Балауса қалам
Көктем шуағы
Мұғалімдер жыл сайын көктем мезгілі келіп жеткенде шығарма жазуға тапсырма береді. Біз көктемнің басқа жыл мезгілдеріне қарағанда, ерекше екенін жазамыз. Әр оқушы әртүрлі тақырыптар арнап, өлең жазады. Өзім де жыл мезгілдерінің ішінде көктемді ұнатамын. Көктем келгенде тылсым табиғат түрленіп, жер-ана жайқалып, айнала жасыл баққа оранады. Дала маңы у-шуға толып, бар тіршілік оянады. Күн жылынып, адамдар жеңіл киіне бастайды. Егіншілер егін егіп, балықшылар балық аулап еңбектенеді. Жылы жақтан құстар ұшып келіп, далада қозы-лақтардың жамыраған дыбыстары естіледі. Көктем келгенде біз – жаз шырайының байқалғанын сеземіз. Мерекелерді тойлап, демалысқа шығамыз. Осы күн жылыған уақытта біз мектепті, өз ауламызды тазалаймыз. Мектеп, үй маңына ағаштар отырғызып, әдемі гүлдер егеміз. Бәріміз осы бастан мектебімізді, ауламызды көгертуге атсалыссақ, көктемнің бізге айтар алғысы шексіз болар еді деп ойлаймын. Сондықтан, көктем айын жақсы көремін.
Нұргүл ҚАЙЫРБЕК,
Қызыларай жалпы орта білім беретін мектебінің
5 сынып оқушысы.
АҚТОҒАЙ ауданы.
Туған тілім
Қара сөздің қашырып қасиетін,
Бабалардың ұмытып өсиетін.
Төл тілімді тұмшалап тұралатты,
Туған тілге адам аз бас иетін.
Туған тілім айғақтар тірлігімді,
Берік ұстап, бекіткен бірлігімді.
Атойлатып қашырса жаудың құтын,
Айқара ашқан төбемнен түндігімді.
Фариза ЖҰМАҒҰЛ,
О.Әлібаев атындағы орта
мектептің 6 сынып оқушысы.
ЖАҢААРҚА ауданы.
Ұят-ай
Сәния мұғалімнің тапсырмасын қате орындады. Бірақ, беті бүлк етпеді. Керісінше, өзінің жазғанын дұрыс деп ойлады. Ұстаздың ескертуін пысқырмады.
Сабақтың соңында ғана қателігін түсінді. Амалсыздан көзін төмен салды. Ұялғаны соншалық, бетінен оты шықты. Достарының алдында жерге кіргендей болды.
Негізі, ұстазымызбен дауласқаны дұрыс болмады.
Ұят-ай…
Еркежан САҒЫНТАЙ,
№77 мектеп-балабақша кешенінің
3 «ә» сынып оқушысы.
ҚАРАҒАНДЫ қаласы.
Ұстазым – ұлағатым
Біздер үшін нағыз лағыл асылдай,
Жүрек сырын ақтаратын жасырмай.
Шәкірт десе жаны бөлек жайдары,
Алып тұлға біздің ұстаз осындай.
Бойда білім жалындайды
басылмай,
Талаптандық, талпындық
көп тосылмай.
Мұның бәрі ұстазымның арқасы,
Мақтан етер Ардақ ұстаз осындай.
Аңсар ҚАСҚАТАЙ,
Көкпекті жалпы білім беретін орта мектебінің
3 «а» сынып оқушысы.
БҰҚАР жырау ауданы.
Тәуелсіздікке тілек
Елім аман болсыншы!
Жерім аман болсыншы!
Маңдайына халқымның
Бақыт құсы қонсыншы!
Биіктерде желбіреп,
Көк туымыз тұрсыншы!
Соғыс болмай ешқашан,
Бейбіт өмір болсыншы!
Қамбасына елімнің,
Алтын астық толсыншы!
Дәстүріміз,салтымыз
Тірегіміз болсыншы!
Азаттығы елімнің
Жүрегіміз болсыншы!
Тәуелсіздік күніне
Мыңдаған жыл толсыншы!
Елдар ҮСЕНОВ,
№61 жалпы білім беретін орта мектептің 3 «ә» сынып оқушысы.
ҚАРАҒАНДЫ қаласы.
Балқашыма –
80 жыл
Әлдиіне тербеген көкше көлдің,
Сезіміне бөленген қалың елдің.
Балқашым – туған жерім қасиетті,
Мерейлі 80 жасқа міне, келдің.
Атағың шығып жатыр бүгін де елде,
Мысың шарлап әне жүр біраз жерде.
Жағаңа кеп демалуда сансыз адам,
Жан-жақты салаң өсіп күннен-күнге.
Туған өлкем өсе бер, биікке өрле,
Асуларға самғай түс, қанат кер де.
Мақтанышпен айтатын барлық ұрпақ.
Даңқың шығып тұрсыншы мәңгі төрге.
Гүлдариға КӘРІБАЕВА,
С. Сейфуллин атындағы №7 мектеп-
гимназиясының 5 «в» сынып
оқушысы.
БАЛҚАШ қаласы.
Отан –
менің тірегім
«Менің Отаным – Қазақстан» деп шын жүректен шыққан осы сөзді мақтанышпен айтамын. Ата-бабамыздың ерлігінің арқасында Тәуелсіздікке жеткен елімді мақтан етемін.
Мен 2008 жылы дүниеге келдім. Сабақты үздік оқимын. Осындай жалауы көкте желбіреген, бейбіт елде туып, өсіп жатқаныма қуанамын. Еліміздің тәуелсіздігі берік болсын десек, ең алдымен ана тілін, салт-дәстүрді дамытуға күш салғанымыз жөн. Егемендік үшін қан төккен аға-апаларымыздың ерлігін ұмытпай, мәңгі есте сақтаймыз.
Отан-менің тірегім,
Отан деп соғар жүрегім.
Отанды қорғау әрқашан,
Міндетім деп білемін, – деген өлең арнаймын.
Ерасыл ЕЛЕУБАЙ,
А.Асылбеков атындағы жалпы орта білім
беретін мектептің 3 сынып оқушысы.
НҰРА ауданы.
Достық
Ажырамас достармен,
Мектепке бірге барамыз.
Ынтымақ, бірлік ұстанып,
Асу, қамал аламыз.
Бестік алып күн сайын,
Сабақты да оқимыз.
Ұстаз берген білімді,
Көңілге зерек тоқимыз.
Жанерке АЛЬХАМОВА,
Жарық жалпы білім беретін орта мектебінің 4 «А» сынып оқушысы.
ШЕТ ауданы.
Сөзжұмбақ
1. Зымыран ұшатын жер?
2. Мұнай өндіретін қала?
3. Мыс, жез өндіретін жер?
4. Қазақстандағы ең ыстық жақ?
5. Көмір өндіретін шахта қай қалада орналасқан?
6. Жүн өңдейтін фабрика қайда орналасқан?
7. Қазақстанның астанасы?
8. Менің туып-өскен жерім?
9. Қарқаралы тауының басындағы көл?
Гүлназ ДҮЙСЕНБЕКОВА,
М.Бәпиұлы
атындағы
№44 мектептің
4 сынып
оқушысы.
ҚАРҚАРАЛЫ ауданы.