Balkhash Tour Fest фестивалі республикалық мәдени-туристік іс-шаралар күнтізбесіне енді
2026 жылға арналған мәдени-туристік іс-шаралар күнтізбесіне Balkhash Tour Fest фестивалі енді. Бұл күнтізбені Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрлігі әзірлеп, оған еліміздің барлық аймақтарында өтетін 55 ірі шара енгізілді. Балқашта жаздың басында өтетін фестиваль спорт, өнер және гастрономияны біріктіріп, туристерді тартуға бағытталған. Биыл төртінші рет ұйымдастырылатын шарада жүзу жарыстары, парус регатасы, концерттік бағдарламалар мен лазерлік шоу күтіп тұр. Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Balkhash Tour Fest фестивалі жыл сайын жаздың басында Ақшағыл кентінің (Рембаза) ауданындағы Балқаш көлінің жағажайында өтеді. Ол спорттық, мәдени және гастрономиялық бағыттарды біріктіріп, Балқашқа деген туристік қызығушылықты арттыруға бағытталған. Өткен жылы фестивальға шамамен 50 мың адам келген.
2026 жылы фестиваль төртінші рет өтеді. Ұйымдастырушылар негізгі форматтарды сақтап, жаңа шараларды қосуды жоспарлап отыр. Қонақтарды жүзу жарыстары, парус регатасы, концерттік бағдарламалар, конкурс алаңдары мен лазерлік шоу күтіп тұр.
Туризм және спорт министрлігінің іс-шаралар күнтізбесінің мақсаты – ішкі туризмді дамыту, туристік маршруттарды кеңейту және өңірлерді насихаттау. Күнтізбеге мәдени, этномәдени, спорттық, гастрономиялық және экологиялық шаралар енгізілген. Туристердің ыңғайлылығы үшін интерактивті нұсқасы event.qaztourism.kz сайтында қолжетімді, онда іс-шараларды датасы, аймағы және тақырыбы бойынша таңдауға болады.
Материалды әзірлеген Аида РАХЫМҚҰЛОВА



