимпиадалардың 79 жеңімпазына ақшалай сыйлық берілді. Қосымша білім беру бойынша 2 млрд. теңге бөлініп, балалар шығармашылық және спорттық үйірмелермен тегін қамтамасыз етілді.

Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында да оң өзгерістер орын алды. Мектеп жасына дейін балаларға арналған 2000-ға жуық жаңа орын ашылды. Яғни, екі жастан алты жасқа дейінгі балаларға балабақшадағы орын 76%- дан 79%-ға дейін өскен.

Ербол Әліқұлов білім берудің барлық деңгейінде инклюзияны дамыту бойынша атқарылған шараларды атап өтті. Биыл бір аутизммен ауыратын балаларды қолдау орталығы, Шахтинск қаласында бір ПМКП, Қарағанды мектептерінде үш инклюзивті ка[1]бинет ашылған. Мектептерде 167 педагог-ассистент өз жұмысын бастады.

– Білім беру ұйымдарында инклюзияны сабақтан тыс уақыттарда дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Бүгінгі таңда облыста 2650 бала ерекше білім беруді қажет етеді. Яғни, 56%-ы қосымша білім берумен қамтылды. 1328 бала, яғни 87 пайызы арнайы мектеп-интернатында білім алуда, – деді ол.

Ербол Әліқұловтың айтуынша, биыл өңірде балалардың денешынықтыруына, спортпен шұғылдануына ерекше жағдай жасалды. Балалар таэквондо, дойбы, шахмат, үстел теннисі, жүзу, хореография спорттық секциялар бойынша үйірмелерге қатысады. Қарағанды қаласында балаларға арналған жабық футбол алаңы, Шахтинскіде денешынықтыруға арналған бассейн комплексі, Нұра ауданында екі океандық корт ашылған. Жалпы өңірде 8 океандық корт, 77 ойын алаңы, Workout спорттық алаңы жұмыс істейді.

Бұдан бөлек, Балқаш қаласында және Қарқаралы ауданында жыл соңына дейін спорттық нысандар ашылатынын айтты.

Сондай-ақ, барлық білім беру ұйымдары дабыл түймелерімен, дыбыстық хабарлау жүйесімен, бейнебақылаумен қамтамасыз етілгендігін де айтып өтті.

565 білім беру ұйымында «Бала қорғау» QR коды енгізілген. Бұдан бөлек, облыс әкімінің орынбасары балаларға медициналық көмек көрсету бойынша атқарылған шараларды баяндады.

Биыл «Шипагер», «Бала», «Үміт» реабилитациялық орталықтарында 2,5 мың бала тегін емделген. Жыл соңына дейін облыстық балалар ауруханасы ашылатынын айтты.

Балаларға қамқорлық жасау тек бұл жылмен шектеліп қалмауы тиіс. Ербол Әліқұлов балалардың өмір сүру сапасы мен денсау[1]лығын жақсарту шаралары келесі жылы да жалғасатынын айтты

Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ.

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button