Балтық жағалауынан – бес медаль
Молдова елінің астанасы Кишинев қаласында пара-армрестлингтен әлем чемпионаты өтті. Байрақты бәсекеде сәтті өнер көрсеткен Қарағанды облысының спортшылары түрлі санат бойынша бес медаль жеңіп алып, Арқа жұртының мерейін тасытты.
Ауқымды жарысқа 51 елдің үздік деген 1500 спортшысы қатысса, оның 500-ге жуығы – мүмкіндігі шектеулі жандар.
Кеншілер өлкесінің атынан төрт параатлет шығып, ұлттық құрама сапында ел намысын лайықты қорғады.
Никита Ермаковтың сол қолына қарсылас шақ келмей, бірінші орын алды және төрт дүркін әлем чемпионы атанды. Ал, бағы мен бабы қатар шапқан спортшы оң қолымен күміс медаль олжалады.
Сонымен қатар, қарағандылық Қайрат Өтебаев сол және оң қолымен қола жүлдені қанағат тұтты.
Ал, ептілік танытқан Антон Чуб оң қолымен үшінші орын биігінен көрінді.
Қанат Әбдуоқапов болса, төртінші сатыға тұрақтады.
– Әр санатта шамамен 8-12 адам аралығында болды. Жарыс өте тартысты өтті және жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Ұйымдастырушыларға мың алғыс, – деді қарағандылық спортшылардың жаттықтырушысы Руслан Түспеков.
Өз тілшімізден
Сурет облыс әкімдігінің сайтынан