Спорт

Бангкокта байрағымыз желбірей ме?

Тайландтың астанасы Банг­кок қаласында өтіп жат­қан World Boxing Азия чемпионатында Қазақстан құрамасы сәтті өнер көрсетіп жатыр. U19 және U22 жас санаты бойынша ұйымдастырылған дүбірлі дода айдың басында басталған еді. World Boxing федерациясының бастамасымен өткен байрақты бәсекеге Азия құрлығының 26 елінен 400-ге жуық спортшы қатысуда. Ұлттық құрама бұл жарысқа толық құрамда аттанып, бүгінде жарқын көрсеткіштерге қол жеткізуде. Ел намысын қорғаған боксшылардың қатарында Қарағанды облысынан жеті спортшы бар. Жарыс барысы қыза түскен тұста отандастарымыздың бірқатары жартылай финалға жолдама алып, финалға бір табан жақындады. Солардың қатарында қарағандылық Аяжан Ермек те бар.

Суреттер бокс федерациясының әлеуметтік желідегі парақшасынан

Қарағандылықтар сапынан U19 әйелдер санатында 48 келіде Гүлназ Бөрібаева, 51 келіде Томирис Мыр­зақұл шаршы алаңға көтеріледі. Ал, U19 қыздар санатында 57 келіде Аяжан Ермек пен 60 келіде Алина Құдайгенова өнер көрсетпек. U19 ерлер санатында 80 келіде Тимур Тайбеков, 85 келіде Нұрсұлтан Қыстаубай және 90 келіде Расул Асанханов бақ сынайды.

Жарыстың бірінші күні отандастарымыз үшін сәтті басталды. Шаршы алаңға сегіз боксшы шығып, оның бесеуі келесі кезеңге жолдама иеленді. Бұл күні жұдырықтасқандардың қатарында қос қарағандылық Аяжан Ермек пен Тимур Тайбеков бар. Екеуі де сәтті өнер көрсетіп, келесі кезеңге өткен болатын.

Жалпы, бұл күні шаршы алаңға бірінші болып, U19 ерлер және әйелдер құрамасы көтерілген. 48 келіде Диана Серікбаева, 51 келіде Айым Таңқыбаева, 54 келіде Жанель Имантаева сынды отандасымыз қарсыластарын қапы қалдырды. Ал, Аяжан Ермек 57 келіде қолғап түйістірген-тін. Осы уақытқа дейін жерлесіміз үш дүркін ел чемпионы атанған. Әрі бұған дейін Азия, тіпті, Әлем чемпионатынан да алтын алған. Бүгінде Ұлттық құрама басшылығы жерлесімізден алтын күтіп отыр. Десе де, жерлесіміз үшін алғашқы жарыс күні сәтті өтті. Ол жапон боксшысы Сакура Окаямамен қолғап түйістіріп, 5:0 есебімен жеңіске жетті.

Ал, ерлер арасында 50 келіде бақ сынаған отандасымыз Әділ Асқанбай мен 90+ келідегі Бексұлтан Қайратұлы сол күні жарыс жолынан шығып қалды. 70 келіде өнер көрсеткен Бейбарыс Әшірбай қарсыласын 5:0 есебімен жеңді. 80 келіде өнер көрсеткен қарағандылық Тимур Тайбеков болса, сингапурлық Риан Ли Бенджаминді мерзімінен бұрын жеңіп, келесі кезеңге өтті. Тимур – өз салмағында Азия чемпионы. Әлемдік ареналардан ұлттық құрама қоржынына жүлде салып жүрген һас жүйрік. Бұл спортшыға да үлкен үміт артып, алтын жүлде күтіп отыр.

Жарыстың екінші күнінде шаршы алаңға U22 санатындағы боксшылар көтерілді. Бұл күні 57 келіде қолғап түйістірген Виктория Байдукова, 50 келідегі Нұрзат Оңғаров, 55 келідегі Бексұлтан Боранбек жарыс жолынан шығып қалды. Ал, 60 келіде жұдырықтасқан отандасымыз Нұрислам Қалдыбаев жекпе-жекті мерзімінен бұрын аяқтаса, 65 келідегі Илья Калинин қарсыласын айқын басымдықпен жеңді.

Жарыстың үшінші күнінде 55 келідегі Әділбек Қожахан, 65 келіде Мұхит Нұрқабылұлы қарсыластарынан жеңіліп қалды. 54 келіде жұдырықтасқан отандасымыз Сымбат Әлиасқар да қарсыласынан айласын асыра алмады. Ал, 60 келіде бақ сынаған Әділет Тортубек сәтті өнер көрсетіп, келесі кезеңге өтті. Бұл күні 48 келі салмақта сынға түскен жерлесіміз Гүлназ Бөрібаева алғашқы жекпе-жегін жеңіспен бастады. Ол жапондық қарсыласы Нон Гошогаваны үш мәрте нокдаунға түсіріп, кездесуді мерзімінен бұрын аяқтады. Айта кетейік, Гүлназ ұлттық құрама сапында тамаша өнер көрсетіп жүрген спортшы. Бапкерлері бұл спортшының болашағынан үлкен үміт күтіп отыр.

Жарыстың төртінші күнінде жеті бірдей ұлттық құрама спортшысы жартылай финалға жолдама алды. 60 келідегі Нұрислам Қалдыбаев, 65 келідегі Илья Калинин, 70 келідегі Нұрбек Мусрал, 80 келідегі Санжарәлі Бегалиев, 90 келідегі Темірлан Мұқатаев қарсыластарын шаң қаптырып, жартылай финалдың жолдамасын иеленді. Ал, U19 санатында өнер көрсеткен 54 келідегі Жанель Имантаева мен жерлесіміз Аяжан Ермек те ақтық кезеңге бір табан жақындай түсті. Айта кетейік, Аяжан бұл күні жергілікті Чавалук Соннуммен қолғап түйістіріп, қарсыласын 5:0 есебімен жеңді. Енді жерлесіміз 8 тамыз күні ақтық сын жолдамасын сарапқа салады.

48 келідегі отандасымыз Диана Серікбаева кезекті жекпе-жегін өткізіп, жапон боксшысын жеңді. Сонымен қатар, 60 келідегі Алина Құдайгенова қарсыласына мүмкіндік қалдырмады. U22 санатында жұдырықтасқан 60 келідегі Әсем Таңатар, 65 келідегі Аружан Жаңабаева да кезекті кездесуін жеңіспен аяқтады. Өкінішке қарай, бұл күні U22 санатында 75 келіде өнер көрсеткен Аман Қонысбеков пен 85 келіде Азатбек Жолдасхан қарсыластарынан жеңіліп қалды. Одан бөлек, U19 санатында 51 келідегі Айым Таңқыбаева да жарыс жолын осы жерден аяқтады.

Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button