Бас тақырыпМәселе

«Баланы – жастан» логопед қат маманға айналған кезең

Соңғы жылдары логопед – шам алып іздейтін маман. Өйткені, былдырлаған бала көп. Туа бітті ме, әлде жүре тапқаны ма, әйтеуір бауыр етінің тіл мүкістігін түзеттіру үшін логопедтің табалдырығын тоздырғандар одан да көп. Кәдімгі кезек. Әр сағаты жазулы. Әр минуты есептеулі. Соған қарап-ақ, бала арасында мүкістіктің етек алғанын анық көруге болады. Шындап келгенде, бұл – медициналық һәм әлеуметтік проблема. Мына қарқыны жаман. Екінің бірі, егіздің сыңары логопед пен дефектологқа мұқтаж осы күні. Бұған не түрткі? Жария етілген зерттеулер оны бірнеше себеппен байланыстырады. Соның ең негізгісі – ата-ананың баламен сөйлеспейтіндігі. Баланың қажетін гаджет ашатындығы. Ұсақ моториканың, яғни, саусақ, қол бұлшық еттерінің дер кезінде дамымауы… тағысын-тағылар. Бірақ, бүгінгі жаудың үлкені – гаджет деседі…

Әлем зерттеуі не дейді?

Әлбетте, әр бала әр түрлі. Бірегей, қайталанбайтын жеке адам. Баланың тілін күрмейтін себептер қатары мол. Алайда, оның негізгісі – тап қазіргі уақытта «жөн-жосықсыз қолданылған гаджет» депті зерттеулер. Ғалымдар бұған кейінгі жылдары ден қоя бастады. Ашық ресурстағы деректер тек соңғы жылдары ғана осынау ақылды технологияның пайдасы мен залалын таразыға тарта бастады. Мәселен, жария деректер 2018 жылы АҚШ Үкіметінің жасөспірімдерді интеллектуалдық қабілетін зерттеуін аяқтаған. Онда 9-11 жас аралығындағы 11 мың бала қатысыпты. Сол арқылы Денсаулықтың ұлттық институты балалардың миына, көңіл күйіне, психикалық дамуына смартфонның қалай әсер ететінін талдаған. Бұл зерттеу 10 жылға созылыпты. Нәтижесі – қуантарлық емес көрінеді. Күніне 7 сағаттан астам уақыт гаджетте отырған балалардың ми қыртысының мезгілінен бұрын тозғанын анықтаған екен. Адамның бес сезім мүшесінен келіп түсетін ақпаратты қорытатын ми бөлігі де өзгеріске түскені томография арқылы мәлім болыпты. Мұндай өзгеріс әдетте адам шау тартқанда болады екен. Балалардың мұндай ақауларын Канаданың психологтары да растаған. Сонымен қатар, көрші ел Ресей де алаң. Бұл елдің ғалымдары бүгінде 6-7 жастағы баланың 60 пайызында сөйлеу тілі қалыптаспағанын айтып дабыл қаққан. Балалардың сөздік қорының жоқтығын, қарапайым әңгіме құрап айта алмайтындығын Физиология институтының басшысы Маряна Безруких атаған. Оның мәлімдеуінше, бұған ата-ананың баламен сөйлеспеуі, я дер кезінде сөйлеуіне мән бермеуі – себеп. Енді мынаны қараңыз. Билл Гейтс балаларына жасөспірім болғанша ұялы телефон ұстауға тыйым салған. Стив Джобс мектепке барғанша балаларына «айпад» бермеген.

Мәселе неде?

Бұл проблема – бүгін пайда болған жоқ. Он жыл бұрын қозғалған мәселе. Содан бері шешімін тапқанның орнына шиеленісіп бара жатқан сияқты. Дыбыстарды дұрыс айта алмайтын балалардың саны артпаса, кеміген жоқ.

Бақытгүл Косикова, балабақша тәрбиешісі, педагог-психолог:

– Балалардың дыбыстарды дұрыс айта алмауы жиі кездеседі. Оны жасыруға болмайды. Қайта дер кезінде тиісті мамандарға көрсетіп, жіберілген олқылықтардың орнын толтыруға тырысу керек. Дұрыс сөйлей алмаған соң бала ұялшақ, жасқаншақ, тұйық болып кетеді. Түрлі дәрежедегі тіл кемістігі балалардың психикалық, физикалық, ақыл-ойының дамуына кері әсерін тигізеді. Баланың дыбыстарды шатастырып, айта алмауы – біздің де басымыздан өткен. Мектепке барар тұста невропотолог баланың «Р» дыбысына тілі келмейтінін ескертіп, логопедке жіберді. Жұрттан сұрастыра жүріп, бағымызға қарай, Жұлдыз Қадырқызы есімді білікті маман жолықты. Жұлдыз Қадырқызы бала тілінің бұлшық еттерінің дұрыс қозғалмайтындығын атады. Сол бұлшық еттердің белсенділігі үшін тілге түрлі жаттығулар жасатты. Сонымен қатар, «с», «ш», «ж», «з» және осындай үнді, қатаң дауыстардың орны ауысып кететінін де аңғарды. Екі айға жуық жаттығу барысында баланың тілі икемге келді. Әр дыбыс орнын тапты. – Баланың саусақ және тіл бұлшық еттерінің жетілмеуі салдарынан осындай қиындықтар туындайды. Уақытылы маманға жүгінсе, ол қалпына келеді, – деген еді. Сонымен қатар, бала 5 жасқа келгенде дыбыстарды толық айтпаса, онда дереу маманға жүгіну қажеттігін де қатаң ескертіп еді. Ал, ашық ресурстағы мәліметтер дені сау, жақсы дамып келе жатқан баланың бір жасында 6-10, екі жасында 250-300, үш жаста – 1500, төрт жаста – 4000, 5-6 жаста 4-5 мыңдай сөз қоры жиналатынын айтады. Интернеттегі тағы бір дерек. Баланың топырақта ойнамауы да сөйлеуге әсер етеді деседі. Ғалымдар тілдің дамуына бала қолының ұсақ моторикалары, яғни, қол бұлшық еттері мен саусақтарындағы нүктелер әсер етеді деп дәлелдеген. Баланың қолына сүйек ұстатып, мұжытып қою да тілдің дұрыс дамуына оң әсерін тигізсе керек. Ол алақанның бұлшық еттерін ширатса, бала артикуляциялық жаттығулар жасайтын көрінеді. Ал, таңертеңнен кешке дейін гаджетке телмірген баланың саусағы мен тілі қайдан жаттығу жасасын?!

Түйін

«Баланы – жастан» дегенді қазақ неге айтты дейсіз?! Сіз бен біз кейінгі кезде бұл даналықты естен шығарып алдық. Оның бір көрінісі – баланың тіл мүкістігі… Кеш қалмай тұрғанда ойланған абзал-ды.  

Қызғалдақ АЙТЖАН. 

Басқа материалдар

Back to top button