Шет

Балуандар белдесті

     Жуырда Шет ауданына қарасты Кеншоқы ауылында абзал азамат, ауыл спортын дамытуға үлкен үлес қосқан Тілек пен Ақжол БАЛМАҒАНБЕТОВТЕРДІҢ өмірден озғанына бір жыл тол­уына орай қазақ күресінен аудандық ашық біріншілік турнирі өтті. Келелі шараға ұйытқы болған – қос оғланның достары, жора-жолдастары және ауыл-аймағы.

Өмір сырғыған  сағаттардан, жылжыған жылдардан құралады емес пе? Мәңгі жасар ешкім жоқ. Жаратушы әр пендесіне өлшеулі ғұмыр о баста жазып қояды екен. Өмір бар жерде өлім бар. Бұл өткінші өмірдің қонағы екенімізді білсек те, ажалдың атқан оғына ілігер Тілек пен Ақжол емес еді. Тіпті де олардың жолы емес. Амал қанша? Өмірде әлі де алар асулары мен бағындырар биіктері  бартұғын. Бір  үйдің  ғана емес, дүйім елдің, барлық кеншоқылықтардың баласы болды емес пе? Тағдырдың жазуына не шара?! Дәл осы тамылжыған қоңыр күз күтпеген жерден бір-бір үйдің тірегі, халқының қалаулысы, «дос» дейтін ұғымды барлығынан жоғары қоятын, оқуда озат, үлкенді аға, кішіні іні  дейтін, жігітке жарасымды қасиеттің барлығы бір бойларынан табылатын боздақтарымыздан айырды.

Турнирдің ашылу салтанатында сөз алған ауыл әкімі Боранбай Жұматов балуандарға сәттілік тіледі. Сөйткен турнирге Шет ауданынан, Шопа ауылынан, Талды ауылынан балуандар келіп, боз кілемнің үстінде белдесті. Нәтижесінде, жастар арасында 1 орынды Дидар Нұқаш, 2 орынды Талғат Мырзатай, 3 орынды Нұрхан Есмағанбетов иеленсе, 40 жастан асқан балуандар арасында 1 орын – Жанат Сағындық, 2 орын – Қанат Әлібек, 3 орын – Асхат Аманбаев сынды азаматтарға бұйырды. «Түйе  балуаннан» 1 орын – Самат Амантайға, 2 орын Қанат Сағындыққа, 3 орын – Мұрат Абылайға табыс етілді.

Жеңімпаздар арнайы медальдармен, Алғыс хаттармен, ақшалай сыйлықтармен  марапатталды.

Турнирдің өтуіне ат салысып, көмек қол ұшын созған, ауылдағы спорттық ойындардың өтуіне  мұрындық болып, қолдау жасап жатқан, Ақсу-Аюлының балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Қанат Сағындыққа зор алғысымызды білдіреміз.

Г.ӘШКЕРБЕК,

Кеншоқы ауылы әкімдігінің бас маманы.

ШЕТ ауданы.

 

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button