АймақБалқаш

Балқаштағы қысқы балық аулау байқауы жоғары деңгейде өтті

Балқаш көлінің мұз айдынында «Jastar Bolashaq» жастар бірлестігі ұйымдастырған қысқы балық аулау байқауы жоғары деңгейде өтті. Белсенді демалысты серік еткен балықшылар бас қосқан дода нағыз спорттық мерекеге айналды.

Сурет автордан

Жарысқа қатысушылар қысқы ауа райының мінезіне қарамастан, шыдамдылық пен шеберліктің үлгісін көрсетті. Мұз үстіндегі тартыс барысында әр балықшы жылдамдығын, қармақ ұстаудағы ептілігін және шеберлігін паш етті. Ұйымдастырушылар қауіпсіздік талаптарын басты назарда ұстады. Сайыс басталар алдында қатысушыларға мұз үстіндегі қауіпсіздік ережелері түсіндіріліп, денсаулыққа жауапкершілік мәселесі ескертілді. Жарыстың әділ өтуін «Jastar Bolashaq» қоғамдық бірлестігінің, қала кәсіпорындары мен серіктес ұйымдардың өкілдерінен құралған төрешілер алқасы қадағалады. Нәтиже ауланған балықтың жалпы салмағына қарай шығарылды. Ұпай саны тең болған жағдайда ең ірі балық аулаған қатысушыға басымдық берілді. Қатысушылардың бірі Сұңғат Динасилов бұл сайысқа 15 жылдық тәжірибесін сынау үшін келгенін айтып, ұйымдастырушыларға алғыс білдірді.

Төрешілер шешімі бойынша жеңімпаздар анықталып, бағалы сыйлықтармен марапатталды. Сонымен қатар «Ең үлкен балық», «Бірінші аулаған балық», «Ең стильді қысқы образ» және «FISH QUEEN» секілді арнайы номинациялар табысталды.

«Jastar Bolashaq» Жастар одағының төрағасы Ернат Куантаевтың айтуынша, «Қысқы қармақ» сайысы Балқаш балықшылары үшін тек бәсеке ғана емес, ортақ мүдде мен ерекше спорттық жарыс түрі. Алдағы уақытта да саламатты өмір салтын насихаттауға және жастар бірлігін нығайтуға бағытталған спорттық жобалар жалғасын табады.

Нұрдос КӘРІМ,
«Ortalyq Qazaqstan»
БАЛҚАШ

Басқа материалдар

Back to top button