Бас тақырып

«Балық жеген ет сұрамас»

Ұлттық болмыс дегеніміз не? Осындай сауал қойылса, әлбетте, ұлтымыздың төл мәдениеті мен салт-дәстүрін, ойындарын айтамыз. Тарқатып айтсақ, қазақтың киім үлгісі мен әні, жыры, күйі, қуаныш пен қайғысында атқарылатын салттары мен дәстүрлері қамтылады. Тұтастай алғанда, барлығы ұлттың дүниетанымын, мінезін қалыптастырады. Ұлттың айнасы. Жер бетіндегі халықтарды бір-бірінен айшықтайтын негізгі факторлардың бірі. Қасиетті Құранның «Хужурат» сүресінің 13-аятында «Уа, адамдар! Шүбәсіз, сендерді бір ер мен бір әйелден жараттық. Сондай-ақ, сендерді бір-біріңмен танысып, табысуларың үшін сан алуан ұлыстар мен руларға бөлдік» деп жазылғанын еске түсіріңіз. Бірақ, осы ұлттық болмыс туралы әңгіме қозғағанда, көбіне ең маңызды детальді ұмытамыз. Бұл – «Ұлттық ас» деп төбемізге тұтатын ұлттық асханамыз. Тағам мен сусынсыз адам баласының күні жоқ. «Ас – адамның арқауы» дейміз. Ал, ұлттық ас дегеніміз не? Асханамыз ұлт болмысын қалыптастыруда қаншалықты маңызды рөл атқарады?

Коллажды жасаған Арайлым Көктаева

Ұлттық ас дегеніміз – жер бетіндегі халықтардың тіршілік етіп отырған жерінің табиғатына, өмір салтына, дүниетанымына қарай тұтынатын тағамдары мен сусындары. Тұтынған ас-суымыз адамның ішкі табиғатына да әсер ететіні анық. Өйткені, ішкен асың қаныңмен араласып, бойыңа сіңеді. Қан дегеніміз – ген. Осыдан «Ұлттық ген» деген ұғым пайда болады.

Қазақ «Қанына тартпағанның қары сынсын», «Тектіден текті туады, тектілік тұқым қуады» дейді. Ата-бабамыз адамның жақсы, не жаман болуында алпыс екі тамырдағы қан маңызды рөл атқаратынын жақсы білсе керек. Сол себепті де, қан тазалығын сақтауға баса мән берген. Қанда жады болады. Тектегі жақсы қасиеттерді де, жаман қасиеттерді де сақтайды.

Қанның адамның ойына, мінез-құлқына әсері орасан. Ал, қазақтың «үлкен ас» деп қадірлейтіні – жылқы еті. «Жылқы мінезді қазақ» дейтініміз осыдан шықса керек. Құмарымыз – бал қымыз. Бүгінде «пәленше тойда бәйге, көкпар өтеді» десе, елеңдеп тұратынымыздың төркіні осында болса керек.

Батыстағы жұрттың фольклорындағы «Кентавр» дегендері – ата-бабаларымыз. Солардың көзіне баһадүр көшпенділер жылқымен бір жаратылған құбылыс болып көрінді. Ат үстінде алып құрлықты уысында ұстады.

Қымызын ішпесек, шөліміз қанып, көңіліміз марқаймаған, етін жемесек, денімізге қуат дарымаған. Яғни, қазақ еркіндігін де, қуатын да, суын да, асын да жылқыдан тапқан. Қазақтың романтикасы – қазы-қарта, жал-жая, бал қымыз.

Шетелдерге жұмыс барысымен жиі баратын Шыңғыс Зипатолла есімді азамат «бір аптадан артық уақыт ет жемесем, көңілім көншімейді» дейді.

