Басты тақырып

Бар жақсылық – балаларға

   Облыс әкімі Ерлан ҚОШАНОВ Жаңа жыл мейрамы қарсаңында «Таңшолпан» балалар үйіне барды. Жүркежарды лебізін арнай келген аймақ басшысы балалармен емен-жарқын әңгімелесті.

Кездесу барысында балалар өз жетістіктері мен жеңістері туралы айтып берді.

– Мен бүгін арнайы сіздерге келіп, Жаңа жыл қарсаңында бірге болайын деп ұйғардым. Тағы да сіздермен кездесіп отырғаныма қуаныштымын. Біз сіздердің жетістіктеріңізді білеміз, мақтан тұтамыз, – деді Ерлан Қошанов. – Сіздерде ең мықты футбол командасы бар, жас құтқарушылар да өздерін үздіктер қатарынан көрсетті. Сіздердің үйлеріңізде жайлылық болуы үшін біз қолымыздан келгеннің барлығын жасауға тырысамыз.

Облыс әкімі балаларға сәттілік, жаңа жеңістер мен табыстар тіледі. 2018 жылы балалар үйінен шығып, үлкен өмірге қадам басатын түлектерге де ізгі тілектерін айтты.

Аймақ басшысымен бірге бір үстел басында «Таңшолпан» балалар әкімдігінің әкімі Виолетта Мурзина отырды. Ерлан Қошанов жас әріптесімен осыдан жарты жыл бұрын, Балаларды қорғау күнінде танысқан болатын. Сол кезде ол осындай кездесулер жүйелі болатынына уәде берген еді.

«Таңшолпан» тәрбиеленушілері үшін 2017 жыл түрлі оқиғаларға толы жыл болды. Жас құтқарушылар Белоруссияда өткен халықаралық жарыстарда республикамыздың намысын қорғады. Қатысушылар Виолетта Мурзинаны сол слеттің аруы ретінде таңдады.

Футболшылар командасы «Арманға жол» республикалық турнирінде жеңімпаз атанды. Бас жүлде – Лондонға сапар болды. Балалар «Стэмфорд Бридж» стадионына барып, «Челси» ағылшын клубының жаттығу базасында болып, атақты команданың ойыншыларымен әңгімелесіп қайтты. Ұлыбританиядағы Қазақстан Елшілігі Лондонның көрікті жерлеріне саяхат ұйымдастырды.

Жас футболшылар бұл саяхаттары үшін Ерлан Қошановқа алғыстарын білдірді. Тур аймақ басшысының тапсырмасы бойынша ұйымдастырылған болатын.

Сонымен қатар, бүлдіршіндер аталмыш балалар үйінің Қарқаралыдағы қала сыртындағы лагерде бюджеттік қаражатқа салынған футбол алаңы үшін де рахмет айтты. Жаттығуға арналған қосымша база балалардың жетістіктерге жетуіне септігін тигізеді.

«Таңшолпанның» тәрбиеленушілері медальдар қоржынын басқа да спорт түрлері бойынша толықтырды. Қыз балалар үстел теннисі бойынша және велоспортта ерекшеленді. Кездесуде балалар Астана қаласында өткен «ЭКСПО» көрмесіне барып қайтқан сапарларын да жылылықпен еске алды.

Ерлан Қошанов қамқорлықтағы балалар үйіне жиі келіп отыруға уәде берді.

– Қане, келісейік… Сіздер әрдайым өздеріңіздің табыстарыңыз туралы айтып отырасыздар. Ал, мен өз кезегімде біздің Қарағанды облысы қандай жетістіктерге қол жеткізгенін айтып отыратын боламын, – деді Ерлан Жақанұлы.

«Таңшолпанның» ауласы жаңа жылдық мерекеге қарсы қар мүсіндерімен безендірілген екен. Балалар ағаштарды түрлі-түсті мұз ойыншықтармен әсемдендірген.

– Бізде Жаңа жылды қарсы алудың өзіндік дәстүріміз бар. Мерекені барлық отбасымызбен бір үстелдің басында қарсы аламыз. Бізге бұрынғы түлектеріміз қонаққа келеді. Барлығымыз бірге дастарқан жаямыз. Тәрбиешілердің көмегімен салаттар жасаймыз, – дейді он төрт жастағы Олеся Тарадина.

Облыс әкімі әр отбасына теледидар мен тұрмыстық жабдықтар сыйлады.

«Таншолпан» – республикамыздағы отбасылық үлгідегі алғашқы балалар үйінің бірі. 2001 жылы құрылған болатын. Бүгінгі таңда мұнда 7-18 жас аралығындағы 98 ата-ана қамқорлығынсыз қалған және жетім балалар тұрады. Олар 8 отбасылық топтарға бөлінген.

Тәрбиеленушілерді дамыту үшін балалар үйінде шеберханалар, шығармашылық және дыбыс жазу студиялары, радио және фото үйірмелері бар. Түрлі спорт секциялары жұмыс істейді және де өзіңе ұнаған спорт түрін таңдауға болады. Сонымен қатар, балалар өздерінің «Жас қанат» атты басқару органын құрған. Онда өз әкімі бар.

Қарағанды облысында 9 мемлекеттік балалар үйі, Теміртаудағы SOS Балалар ауылы және Саран қаласындағы «Преображение» жекеменшік балалар үйі қызмет жасайды.

 

Облыс әкімінің

баспасөз қызметі.

Суретті түсірген Д.КУЗМИЧЕВ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button