Спорт

Балапан Әбеновті еске алуға арналған турнир мәресіне жетті

2018 жылдан бері Қарағандыда Балапан Әбеновті еске алуға арналған шағын футболдан облыстық ашық біріншілік өткізіліп келеді. Бұл турнир жыл  сайын футболсүйер жас буынды бір алаңға жинауды дәстүрге айналдырған. Ал, биылғы дода бұрынғыдан да ауқымды өтті. Алғаш рет турнир республикалық деңгейге шығып, 2012-2013 жылы туған жасөспірімдер арасында ұйымдастырылды. Елдің түпкір-түпкірінен келген 24 команда өзара бақ сынап, үздіктерді анықтады. Турнирдің марапаттау сәтіне Парламент Мәжілісінің депутаты Құдайберген Бексұлтанов пен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Рымбала Омарбекова арнайы қатысып, жас спортшыларға сәттілік тіледі. Сонымен қатар, шараға бірқатар құрметті қонақтар да қатысып, ұйымдастырушылар мен қатысушыларға жылы лебізін білдірді.

Суретті түсірген автор

– Бұл турнир бұған дейін облыстық деңгейде ұйы мдастырылып еді. Биыл республика деңгейіне көтерілді. Осы  турнирдің отын өшірмей, дәстүрге айналдырған барша жанашырға алғысымды білдіремін. Бұл турнир кімге арналып отыр? Мәселе сонда. Себебі, мұндай ауқымды бәсеке баз біреулерге арналып өткізіле бермейді. Ал, елі үшін туған Балапан Зипатоллаұлы секілді азаматтың есімін ел жадында сақтау мақсатында өткізуі – заңдылық деп білемін. Менен «Кімнен үлгі алу керек?» деп сұраса, осы азаматтың есімін ойланбай айтар едім, – деді Рымбала Кенжебалақызы.

Сонымен қатар, Құдайберген Бексұлтанов та жылы лебізін білдіріп, жарысқа қатысушыларға алғысын жеткізді.

– Жастардың спортқа, оның ішінде футболға әуестігін көріп, қуанып тұрмыз. Жыл сайын қатысушылардың саны артып келеді. Сіздердің араларыңызда келешекте ел намысын қорғайтын жастар бар. Ұлттық құрама сапында өнер көрсетіп, көк Туымызды үлкен ареналарда желбіретесіздер. Біз оған сенеміз, – деді депутат.

Биылғы жарысқа қатысқан командалар турнир ережесіне сәйкес екі себетке бөлінді. Әр себет өз ішінде төрт командадан топтастырылыпты. Осылайша, әр ұжым топтық кезеңде үш ойын өткізіп, мүмкіндігінше көп ұпай жинауы қажет. Нәтижесінде, топтық сын қорытындысы бойынша жоғары ұпай еншілеген екі команда келесі кезең, яғни, 1/16 финалға жолдама алды. 

Бұдан кейін жарыстың қызған тұсы басталды. Жеңген команда келесі кезеңге өтті, ал, жеңілгендері жарыс жолынан шығып қала берді. Екі күнге созылған тартысты додада «Жас қыран» командасы бес қарсыласпен ойнаған. Топтық кезеңнің соңғы ойынында олар «Жаңаарқа-2012» командасымен кездесіп, 0:3 есебімен жеңіліп қалады. Алайда, бұл сәтсіздік жігіттердің рухын түсірмеді. ІІІ орын үшін өткен кездесуде олар қарағандылық «Жастар 3» командасымен ойнап, 3:0 есебімен жеңіске жетті.
Елордалық «Спарта» командасы ақтық кезеңге дейін жеті қарсыласпен кездесіп, жеті ойында бар болғаны бір ғана гол жіберіпті. Ал, мұндай нәтижеге жетуде команда қақпашы Дінмұхаммед Қорғанбектің еңбегі зор.

– Ақтық кезең біз үшін оңай болған жоқ. Бұл сында біз «Жаңаарқа-2012» командасымен кездестік. Алғашқы минуттардан-ақ бізге шабуылды үдетті. Біршама уақыт қорғанысты ұстай алмай, не шабуылға шыға алмай қалдық. Сол сәтте қарсыластар қақпамыздан саңылау тауып, есеп ашты. Алайда, бапкеріміз үзіліс алып, әрқайсымызға жеке тапсырма берді. Сол кезден бастап ойынды өз қолымызға ала бастадық. Ең бастысы – дұрыс тактиканы таңдап, қарсыластың әлсіз тұсын дәл анықтай білдік. Шабуылға жиі шығып, қысымды күшейтудің арқасында есепті теңестірдік, артынан жеңіс голын соқтық. Нәтижесінде, 2:1 есебімен жеңіске жетіп, көптен күткен кубокты төбемізге көтердік, – деді қақпашы.

Турнир қорытындысы бойынша елордалықтар І орын иеленді. ІІ орынды «Жаңаарқа-2012» командасы еншілесе, қарағандылық «Жас қыран» клубы үздік үштікті түйіндеді. Сонымен қатар, «Үздік қақпашы», «Үздік шабуылшы», «Үздік қорғаушы», «Үздік ойншы» және «Көрермендер көзайымы» сынды аталымдарда үздіктерді анықтап, ұйымдастырушылар тарапынан ақшалай сыйылқтар табысталды.

Ербол ЕРБОЛАТ
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button