– Еуропа елдерінде бір айдан астам уақыт іс-сапармен жүрдім. Қазы-қарта, жал-жая жеп, сорпасын ішіп өстік. Мамыр келсе, қымыз ішкенше асығамыз. Бір апта уақыт өткенде жылқының етін аңсай бастадым. Мен ғана емес, жанымдағы басқа да қазақтар осыны айтып жүрді. Еуропаның керемет мейрамханаларынан ас іштік. Бір қарағанда тоқ едік. Бірақ, ағзамыз толық қуаттанбағандай әсерде жүрдік. Елге жеткенде жылқы етін құмарымыз қанғанша асаймыз, – деді.

Осы тұста ғылыми тұжырымдарға да бет бұрайық. Мәселен, жылқы еті темірге, А, В, Е дәрумендеріне бай, ағзаға 8 есе жылдам сіңетін жоғары сапалы диеталық өнім. Ол холестеринді төмендетіп, жүрек-қан тамырларын нығайтады, ми қызметін жақсартады және иммунитетті көтереді. Сондай-ақ, гликогенге бай болғандықтан, шаршағанды басып, күйзелістен арылтады. 17 түрлі ауруға ем ретінде танылған. Жылқы етінің құрамындағы майлар өсімдік тектес майларға жақын. Мидағы жасушаларды жаңартып, есте сақтау қабілетін арттырады. Күйзелісті басуға, жүйке жүйесін қалпына келтіруге көмектеседі.

Суретті түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Темір мен В12 дәруменіне өте бай болғандықтан, қаны аз адамдарға (анемия) ем және иммунитетті нығайту үшін өте пайдалы. Ағза жасушаларын жаңарту арқылы қартаю процесін баяулатады. Белгілі диетолог Елена Парецкая жапондарда жылқы еті нағыз деликатес болып саналатынын және ол басқа ет түрлеріне қарағанда қымбат тұратынын айтты.

Ұлттық асымыздың қадір-қасиетін жеткізу үшін Рымбек Баймұратұлы ақсақалдың дастархан басындағы әңгімесін тарқатайық.

– Кейде қонақта жастар жағы ет желініп болған соң түрлі газдалған сусындарды «ас қорытуға керек» деп ішіп жатады. Орта жастан асқандар ас қорыту үдерісін жеңілдететін дәрілерге жүгінеді. Әкелеріміздің, аталарымыздың табақ-табақ ет жесе де асқазаны ауырмайтын еді. «Ас қорытылмай жатыр» деген әңгімені ешқашан естімеппін. Өйткені, олар ет жегеннен кейін міндетті түрде құрт қосылған сорпа ішетін. Сорпа ішпейінше дастарханнан тұрмайтын. Ас қорытуға арналған ең керек элементтер сор­пада болады. Соны бұрынғылар білген. Еті мүжілген сүйектерді лақтырады бүгінгілер. Иммунитетке қуат беретін дәрумендер сол сүйектің сорпасында. Қазір 60 жастан асқандардың сай-сүйегі сырқырап, буын ауруларына шалдығып жатады. Ал, бұрын ше, 80-90 жастағы қарияларымыз еңселі жүретін. Төрде малдас құрып, қасқайып отыратын. Бүгінгі күні көбіміз тісіміз түскен соң протез салдыртамыз. Ал, аталарымыздан протез дегенді көрмеппін. «Сүйегі асыл ғой, шіркін!» деп соларға тамсандық. Жалпы, дәрігері жоқ ауылдарды да көрдік. Дәріхана дегеннің бетін көрмей кетті ғой әкелеріміз. Қалталары құрттан босамайтын. Құрт бойға нәр беретін. Босанған келіншектерге қырық күн бойы үзбей иммунитеті қалыпқа келсін деп қалжа жегізіп, құрт көже ішкізетін. Енесінің сүтінен енді ажырған ұсақ малдың төлінің етін жейтін. Оның құрамында еркектік қуатқа ең қажетті цинк дәрумені өте мол болады. Елубайлар мен Алпысбайлар қайдан туды деп ойлайсыз?! – деді ақсақал.

Жылқы етінің құнарын барынша қысқа-нұсқа айттық. Ұлттық дастарханымыздың басқа дәмдері туралы айтарымыз көп. Дегенмен, көзі қарақты оқырманға «Америка ашудан» аулақпыз. Ұлттық асымыздың көл-көсір пайдасы туралы білгісі келген жан үшін көл-көсір ақпарат бар. Әуелгі ойымызды төңіректейік.

