«Бар малымды шығындап, грант алдым, мінеки»
Жаңа оқу жылы басталысымен мектеп бітіруші түлектер мен ата-ана арасында «аласапыран» басталады. «ҰБТ-дан қалай жоғары балл жинаймын?» деп бала, «баламды қайтсем грантқа іліктірем?» деп ата-ана уайымға салынады. Ақыры ақылдаса келе, ҰБТ-ға дайындайтын ақылы курстың біліміне бас қояды.

Соңғы жылдары түлектердің ақылы курстарға жаппай бет бұруы белең алды. Бұл жағдай мемлекеттік білім беру жүйесіне деген сенімнің төмендігі ме, әлде заман талабына сай өзгеріс пе? Ақылы курстың ақысы да арзан емес. Егер онлайн курстан ҰБТ-ға қажетті үш пәнді жеңілдікпен алатын болсаң 40-50 мың теңге. Арнайы ақылы орталықта оқитын болсаң, онда айына 110-120 мың теңге көлемінде қаражат төлейсің. Ата-ананың қалтасына әжептәуір салмақ.
Облыстың білім басқармасының ресми мәліметі бойынша, 2025-2026 оқу жылында Қарағанды облысында барлығы 420 орта білім беру ұйымы қызмет көрсетуде. Оның ішінде: 404 мемлекеттік мектеп, 15 жекеменшік мектеп, 1 республикалық маңызы бар, халықаралық білім беру бағыты бойынша жұмыс істейтін – Назарбаев Зияткерлік мектебі. Аймақтағы мектеп оқушыларының жалпы саны 175 мыңнан асады. Биылғы оқу жылында облыс бойынша 8 573 түлек 11-сыныпты тәмамдайды деп күтілуде. Олардың басым бөлігі – шамамен 80-85%-ы Ұлттық бірыңғай тест тапсыруға ниетті. Қаңтар айындағы ұлттық бірыңғай тестілеудің қорытындысы бойынша ең жоғары балл – 131.
Мемлекеттік жалпыға білім беру стандартына сай әр оқушы мектепте жеткілікті деңгейде білім ала алады. Алған білімінің нәтижесінде аралық, тоқсандық бақылау жұмысын, қала берді мемлекеттік емтихан тапсырады. Мектеп мұғалімдерінің ҰБТ-ға дайындауға деңгейі жетпейді деп айтуға да болмайды. ҰБТ басталғаннан карантинге дейінгі аралықта мектеп ұстаздары түлектерді тестке өздері дайындап келді. Пәндік тест сұрақтарының жинағы қазіргі ақылы курстардың орнын алмастырды. Әлемді әбігерге салған КОВИД кезеңіндегі онлайн оқу білім саласына да кесірін тигізбей қоймады. Дәл осы уақыттан басталған «онлайн» білім беру жүйесі оқушыларды оңдырмады. Араға екі жыл салып, қалыпты жүйеге оралғанымызбен, сол бір аралықтағы «арақашықтықтағы сабақ» оқушының зейінін оятып, зердесін ашпады. Кері кеткен уақыттың еншісіндегі оқудың орнын толтыру үшін ата-аналар репетитор ұстаз бен ақылы оқу курстарды жағалап кетті. Сол курстарда да сабақ беретін – мектеп ұстаздары. Басым бөлігі қосымша табыс көзі ретінде қызмет жасайды. Оқушы, ата-ана, ұстаз бастаған үштіктің ақылы орталықтарға «орнығуы» білім саласындағы бәсекелестіктің күшеюі ме, әлде, мемлекеттік білім жүйесінің әлсіреуі ме? Осы орайда, бұра тартып мемлекеттік білім жүйесін жақтамай, олай тартып ақылы білім беру орталықтарын даттамай, жоғарыдағы үштікпен осылардың үстінен қарайтын ресми органның пікірін ортаға салғанды жөн көрдік.
– Балам 11-сыныпты қала басындағы ірі оқу орталығында жалғастыруда. Оқу ақысы жылына 1 миллионнан жоғары. Қазір бәрі – қымбат. Баламның мақсаты, менің арманым – жоғары оқу орнының грант иегері атану. Алғашқыда сынақ тестте 55 балл алса, қаңтарда 98 балл алды. Бұл – прогресс бар деген сөз. Төлеп отырған ақшамызға сай, жауапкершілік те жоғары, – дейді Зәуреш Ақылбекова есімді ата-ана.
ҰБТ – түлек үшін маңызды сынақ. Одан сүрінбей өту үшін барын салады. Таңертең мектепте білім алса, түстен кейін ақылы орталықтың немесе онлайн курстың біліміне бас қояды. Бос уақыт деген жоқ. Ұйқысы қанбай, қалжыраған балаға білім қалай қонады деп таңғаласың еріксіз.
– Әкем бірден «Егер грантқа түспесең, жұмыс жасайсың. Келесі жылы дайындалып, қайта тапсырасың» деді. Қатарластарымнан қалғым келмейді. Барлық пәнді оқып жүрмін деп айта алмаймын, бірақ ҰБТ-ға барымды салып дайындалудамын. Оңай емес, ұйқы қанбайды. Мектептегі пән тапсырмаларынан бөлек курс бойынша берілетін тапсырмаларды уақытылы орындап отыруым керек. Бастысы, ата-анамның оқуға төлеген қаражатын ақтасам екен, – деп бір күрсініп алған Айғаным Төлеген курстастарымен топтық тапсырма орындайтындығын айтып, асығыс телефонын қоя салды.
