Балығы тайдай туламай…
Немістің атақты ақыны Гете айтқандай, «табиғаттағының бәрі ақиқат, бәрі заңды, бәрі орынды, бәрі шындық, ал адасу мен жаңылысу тек қана адамда болады». Расымен де, табиғаттың құрамдас бөлігіндегі үзілмес үндестікті, бұзылмас байланысты адамзаттың үзгені және бұзғаны анық. Адамның қомағайлығының, бойкүйездігі мен немқұрайлығының құрбаны болып, жер бетінен жойылған табиғи байлық қаншама?! Соның бірі – көл бетінде тайдай тулап жататын балығы. Кеңестік бесжылдықтардың белсенділері балық шаруашылығында кемел табыстарға жету жолында ұрандатып, Балқаш көлінің негізгі үш балығы – Балқаш алабұғасы, әйгілі Балқаш шармайы және шұбар балық тұқым ретінде тікелей жойылып кетуіне тікелей себеп болып еді
Мамандардың айтуынша, осыдан 35 мың жыл бұрын пайда болған Балқаш көлінде қазіргі уақытта балықтың 26 түрі бар. Олардың барлығы – жерсіндірілген балықтар. Ресми деректер бойынша, 1930-1940 жылдары жылына – 5000 тоннадан астам, ал 1961 жылға дейін жылына орта есеппен 2300 тонна Балқаш алабұғасы ауланған. Ол кәсіптік мәні бар балықтардың ішінде 2-орында тұрған. Кейіннен Балқаш көліне жерсіндірілген жыртқыш көксерке мен ақмарқа балықтарының жіберілуінің салдарынан Балқаш алабұғасының саны азайып, 1966 жылы бар болғаны 10 тоннадай ғана Балқаш алабұғасы ауланған. Ал, 1971 жылдан кейін Балқаш алабұғасы мүлде ауға түспеген. Ашаршылық жылдары Балқаш алабұғасы осы өңірдегі жергілікті тұрғындардың құтберекесі деп есептелініп, көптеген адамдардың ашаршылықтан аман қалуына септігін тигізген. Мәселен, бұл балықтың көптеп кездесетіндігі, оған қармақ салған кезде қармақты бірден қабатындығы, сүзекі тартса топ-тобымен топырлап түсетіндігі және жалтылдақ сүйресе үйірімен ілесетіндігі туралы аңыз әңгімелер көп сақталған.
1970 жылдары Балқаш көлінен жоғалып кеткен құнды әрі дәмді балық – әйгілі Балқаш шармайы (маринка) тағдыры қайталана ма деп қауіптенген тұрғындарды көлдің жайы алаңдатады. Кезінде Балқаштың көкбасын құны төмен балық санын азайту мақсатында көлге жіберілген көксерке ығыстырып шығарған еді. Соның әсерінен бір көлді мекен еткен жыртқыш балықтарға қорек жетпеді. Ұзындығы 12-15 сантиметр шұбарбалық және Қызыл кітапқа енгізілген Балқаш алабұғасын көксерке жеп тауысты. Балықшылардың пайымдауынша, торта шабақ пен түрпі балық тәрізді кәсіби тұрғыда ауланбайтын балықтардың көбі де болашақта осының жолын құшады.
Балқаш көлінің суының, жануарларының, жәндіктерінің, өсімдіктер әлемінің табиғаттағы тепе-теңдігін сақтау үшін 1960 жылы Балқашта Балық шаруашылығының ғылыми институты ашылғанда жергілікті балықтың жойылуын негізгі мәселе қылып көтерген.
