Балқаштық кикбоксшы чемпион атанды
Семей қаласында ересектер арасында кикбоксингтен ел біріншілігі жоғары деңгейде өтті. Айтулы дода бірден екі тарихи оқиғаға арналды: ұлы ақын, ойшыл Абай Құнанбаевтың 180 жылдығы мен елімізде кикбоксинг спортының дамуына 35 жыл толуы. Чемпионатқа еліміздің 20 өңірінен 200-ден астам спортшы қатысып, нағыз күш пен рух, шеберлік пен төзімділік сынға түсті. Спортшылар 12 салмақ дәрежесі бойынша өзара мықтыны анықтады. Балқаштық кикбоксшы, 48 келі салмақта өнер көрсеткен Гаухар Сайлаубек аталмыш турнирде қарсыластарына дес бермей, чемпион атанды.

Финалда кикбоксшы былтырғы ел чемпионы, Тараз қаласының спортшысымен кездесіп, 2:1 есебімен жеңіске жетті. Гаухардың айтуынша, Абай облысының өкілдерімен болған жекпе-жек те оңайға соқпаған.
– Бұл жарыс мен үшін өте маңызды болды. Жеңісімді туған жеріме арнаймын. Алда бізді үлкен бәсекелер күтіп тұр. Алда Ташкентте өтетін Әлем кубогына және Абу-Даби қаласында өтетін халықаралық турнирге жолдама алдық. Соған дайындықты бастаймыз, – дейді чемпион.
Гаухардың бапкері, кикбоксингтен аға жаттықтырушы Дулат Саметов шәкіртіне біраз демалыс беріп, алдағы жарыстарға тыңғылықты дайындық жүргізілетінін жеткізді.
Айта кетейік, Гаухар Сайлаубек – кикбоксингтен Қазақстан Республикасының спорт шебері. Қазақстанда бес дүркін ел чемпионы атанған, әлем ареналарында көк байрағымызды көкте желбіреткен спортшы. Ол кикбоксингтен аға жаттықтырушы Дулат Саметовтің жетекшілігімен жаттығады. Соңғы жылдары ол көптеген ірі жарыстарда топ жарып, еліміздің болашағынан үміт күттіретін спортшыларының қатарына енді.
Нұрдос КӘРІМ,
«Ortalyq Qazaqstan»
БАЛҚАШ