Ата-ана мен баланың басындағы осы мәселені неге мектепте шешпеске, ҰБТ тапсыратын пәндерден қосымша сабақтар ұйымдастыруға болмас па екен деген сұраққа мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары күмілжи жауап берді. «Бұған басты себептің бірі – жаңартылған білім бағдарламасы. Жаңа бағдарламаның талабына сай, тақырып түгел қамтылмайды. Оқулықтың әр жерінен 1-2 тапсырма беріледі. Жаңартылған білім мазмұны бойынша оқыған оқушының алдынан ҰБТ-да оқулықта дұрыс қамтылмаған тақырыптан сандаған сұрақ келеді. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін де ақылы курстарға баратыны сол шығар», – деумен шектелді. «ҰБТ ұпайы мектептің білім беру көрсеткішіне қаншалықты әсерін тигізеді?» деген сұраққа «жанама түрде ғана әсер етеді» деп жауап берді. Нақтысын айтқанда, жаңартылған оқу бағдарламасы ұлттық бірыңғай тестпен сәйкеспейді. Бұл жерде мектеп жаман, курс жақсы деген сөз емес. Мәселе – жүйеде. Мектеп – базалық білім береді, курс – сол базалық білімді баптап, «ұпайға, нәтижеге» айналдырады.
Егер ҰБТ-ға өзгерістер енгізіп, оңтайландырмаса, 11-сыныпта түлектері ақылы оқу орындарына кетіп жатса, алғаш қара танытып, қалам ұстатқан мектептердің көк тиындық құны да қалмайды ғой. Ойланатын жағдай!
– «Samga» академиясы ашылған 7 жылдың ішінде биік белестерді бағындырды. Қарағанды қаласындағы «Samga» академиясы – мектеп оқушылары мен студенттерді ҰБТ-ға, емтихандарға және жоғары оқу орындарына түсуге дайындайтын заманауи білім беру орталығы. Орталық жоғары нәтижелері, әр оқушыға жеке көзқарасы және оқу процесіндегі жан-жақты қолдауының арқасында ата-аналар мен оқушылардың сеніміне ие болды. Академияда кураторлық жүйе жұмыс істейді: әрбір оқушы ҰБТ-ға дайындықты жоспарлау, мотивация және тұрақты қолдау алады. Бұл өз кезегінде жайлы әрі сенімді білім беру ортасын қалыптастырады. Академия ҰБТ-ның жаңа форматын және қазіргі емтихан талаптарын жетік меңгерген тәжірибелі оқытушылар құрамымен жасақталған. Сабақтар шағын топтарда өткізіледі, бұл оқу материалын терең меңгеруге, білімдегі олқылықтарды анықтауға және оқу процесін тиімді ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Оқытушылар практикалық бағыттағы әдістерді қолдана отырып, оқушылардың логикалық ойлау қабілетін, өз бетімен жұмыс істеу дағдыларын және білімдеріне деген сенімділігін дамытады. ҰБТ форматына сәйкес тұрақты сынақ тестілеулерін, емтихан тапсырмаларын жан-жақты талдауды, нақты емтихан жағдайларын модельдеуді және нәтижелерді жақсартуға арналған жеке ұсыныстарды қамтиды. Осындай кешенді тәсілдің нәтижесінде «Samga» академиясының түлектері ҰБТ-дан жоғары нәтижелер көрсетіп, Қазақстанның жетекші оқу орындарына оқуға түсуде – дейді, «Samga» академиясы білім беру орталығының директоры Мирхат Мұратұлы.
Ақылы білім беру орталығы басшысының пікірі орынды дегенімізбен, мемлекеттік білім беру жүйесіндегі артықшылықтарды да жоққа шығара алмаймыз.
– Ақылы білім беру қызметін көрсететін орталықтар, оның ішінде ҰБТ-ға даярлау бағытында жұмыс істейтін ұйымдар мемлекеттік білім беру жүйесіне кірмейді. Аталған ұйымдардың қызметі жеке кәсіпкерлік негізде жүзеге асырылады және кәсіпкерлік саласындағы қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес реттеледі. Ата-аналар мен білім алушылар тарапынан ақылы білім беру қызметтеріне деген қызығушылықтың артуын, ең алдымен, білім сапасына қойылатын талаптардың күшеюі, сондай-ақ, әсіресе бітіруші сынып оқушыларының қосымша дайындыққа ұмтылысы ретінде қарастыру қажет. Бұл ретте мемлекеттік білім беру жүйесі өз қызметінің негізгі бағыттарын сақтай отырып, білім алушыларға базалық және міндетті білім беруді қамтамасыз етеді, сондай-ақ, қорытынды аттестаттау мен ҰБТ-ға дайындалу үшін қажетті жағдайлар жасайды. Осылайша, ақылы білім беру қызметтерінің дамуы мемлекеттік білім беру жүйесінің әлсіреуінің белгісі болып табылмайды. Керісінше, ата-аналар мен білім алушылардың білім беру нәтижелерін жақсарту мақсатында түрлі мүмкіндіктерді пайдаланатын бәсекеге қабілетті білім беру ортасының қалыптасуын көрсетеді, – дейді облыстық білім басқармасы мектепке дейінгі тәрбие, жалпы орта және арнайы білім беру бөлімі басшысының міндетін атқарушы Құндыз Мұхамеджан.
Сонда сапалы білім сатыла ма? Әлде, ата-ана мен мектеп түлектерінің «Бар малымды шығындап, грант алдым, мінеки» деп масайрауы дағдылы өмір салтына айналып үлгерді ме?
Сағыныш ӘБІЛ