– Бұрындары бір шаршы метр суда жиырма шақты алабұға шүпірлей жүзіп, көл беті «қайнап» кетеді екен. Ел аузында «алабұға – мәрт балық, қармақты салған бетте қабады. Сүзекі тартсаң – тобымен, жалтылдақ сүйресең – үйірімен ілеседі» деген сипаттағы әңгімелер ғана қалған қазір. Балқаш алабұғасы, Балқаш шармайы және Балқаштың шұбар балығы – көлдің тумасы. 1903 жылы Іле өзені арқылы сазан келген. 1949 жылы – пілмайы, табан, 1957-1958 жылдары көксеркемен бірге жайын, қаракөз, ақбалық, берш, торта жіберілген. Балқаш көлінің тума балықтарының азаюына көксерке, жайын және ақмарқа сияқты жыртқыш балықтарды акклиматизациялау, гидрологиялық режимнің бүлінуі себеп болды. Жыртқыш балықтың биологиялық ерекшелігі: ол жылдам және баяу өсетін болып екі экологиялық түрге бөлінеді. Сондай-ақ, көлде жылдам өсіп кеткен жыланбас балықтың зияны көп тиді. Тамақ талғамайтын жыртқыш балық құртшабақтарды ғана емес, ұзындығы 21 сантиметрге жететін торта, сазан, табан, алабұға сияқты балықтармен де қоректенеді. Бұл балық, әсіресе, қарқынды қоректену кезеңінде – сәуір-шілде айларында негізінен сазан (43,7 пайыз) және көксеркемен (34,6 пайызға дейін) қоректенеді. Айта кетейік, 1970-1980 жылдары пілмайы балығының ауланымы 30 тоннаға дейін жеткен. 1990 жылдары оның да аулану көлемі күрт азайып кетті. Қаяз бен дөңмаңдай Балқашта өсіп-өніп кете алмады. Балқашта аулауға келмейтін балықтың бес түрі бар. Олар: гамбузия, амур шабағы, жалғантеңге, элеотрис және амур бұзаубасы. Бұлардың бәрі де кәсіптік балықтарды жерсіндіру кезінде солардың шабақтарының арасында кеткен керексіз балықтар. Олардың өсімін тежеу мүмкін болмай отыр, – дейді Қазақ балық шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының ардагері Боранбай Кенжебеков.
Боранбай Кенжебеков Балқаш алабұғасының 1998 жылдан бері қайта көбейіп келе жатқандығын айтады. Өйткені, албұғаның негізгі жауы көксерке көп ауланған соң алабұға саны арта бастаған көрінеді. Балқаш көлінің негізгі табиғи қоры сазан, табан, қара балық (шармай), мөңке, жайын, ақсерке, көксерке, қаяз, шортан, бекіре, аққайран болғанымен, балық шаруашылығы 7-8 мың тонна балық беруден әрі аса алмай отыр. Ғалымдардың пайымдауынша, Балқашта жалпы айтқанда балық өсіру жайы тым нашар. Біріншіден, балыққа жем беру, суға жіберу және өсіру жөніндегі нормативтерді әр шаруашылықтың жағдайына байланысты биологиялық жағынан негіздеу керек. Екіншіден, суда өсіп жатқан балықтың және оның азық қорын бақылап отыру қажет. Үшіншіден, осы бағыттағы жұмыстардың тиімділігін арттырған жөн. Қолдан су байлығын өсірудің екі түрі бар. Алғашқысында шаруашылық бір жыл ішінде балықты көбейтіп, қысқа қарай аулап қажетіне жарату керек. Сондай-ақ, шарасыздықтың алғы шарты СЭС-ке қатысты. Балқаштың балығының бағын байлап отыр. Себебі, балық та – тұнық суды, тыныштықты қалайды. Гүрілдеген генераторлардың үні мен қуатты сорғылары балықты ұйқысынан оятып, арнаға түсетін суымен бірге жылы ұясынан шетқақпай етеді.
Қайткенде де, туған анасы Балқаштың қойнауынан ұсақ өзендерге бас сауғалап кеткен қайран балықтар қазақ сахарасынан жоғалған ақбөкен тағдырлас мұңлық екеніне дау жоқ. Бір кезде маусымына 40-50 мың тонна балық аулаған балқаштықтар соңғы жылдары ондай көрсеткіштерге қол жеткізе алмай келеді. Кейінгі жылдары 7-8 мың тоннадан әрі аса алмай отыр. Одақ уақытында өндірілетін сазанның 40 пайызға жуығы Балқаш көлінен ауланатын еді. Амал не, бұл күнде сазанның тұқымы құрып кетуге жақын. Сол секілді көкшетеңіздің бағалы балықтары саналатын ақмарқа, көкбас, шармай, табан жыл санап азайып барады. Міне, мұның өзі баршаны ойлантуы керек.
Нұрдос КӘРІМ,
БАЛҚАШ қаласы.