Спорт

Балуандар – бозкілемде

Қарағандыда ұшқыш, Кеңес Одағының батыры Нұркен Әбдіровті еске алуға арналған еркін және грек-рим күресінен 56-шы республикалық турнир басталды. Бозкілемдегі додаға еліміздің 15 облысынан және Қытай мен Қырғызстаннан, Ресейден, Белоруссиядан 600-ден астам балуан келді.

Суретті түсірген Александр МАРЧЕНКО

Жарыстың салтанатты ашылуына батырдың жиені Аукен Әбдіров, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Серік Сәпиев, облыстық мәслихат депутаты Ерден Халилин, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Нұрғазы Жарылғапов, спорт ардагері Амангелді Мұсабеков қатысты.

– Бұл турнирді еліміздің және көршілер мемлекеттердің балуандары асыға күтеді. Осында топ жару – қалыптасып келе жатқан әр балуанның арманы. Турнир даңқы аспандаған сайын батыр есімі де жаңғыра түседі. Батыр ерлігі ұрпақ жадынан өшпейді. Додада шын мықты жеңіске жетсін деп тілеймін! – деді облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Серік Сәпиев.

Нұркен Әбдіровтің ерлігі мен турнирдің тарихы және адам өміріндегі спорттың рөлі туралы Аукен Әбдіров пен Амангелді Мұсабеков құттықтау сөздерінде айшықтады. Батырды еске алу турнирі алғаш рет 1961 жылы кеншілер шаһарында өткен. Қарағанды облысындағы классикалық және еркін күрес мектебінің негізін қалаушы, Қазақ КСР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Шарип Харисов және Қазақ КСР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Феликс Премильский ұйымдастырған. Олимпиада ойындарының жүлдегерлері Ислам Байрамұқов пен Мәулен Мамыров осы біріншілікте чемпион болған. 2005 жылы турнирге алғаш рет әйелдер қатысты. Бірінші жарыстың жеңімпазы – Бейжіңдегі XXIX Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Елена Шалыгина еді.

Жарыстың бірінші күнінде кілемге грек-рим стиліндегі балуандар шықты. Грек-рим күресінен ересектер арасында Солтүстік Қазақстан облысының атынан келген Қазақстан чемпионы, спорт шебері Николай Хабко 72 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсетті.

– Күрес – маған шаттық сыйлайды. Жаттығулар да күнделікті өміріме әр береді. Маған бозкілем үстіндегі адреналин ұнайды. Чемпион болатыныма сенімдімін, – деді Николай Хабко.

Чемпионат 3 желтоқсаннан басталған. Енді 7 желтоқсанға дейін жалғасады.

– 5 желтоқсанда әйелдер күреседі. 6-7 желтоқсанда еркін күрес балуандары чемпиондыққа таласады. Спортшылар 10 салмақ дәрежесінде өнер көрсетеді, – деді чемпионаттың бас төрешісі Ксения Дробина.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлер медальдармен және грамоталармен марапатталады. Сонымен қатар, демеушілердің атынан 18 млн теңге жүлде қоры бар. Бірінші орын алғандарға 300 мың, екінші орын алғандарға 200 мың, үшінші орын алғандарға 100 мың теңгеден беріледі.

Ерік НАРЫН,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button