Балық аулауға тыйым салынады
Қазақстан аумағындағы суларда балықтардың көктемгі уылдырық шашу кезеңі басталды. Осыған орай Қарағанды мен Ұлытау облысының жергілікті маңызы бар су айдындарында балық ресурстары мен басқа да су жануарларының уылдырық шашуы мен көбеюі кезеңіне байланысты 20 сәуірден 20 мамырға дейін балық аулауға тыйым салынады.
Былтыр арнайы бақылаудағы аумақтарда 227 әкімшілік құқық бұзушылық тіркелген-тін. Оның ішінде, 20 қылмысқа сотпен шешім шығарды. Жалпы сомасы 3,8 млн. теңге айыппұл салынды. Сонымен қатар, браконьерлерден 53 аулау құралы, ұзындығы 600 метр 11 заңсыз синтетикалық моноталшықтан жасалған ау, 2 қайық тәркіленді.
Жануарлар әлеміне ірі зиян келтіре отырып, балық ресурстарын заңсыз аулау бойынша 3 қылмыстық құқық бұзушылық фактісі анықталды. Олардан – 1194 кг балық тәркіленді. Биыл алдын алу мақсатында полиция департаменті, облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы, «Охотзоопром» және табиғи ресурстар басқармасы бірлесіп іске көшті.
– Жер-жердегі өзендер арнасы тасып, былтырға қарағанда биыл балық саны өсуде. Бақылаудағы аумақтардан тыс шағын көлшіктер мен су қоймаларында аптасына бір рет рейдтік жұмыстар жүргізіледі. Жыл басынан бастап, инспекциясы арқылы 49 әкімшілік құқық бұзушылық тіркелді, оның ішінде, 13 өрескел бұзушылық сот органдарына жіберілді. 700 мың теңгеден астам айыппұл салынды, 600 мыңға жуық теңге айыппұл өндірілді. Бұл ретте уылдырық шашу кезеңі облыс аумағында «Таза су айдындары» табиғат қорғау акциясын өткізумен сәйкес келетінін атап өткен жөн.
Бұл акцияның мақсаты – балық шаруашылығы су айдындарын қараусыз қалған балық аулау торларынан тазарту және жағалау аумақтарын жинау, сондай-ақ, балық ресурстарын сақтауды қамтамасыз ету, балықтардың уылдырық шашуы үшін қолайлы жағдайлар жасау болып табылады, – деді Қарағанды шаруашылығының орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі жедел тобының жетекшісі Бекайдар Жақыпов.
Атап айтсақ, 15 сәуірден бастап 30 маусымға дейін Нұра-Сарысу бассейнінің аумағында, Қаныш Сәтбаев атындағы каналдың бүкіл ұзындығы бойынша балықтардың барлық түрін аулауға қатаң тыйым салынады. Әсіресе, көксерке балықтарын және 1 мамырдан 30 маусымға дейін сазан (тұқы) балықтарын аулауға болмайды. Шектеу шараларын бұзушылықтар анықталған жағдайда, ҚР әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 383-бабы бойынша әкімшілік айыппұл салатын әкімшілік жауапкершілік көзделеді.
Сонымен бірге, акция тек балықтарды қорғап қана қоймай, ел аумағындағы сулар мен жағалауларды түрлі қоқыстардан, тастанды торлар мен аулардан, жағалау аумақтарын тұрмыстық қоқыстардан, қатты қалдықтардан арылтуға бағытталған. Бұған қоса, Нұра-Сарысу облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы барлық азаматтарды жануарлар дүниесіне ұқыпты қарауға, Қазақстан Республикасының табиғат қорғау заңнамасын бұзушылықтар анықталған жағдайда белсенді азаматтық ұстаным көрсетуге, құқық қорғау органдарына, инспекцияға және басқа да уәкілетті мемлекеттік органдарға хабарлауға шақырады.
Жан АМАНТАЙ,
Ortalyq.kz