Бас тақырыпКоронавирус

Банк несиесі: кеңшілік пен кемшілік

Төтенше жағдай жарияланғалы коронавирустан сескенген әрі банк алдындағы несие міндеттемесін ойлап беймаза күй кешкен халықтың күпті көңілі Президент Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ өз мәлімдемесінде екінші деңгейлі банктерден азаматтық жауапкершілік пен түсіністік танытуды сұрағаннан кейін бір қалыпқа түскендей болды. Соған орай, 280 мыңнан астам қазақстандық несие мерзімін кейінге шегеру жөнінде өтініш беріп үлгерген екен. Олай етпеске лаж да жоқ. Қосымша табыс түгілі, негізгі жұмысынан айырылған халыққа несие төлеуді тоқтата тұру – олжа. 

ӨТІНІШТЕР ОНЛАЙН ҚАБЫЛДАНУДА

 Президент екінші дәрежелі банктерден халыққа және отандық бизнеске қолдау көрсетулері керектігін және жағдай одан әрі ушығар болса, Үкімет пен қаржы саласы органдары да қарап қалмайтынын айтқаннан кейін Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев онлайн-брифингте «…несие туралы алаңдамаңыздар» деп, мемлекет барлығына көмектесетінін, ешкім назардан тыс қалмайтынын жеткізді.

Ал, 26 наурызда Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі бұйрық шығарып, онда, «Кредиттік ұйымдар банктік қарыз шарттары бойынша негізгі борыш және сыйақы бойынша төлемдерді тоқтата тұруды жүзеге асырады» деп анық жазылды.

Банктер де қарап қалмады. Бастаманы басқалардан бұрын қолдаған «Kaspi bank» халыққа үндеу жариялап, 2 сәуірден өтініштерді Kaspi.kz мобильді қосымшасы арқылы қабылдауға кірісіп кетті. Бұл үшін банкке барудың да қажеті жоқ.

Қалған банктер де қарекетсіз қалмады. Несие мерзімі мен сыйақы бойынша төлемдерді кейінге шегеруге өтініштерді онлайн қабылдауды бастады. Айтпақшы, несиені төлеу мерзімін тежей тұратындар қатарында екінші дәрежелі банктерден бөлек, шағын қаржы ұйымдары мен ломбардтар да бар.

СЫЙАҚЫ КӨЛЕМІ ҰЛҒАЯДЫ

 Халықтың әлеуметтік осал тобына жататындардың несиені төлеу мерзімі автоматты түрде, ешқандай өтінішсіз-ақ ұзартылады. Бұл топқа жатпайтын клиент банкке онлайн өтініш берген соң, несие тарихына қарай шешім қабылданады. Яғни, осыған дейін «қара тізімге» ілікпеген клиенттің бірі болсаңыз, өтініш сөзсіз қабылданады. Табысыңыздан айырылғаныңызды растайтын құжаттың да қажеті жоқ.

Алайда, несие мерзімі ұзарғанымен, сыйақы мөлшері арта береді. Яғни, үш ай өткен соң төлеу мерзімі ғана емес, банк белгілеген сыйақы мөлшері де арта түседі. Банк менеджерлері «төтенше жағдайда да несие мерзімі ұзарған сайын төлейтін сомаңыз да көбейе береді» дейді. Тек, ұтарыңыз – несие тарихының бұзылмайтыны ғана. Банктен берілген артықшылық – осы. Ай сайын төлем жүргізбегеніңіз үшін кредиторлар телефон шалып, мазаңызды алмайды, өтеуі – үш айдан кейін. Несие көлемі үлкен болса, артық төлейтін сомаңыз да көп болады. Қарапайым тілмен айтқанда, банк алдындағы міндеттемеңізді өтемей, төлеу мерзімін ұзартып алғанда есептелетін пайызды кейін жағдай тұрақталғанда еселеп қайтарасыз.

Осыған қарағанда, үстеме пайызды есептеместен, несие мерзімін кейінге шегеруге банктердің де шамасы жетпейтін тәрізді. Екінші дәрежелі банктер күнін пайызбен көре ме, әлде малы емес, жаны қайғы болған халықтың үстінен тағы пайда табуды көздеді ме, әйтеуір, несие төлеуді тоқтата тұруға өтініш берген халықтың көңілі су сепкендей басылды.

ШЕГЕРУ, ӘЛДЕ, ПРОЛОНГАЦИЯ?

Қаржы әлемінде «пролонгация» деген ұғым бар. Қалыптасқан реттілікте қаржылық жағдайы нашарлаған кез келген адам банкке келіп, қосымша келісім жасай алады. Яғни, несие тарихына нұсқан келтірместен, төлеу мерзімін ұзартады әрі ұзартқан күніне сәйкес, өсімпұлды да төлеуге міндеттеме алады. Бұл, әсіресе, табысынан айырылғандар мен күрделі тұрмыс жағдайына ұшырағандар үшін қолайлы. Банктің пролонгация жасауы, яғни, төлеу мерзімін ұзартуы үшін клиент банкке өзі тікелей өтініш жасайды. Әлбетте, бұл екі жаққа да тиімді. Қаржы ұйымдары үстеме пайыздан табыс тапса, клиент кейін тағы қарыз алу мүмкіндігінен айырылмайды.

Экономикада «мерзімді шегеру» деген де ұғым бар. Бұл жағдайда клиент шегеру мерзімі өткен соң, ай сайынғы төлемді және бастапқы шартта көрсетілген пайызды ғана төлейді. Басқалай артық сома жоқ. Біздің жағдайымызда банктердің ұсынғаны шегеру емес, пролонгация тәрізді. Ал, халықтың көңіліне медеу болары – «қара тізімге» ілінбейтіні.

P.S. Қалай десек те, карантин жағдайында банк алдындағы міндеттемеден үш айға босатылуы – қарапайым халыққа жасалған айтарлықтай көмек. Алайда, кейін пайыз өсімін еселеп қайтарылатынын ұмытпаған жөн. Сондықтан, кейін «бармақ тістеп» қалмау үшін лажы болса, несиеңізді уақытылы төлей бергеніңіз жөн-ау…

Салтанат ІЛИЯШ

Басқа материалдар

Back to top button