Банк картасын үшінші тұлғаға бергендер жауапкершілікке тартылады – ІІМ
ІІМ дербес деректерді қорғауға және қаржы қызметі саласындағы қауіпсіздікті арттыруға бағытталған Қазақстан Республикасының қылмыстық заңнамасында маңызды өзгерістер енгізілгенін ескертті.

Ведомствоның хабарлауынша, қылмыстық кодекстің жаңа 232-1 бабында өзінің банктік деректемелерін үшінші тұлғаларға бергені үшін, сондай-ақ материалдық сыйақы немесе мүліктік сипаттағы пайда үшін немесе оларды алу мақсатында үшінші тұлғаның мүддесі үшін я болмаса пайданы көздеп, төлемдер немесе ақша аударымдарын жүзеге асырғаны үшін қылмыстық жауаптылық енгізілді.
– Алаяқтар берілген деректерді қылмыстық кірістерді қолма-қол ақшаға айналдыру немесе басқа азаматтарды алдау үшін пайдаланады. Көп жағдайда зардап шеккендер өздерінің қылмысқа қатысушы екенін түсінбейді, – делінген хабарламада.
Құзырлы орган жеке және банктік деректер жай ғана ақпарат емес, бұл тұтынушылардың мүлкі, қауіпсіздіздік пен заң алдындағы жауапкершілік екенін ескертті.
ІІМ келесі нұсқаулықтарды ұсынды:
- ешқашан банктік деректерін үшінші тұлғаға бермеңіз;
- картаңызды немесе шотыңызды беру арқылы «оңай ақша табуға» келіспеңіз;
- күдік туындаған жағдайда банкке немесе құқық қорғау органдарына хабарласыңыз.
Материалды әзірлеген Аида РАХЫМҚҰЛОВА