«Balpan» орталығындағы бақытты балалық
Облыстағы мүмкіндігі шектеулі балалар мемлекеттік білім беру тапсырысының арқасында тегін психологиялық-педагогикалық қызметтер алуда.
Бүгінгі таңда облыста ерекше білім беру қажеттіліктері бар 18 029 бала тұрады. Олар үшін мектепке дейінгі, орта білім беру ұйымдарында және инклюзивті білім беру дамуда. Мектептерден 54 инклюзия қолдау кабинеті ашылды. Қарағандының «Balpan» түзету-дамыту орталығында мүмкіндігі шектеулі балаларды арнайы психологиялық-педагогикалық қолдауға арналған мемлекеттік білім беру тапсырыс сәтті іске асырылуда.
– Облыста 30 арнайы ұйым, 10 арнайы мектеп-интернат, 3 арнайы балабақша, 5 психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация орталығы бар. Сондай-ақ, 9 психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті, 2 оңалту орталығы және аутизмге шалдыққан балаларды қолдау орталығы жұмыс істейді.
Жыл соңына дейін Қарағандыда психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңесінің №36 мектеп базасында (Майқұдық) және Балқаш қаласында психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті ашылады.
2025 жылы Бұқар жырау ауданында да орталық ашылады деп күтілуде. Биыл психологиялық-педагогикалық қолдау бойынша мемлекеттік тапсырыс Қарағандының екі жеке ұйымында және екеуі Теміртауда жүзеге асырылды. Орталықтар мұқият, конкурстық негізде таңдалды. Балалар ол мекемелерге ПМПК шешімі бойынша жолданды, – деді білім басқармасының мектепке дейінгі тәрбие, жалпы орта және арнайы білім беру бөлімінің басшысы Гүлдана Нұрсұлтан.
Биыл мүмкіндігі шектеулі балаларды арнайы психологиялық-педагогикалық қолдауға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысы аясында 134 млн. теңгеге арнайы психологиялық-педагогикалық қолдаумен 300 баланы қамтыды. Мемлекеттік тапсырысты іске асыруға Қарағандыдан 2 және Теміртаудан 2 кәсіпкер қатысты.
Қазіргі таңда «Aqylsana» қоғамдық қоры «Balpan» түзету-дамыту орталығында 150 бала, «Ақбергенова» ЖК «ZELIN» психологиялық-педагогикалық түзету кабинетінде 50 бала білім алуда. Ал, Теміртаудағы балаларды дамыту орталықтарында 100-ге жуық бала білім алуда.
Мемлекеттік тапсырысты орындайтын ұйымдардың бірі «Balpan» түзету-дамыту орталығы болды. Мұнда дефектологтар, логопедтер, психологтар жұмыс істейді. Мамандар заманауи оқыту және түзету әдістерін қолданады, соның ішінде, Монтессори жүйесі, ABA және арт-терапия, ROS секілді барлық қажетті жабдықтар бар.
– Балалар әртүрлі жағдаймен келеді. Әрқайсысына жеке жоспар жасалды. Тоғыз ай жұмыс істегеннен кейін біз айтарлықтай жақсарғанын көрудеміз. Бұрын тек жеке дыбыстарды айта алатын балалар енді сөздерді айта бастады, ал, кейбіреулері толықтай сөйлемдерді құрастырады. Біз сондай-ақ өзіне-өзі қызмет көрсету дағдыларын және басқа да маңызды дағдыларды дамытуға көмектесеміз. Ата-ананың көмегінсіз даму болмайды. Егер олар біздің барлық бастамамызды қолдайтын болса, онда нәтижелер орасан зор, – дейді «Balpan» орталығының директоры Маржан Тұрлыбекова.
Барлық ұйымдарда арнайы жағдайлар жасалған. Қолжетімді орта, арнайы білім беру бағдарламаларын және оқыту мен тәрбиелеу әдістерін пайдалану, ұжымдық және жеке пайдаланудағы арнайы техникалық оқыту құралдары, білікті мамандар бар.
– «Balpan» түзету-дамыту орталығы 2022 жылдан жұмыс істей бастады. Туғаннан 18 жасқа дейінгі психофизикалық дамуы бұзылған балаларға кешенді психологиялық-педагогикалық көмек көрсетеді. Ашылған сәттен бері 2024 жылғы сәуірге дейін орталық тек ақылы негізде АВА-терапия, сенсорлық интеграция, АФК (бейімделетін дене шынықтыру), арт-терапия, дефектологтың көмегі, логопед және мектеп алдындағы дайындық жұмыстарын жүргізеді.
«Balpan» орталығы кемістігі мен түзету көмегін көрсету көлемі бойынша қалыптасқан 3 типологиялық топты ескере отырып, балаларды арнайы психологиялық-педагогикалық қолдауға мемлекеттік білім беру тапсырысын алды.
Көмек көрсетудің ұзақтығы жылына 90 күннен 270 күнге дейін. Бұл көмекті дефектологтар, логопедтер, психологтар, ЕДШ нұсқаушылары, мамандар жүзеге асырады.
2022 жылдан бастап, Орталық келісімшартқа қол қойып, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университетінің «Арнайы және инклюзивті білім беру» кафедрасының филиалы болды, – деп атап өтті орталықтың басшысы Маржан Тұрлыбекова.
Биыл қыркүйекте Орталық базасында тағы екі – Психология кафедрасы және мектепке дейінгі және психологиялық-педагогикалық дайындық кафедрасы филиалдарының салтанатты ашылуы өтті. Таяуда Орталық медициналық реабилитология, қалпына келтіру емі және емдік массаж сияқты қызметтерді көрсетуге медициналық лицензия алды.
– Бүгінде балалар орталыққа қуана-қуана барады. Ата-аналардың айтуынша, балалардың дамуында оң өзгерістер бар, – дейді Айғаным Өмірзаққызы.
Ата-аналардың айтуынша, ерекше бала тәрбиелеп отырған ата-аналар үшін мемлекеттің қолдауы маңызды және құнды. Айтарлықтай нәтижелер байқалады. Білікті логопед, дефектологтардың еңбегінің арқасында біріккен жұмыстар атқарылуда.
– Біз «Balpan»-ға екінші жыл қатарынан келіп жүрміз. Мен керемет нәтижелерді байқаймын. Егер бұрын олар далаға тыныш шыға алмаса, қазір бәрі өзгерді. Балалар сабырлы, оқуды оңай меңгереді, әлеуметтік дағдыларды қалыптастыра бастады. Биыл сабақтар біз үшін тегін болды, бұл қаржылық жағынан айтарлықтай көмектесті. Өйткені инклюзивті білім арзан емес, – дейді Марина Русанова.
Орталық мамандарының айтуынша, мемлекеттік тапсырысты іске асыру тәжірибесінің әлеуметтік тиімділігі де бар. Соның арқасында 27 отбасы балаларына түзету-тарату сабақтарын төлеу үшін ай сайын несие алуды тоқтатқан. Бос уақыт пайда болғандықтан 10-ға жуық ата-ана жұмысқа орналасқан.
Алдағы уақытта білім басқармасы мемлекеттік білім беру тапсырысын іске асыруды жалғастырады. Арнайы психологиялық-педагогикалық қолдау саласында қызмет көрсетумен айналысатын облыс кәсіпкерлерін конкурстық рәсімдерге қатысуға шақырады. Бағдарламаға кем дегенде 300 бала қосылады деп күтілуде. Сондай-ақ, жыл соңына дейін Қарағандыда ПМПК және Балқашта психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті ашылады.
Аяулым СОВЕТ,
Ortalyq.kz