Бар мейірім – балаларға
Теміртау қаласы полиция басқармасы мен С.Сейфуллин атындағы қазақ драма театры Балаларды қорғаудың халықаралық күні қарсаңында бүлдіршіндерге мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Бүлдіршіндерге қалалық полиция басқармасы жанындағы жылдам қимылдайтын арнайы жасақ қызметшілері түрлі жекпе-жек әдістерін көрсетті. Ал, театр ұжымы «Бразилия байлығы» атты ертегісін қойды. Қойылым соңында бүлдіршіндерге тосынсый әзірлеп, түрлі сыйлықтар тарту етті.
– Жыл сайын мерекені Теміртауда атап өтетінбіз. Биыл бірінші мәрте Қарағандыға келдік. Мұнда қаладағы әр мектептен 3-4 оқушыдан қатысып отыр. Сонымен қатар, «Жаңа күн» мүгедек қоры мен әлеуметтік аз қамтылған отбасылар балалары да бар. Ата-ана үшін баланың күлкісінен қымбат ештеңе жоқ. Сондықтан, мұндай іс-шараларды жиі өткізіп тұрамыз, – дейді Теміртау қаласының полиция басқармасы басшысының орынбасары, полиция подполковнигі Еркебұлан Әбділдә.
Сондай-ақ, шарада Бауыржан Момышұлы мектеп директорының орынбасары Гүлнар Қожантаева ұйымдастырушыларға алғыс айтты. – Мерекелік шараға мектептен 4 бала қатысып отыр. Ұйымдастырушыларға алғыс білдіремін. Кішкентай бүлдіршіндерге көтеріңкі көңіл күй сыйлап, арнайы сыйлықтарын табыстады. Мұндай шаралар жиі болып тұрса, қуана-қуана келіп тұрамыз»,– деді ұстаз.
Ербол ЕРБОЛАТ.
ТЕМІРТАУ қаласы.