Балық – онлайн бақылауда
Тамыздан бастап балық шаруашылығы субъектілерін E-fish ақпараттық жүйесінде міндетті тіркеу туралы түзетулер күшіне енді. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Түзетулер «Жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану туралы» Заңға енгізілген өзгерістер аясында жүзеге асырылды. Енді балық шаруашылығымен айналысатын кәсіпорындар балықтар мен өзге де су жануарларын мониторингтеу бойынша ақпаратты E-fish жүйесінде тіркеп, қажетті деректерді уақытылы енгізуі тиіс.
E-fish жүйесі былтыр пилоттық режимде іске қосылған. Оның негізгі мақсаты – есепке алу, рұқсат беру құжаттарын рәсімдеу, балық ресурстарының өндірілуі мен айналымын бақылау үдерістерін автоматтандыру және саланы тиімді басқаруға арналған бірыңғай деректер базасын қалыптастыру.
Жүйе нақты уақыт режимінде балық аулау, тасымалдау және өткізу барысын қадағалауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, статистикалық мәліметтердің нақтылығын қамтамасыз етіп, бизнестің әкімшілік жүктемесін азайтады.
Балық шаруашылығы субъектілері енді уәкілетті органға есептілікті қашықтан тапсыра алады, сондай-ақ, электронды өндірістік журнал жүргізуге қол жеткізеді.
Қазіргі уақытта E-fish жүйесі «Е-лицензиялау», «АСТАНА-1», «E-Agriculture» секілді бірқатар мемлекеттік ақпараттық жүйелермен интеграцияланған.
Мамандардың айтуынша, бұл бастама балық шаруашылығын цифрлық трансформациялау жолындағы маңызды қадам.
Гүлнұр Серікжанқызы,
«Ortalyq Qazaqstan»