Білім

Балдәурен шағымның куәсі

«Ғалым да, кенші де бас иетін, Ұстазым бар сенің қасиетің…». Осы бір әнді естіген сайын өн бойына бірнеше қасиетті сіңіре білген аяулы ұстаздарым көз алдымда тұрады.

Иә, адам баласының тәй-тәй басып кіріп, таудай болып шығатын мектебі – жүрегінің түбінен мәңгілік орын алатын алтын ұясы, өмір бойы әлдилеп өтетін іңкәр сезімі, балдәурен балалық шағы. Өткен өміріне бір бұрылып қараған кезінде тай-құлындай тебісіп, асыр салып өскен құрбы-құрдастарымен бірге өзінің он жыл бойы білім нәрімен сусындаған, тәлім-тәрбие алған мектебі көз алдына елестейді.

Мен Ақтоғай ауданындағы Ақши ор­та мектебінде білім алдым. 1 қыркүйек күні мектеп ауласында өтетін алғашқы қоңырау рәсімінің салтанатты көрініс­тері, сол күнгі мерекелік көңіл-күй, мектеп директорының жаңа оқу жылының басталғанын хабарлағаны әлі есімде. Ұстаздар қауымының оқушыларды құттықтаған көтеріңкі дауысы, сыныптастар бейнелері 35 жыл өтсе де, ұмытылған жоқ.

Сынып жетекшіміз Алтын Алпысбаева сыныпта басымыз қосылып болған соң әрқайсымыздың көзімізге байыппен қарап, жан толқынысымызды тап басуға тырысатын. Сынып жетекшімізге сөз келмесін, өзі ренжімесін деп барынша тәртіпті болғымыз келетін.

Тарих пәнінің мұғалімі Төкен Қабылов ағай арғы-бергі тарихи оқиғаларды майын тамызып, түсінікті де жатық тілмен баяндағаны сонша, ғасырлар қойнауында жүретінбіз. 45 минуттың қалай зыр етіп өтіп кеткенін де байқамай қалатынбыз.

Ал, адамның мінез-құлқын, болмы­сын, өмірге деген көзқарасы мен ой-өрі­сін қалыптастыруға әсер ететін әдебиет сабағының орны бөлек әрине. Әдебиет сабағынан дәріс берген мұғаліміміз Сәбира Құлпейісова ата-бабаларымыздан қалған даналық сөздер, мақал-мәтелдерден басқа, тарихи жырлар, махаббат дастандарын жаттатып, ерлік, мәрттік, қайырымдылық, жомарттық сынды адамгершілік рухына тұнып тұрған хал­қымыздың өткен өміріне ерекше құрметпен қарауға үйретті.

Жалпы, мектепте өткізілетін әр пән­­нің өзіне тән ерекшелігі бар. Қызық­тылығымен әр адамның бойына терең із қалдыратыны кәміл.

Гүлжанат ЖОЛДЫБЕКОВА,
Ж.Ақбаев атындағы жалпы білім беретін мектептің
кітапхана меңгерушісі

Басқа материалдар

Back to top button