Түйсігімізде ең әуелі тән саулығын ойлаймыз. Тәннің саулығы тікелей ас-суымызға байланысты. Ауру адам әуелден-ақ өз басымен қайғы. Өзгеге де масыл. Қазақтың «ауру – астан» деп кесіп айтатыны содан. «Тәні саудың жаны сау» деген сөзіміз де бар. «Тән азығы, жан азығы» деп азықты екіге бөлетін халықпыз. Жан азығы дегеніміз – халықтың рухани мұрасы. Тән азығы дұрыс болмай, жан саулығы жоқ. Бабаларымыз екеуі бір-бірімен ажырамастай қабысқанын білген. Осы екі сөзді кейінде әншейін бір ұранға балап жүргеніміз – шындық. Мәніне үңілсек, осы екі сөзбен-ақ бабаларымыз өмірде мәнге, бақытқа жетудің жолын көрсетіп берген.

Бүгінде мемлекетіміз жаһан жұртына ынтымақ пен берекенің, татулықтың озық үлгісін көрсетіп отыр. Мемлекетіміздің басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевты қабілетті дипломат деп мойындайды. Дипломатия қазақтың қанына сіңген қабілет екенін түсінсек керек. Қазақта дипломатияның көкесі осы дастархан басында жасалған. Тірлік қамы бүйірінен қалай қысса да, «Астан үлкен емеспіз» деп қонаққа шақырып тұрған адамның үйіне ат басын бұрған. Осылайша, астың қадірі өзара сыйластықты арттырған. «Дастарқанның басында дұшпан да – дос» деп араздасқан адамымен дастарханда татуласқан. «Атың барда – жер таны желіп жүріп, асың барда – ел таны беріп жүріп». Дастарханы бай адам елге сүйкімді болған. Асты ақ-адал ниетімен тартып, «Берген ас түске жетпейді, ниет естен кетпейді» деген. «Сыйлап берсе, суын іш» деп, ниетін беріп тұрған адамның қолын қақпаған. «Тату үйдің тамағы тәтті» деп татулықтың қадірін астың дәмділігімен жеткізген. «Қойдың басы — құданың асы». Шаңырақ иесі мейманына деген алқаусыз құрметін қойдың басын тартумен көрсеткен.

«Қара сыбаға» деген қазақ халқының салты бар. Қазақ сыйлы адамдарына, жақын-туыстарына жыл сайын тиісті сыбағасын сақтап отырған. Оны әдейі сақтау да, сол сияқты кісілердің келіп өз сыбағасын жеу де үлкен парыз әрі сыйластық, құрмет белгісі. Сыбаға сақтамау да, сақталған сыбағаны тата алмау да – бір сын. Сол сияқты сыйлы адамдар қайтыс болған күнде де көзкөргендер ол адамның сыбағасын үзбей оның отбасына, әйеліне немесе балаларына әдейі жіберіп отырған. Қазақтың дархан көңілі, қайырымдылығы осы бір ғана салттан-ақ көрінеді.

Ұлттық астың ұлттық болмысты сақтауда қаншалықты маңызды рөл атқаратынын жеткізу үшін Еуропа елдерін мысалға алып көрелік. Кәрі құрлықтағы жұрттың бүгінде 20-30%-ы семіздік дертіне шалдыққан. Ол жақта жүрек пен тамыр аурулары кеңінен таралған. Ресми көрсеткіштерге сүйенсек, Еуропа елдерінің жастары – жеңіл әрі қысқа уақытта әзірленетін фасфудқа тәуелді.

Жеген асың, ішкен суың қаныңа сіңетінін сөз басында айттық. Құнарлы астан ажыраған жұрттар азғындану жолына да түсіп жатыр. Ұлттық болмыстан ажырағаны бергі жағы, өздерінің әуелгі жаратылысынан адасуда.

Ерік НАРЫН,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button